📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Қанатова Рабия
Қазіргі қоғамда жастардың мүмкіндігі көп. Білім алуға, ойын еркін жеткізуге, өз қабілетін көрсетуге жағдай жасалған. Алайда бір қызығы, мүмкіндіктер көбейген сайын өз ойын ашық айтуға жүрексінетін жастар да аз емес. Неліктен?
Бүгінгі ұрпақтың үнсіздігі әрдайым ойсыздықтан туындамайды. Кейде ол – түсінілмеуден қорқу, кейде – сынға қалудан сақтану, ал кейде өз пікірінің ешкімге қажет емес екенін сезіну.
Біз өзгелердің пікіріне тым тәуелді болып бара жатқан жоқпыз ба? Біреудің көзқарасына қарсы пікір білдірсек, бірден түсініспеушілік туындайтындай көрінеді. Әлеуметтік желіде әркім өз ойын жариялағанымен, шынайы өмірде сол ойын ашық айтуға келгенде көпшілік тосылып қалады. Өйткені қоғамда өзгеше ойлайтын адамды қабылдау әлі де оңай емес.
Әсіресе жастар арасында «ел не дейді?» деген түсінік әлі де күшін жойған жоқ. Біреу арманы туралы айтуға ұялады, енді бірі таңдаған жолын қорғауға батылы жетпейді. Сөйтіп, өз қалауын емес, айналасындағылар күткен өмірді сүруге бейімделеді.
Алайда үнсіздік мәселесін тек жастардың өзінен іздеу дұрыс емес. Оларды тыңдайтын орта, пікірін құрметтейтін қоғам қалыптасуы керек. Себебі әрбір айтылған ой – өзгеріске бастайтын алғашқы қадам. Ал тыңдалмаған пікір уақыт өте келе айтылмайтын ойға айналады.
Меніңше, бүгінгі ұрпаққа мінсіз болу міндет емес, өз ойын еркін жеткізе алатын батылдық қажет. Өйткені қоғам тек сөйлейтін адамдардан емес, бір-бірін тыңдай білетін адамдардан құралады.
Бәлкім, бүгінгі ұрпақ үнсіз емес шығар. Тек олардың даусын естуге қоғамның өзі дайын емес шығар?
ҚАНАТОВА Рабия,
«С.Ешбаев» атындағы орта
мектебінің 11-сынып оқушысы
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
