Мектеп… Осы бір сөзді естіген сайын көз алдыма балалық шағымның ең бақытты күндері келеді. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтім, қолыма гүл ұстап, үлкен үмітпен сыныпқа кіргенім әлі күнге дейін жадымда. Сол күннен бастап мектеп мен үшін тек білім ордасы ғана емес, екінші үйіме айналды.
Осы қасиетті шаңырақта мен әріп таныдым, өмірдің алғашқы сабақтарын үйрендім, адал достар таптым. Кейде сабаққа дайындалмай келіп, мұғалімдердің ескертуін естідік, кейде жақсы бағаларымызға қуанып, жетістіктерімізбен мақтандық. Сыныптастармен бірге күлген сәттер, мерекелік кештер, жарыстар мен қызықты оқиғалар жүрегімізде мәңгі сақталары анық.
Мектеп қабырғасында бізге тек білім ғана берілген жоқ. Ұстаздарымыз адамгершілікті, адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенді құрметтеуді үйретті. Әрбір мұғалімнің ақыл-кеңесі мен жылы сөзі болашақ өмірімізге бағыт-бағдар болды. Біз кейде олардың еңбегін толық түсіне бермесек те, уақыт өте келе олардың әрбір айтқан сөзінің қаншалықты маңызды екенін ұғына бастаймыз.
Бүгін міне, мектеппен қоштасар сәт те келіп жетті. Қуаныш пен қимастық сезімі қатар билейді. Бір жағынан жаңа өмірге қадам басуға асықсақ, екінші жағынан балалық шағымыз өткен алтын ұямыздан алыстау оңай емес. Осы дәліздерде біздің күлкіміз қалды, осы сыныптарда арманымыз қанат қақты, осы аулада достығымыз нығайды.
Қымбатты мектебім! Саған деген алғысым шексіз. Сен маған білім бердің, өмір жолымды таңдауыма көмектестің, тұлға болып қалыптасуыма ықпал еттің. Мен қайда жүрсем де, сенің қабырғаларыңда өткен жарқын күндерді ұмытпаймын.
Қош бол, аяулы мектебім! Қош бол, балалық шағымның алтын бесігі! Сенің есігіңнен түлеп ұшқан әрбір шәкірт өмірден өз орнын тауып, сенің атыңды мақтанышпен асқақтата беретініне сенемін.
АМАНДОСОВА Балбөпе Мейрамбекқызы,
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті, «№266 мектеп-лицейінің»
11 – сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
