«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Іле-Балқаш резерватындағы екінші жолбарыс – Амур

Табиғат – адамзаттың ортақ байлығы. Ондағы әрбір тіршілік иесінің өзіндік орны бар. Алайда адамның табиғатқа тигізген кері әсерінен көптеген жануарлар жойылып, кейбір түрлер сирек кездесетін жануарлардың қатарына қосылды. Осындай жануарлардың бірі – жолбарыс. Бүгінде Қазақстанда осы жыртқышты тарихи мекеніне қайтару бағытында маңызды жұмыстар атқарылып жатыр.

2026 жылдың 31 қазанында Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол – Қазақстан аумағында табиғи ортаға қайта жіберілген екінші жолбарыс. Алғашқысы – 31 шілдеде еркіндікке жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс. Осылайша, араға үш ай уақыт салып, Үмітке Амур қосылды. Бұл оқиға еліміздің табиғатты қорғау саласындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Амур табиғатқа жіберілмес бұрын арнайы бейімдеу қоршауында бірнеше уақыт мамандардың бақылауында болған. Осы кезеңде оның денсаулығы, аңшылық қабілеті, өздігінен қорек табуы және адамға қатысты мінез-құлқы тексерілді. Қажетті сынақтардан өткен соң мамандар оның табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Сонымен қатар жолбарыстың қозғалысын бақылау үшін оған спутниктік қарғыбау тағылды. Бұл құрылғы арқылы мамандар оның жаңа мекенге бейімделуін зерттей алады.

Жолбарыстардың Қазақстанға қайта оралуы – жай ғана екі жануарды табиғатқа жіберу емес. Бұл – бір кездері жоғалған табиғи байлықты қайта қалпына келтіруге бағытталған үлкен жобаның нәтижесі. Өткен ғасырда Іле өзенінің аңғары мен Оңтүстік Балқаш өңірінде Тұран жолбарыстары мекендеген. Бірақ браконьерлік, тоғайлы ормандардың азаюы және қоректік жануарлар санының кемуі салдарынан жолбарыстар Қазақстан аумағынан жойылып кеткен. Содан бері еліміздің табиғатында бұл жыртқыш 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген еді.

Жолбарыстарды қайта жерсіндіру үшін ең алдымен олардың тіршілік ету ортасын қалпына келтіру қажет болды. Осы мақсатта 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Мұнда жабайы жануарлардың санын көбейту, тоғайлы ормандарды сақтау және табиғи экожүйені қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жолбарыстың негізгі қорегі саналатын жабайы жануарлардың жеткілікті болуы да маңызды. Сондықтан резерват аумағына Бұқар бұғылары мен құландар қоныстандырылуда. Мәселен, 2026 жылдың қыркүйегінде «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінен Іле-Балқаш резерватына 30 құлан көшірілді. Мұның барлығы жолбарыстардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазіргі таңда Үміт пен Амурдың жаңа мекенге бейімделуі мамандардың назарында. Олардың қозғалысы бақыланып, тіршілік ету ерекшеліктері зерттелуде. Ал Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге арнайы күтімде өсіп жатыр. Болашақта олар да қажетті жасқа жетіп, табиғи ортада өмір сүруге дайын болған жағдайда еркіндікке жіберілуі мүмкін.

Менің ойымша, жолбарыстардың туған мекеніне қайта оралуы – табиғатқа жасалған үлкен жақсылықтың белгісі. Себебі табиғатты қалпына келтіру бір күнде жүзеге асатын жұмыс емес. Ол үшін ұзақ уақыт, жауапкершілік және үздіксіз еңбек қажет. Әсіресе сирек кездесетін жануарларды қорғау арқылы біз келешек ұрпақтың табиғи мұрасын сақтаймыз.

Қорыта айтқанда, Үміттен кейін Амурдың да табиғатқа жіберілуі Қазақстан үшін маңызды әрі қуанышты жаңалық болды. Бұл бастама Іле-Балқаш өңірінің табиғи байлығын қайта жандандыруға мүмкіндік береді. Жолбарыстардың еркін далада тіршілік етуі – табиғаттың қайта түлеп, өзінің бұрынғы қалпына келе бастағанының бір көрінісі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен жануарларға қамқорлық жасау әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз болуы тиіс.

БАҚЫТБЕК  Гүлжан  Жандосқызы

Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарой ауылы

МДШО «Үлгілі орта мектебі» МКМ.

Республикалық «Farabi shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының Жас тілшісі

Сәйкес жаңалықтар

Гүлдер туралы сіз білмейтін мәлімет

Қазіргі қоғам қатігез бе?

Бір әулет – бір таңдау