📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Қазіргі қоғамда біреудің жетістігіне шын жүректен қуана білу оңай емес сияқты. Кейде адамның жасаған еңбегін бағалаудың орнына, оның жетістігін сөз қылып, түрлі пікір айтатын адамдар кездеседі. Біреу жарыстан орын алса, біреу жоғары оқу орнына түссе немесе өз ортасында ерекшеленсе, міндетті түрде оның жетістігін түсіндіруге тырысатындар табылады. Бірі «жолы болды» десе, енді бірі «оның несі артық?» деп жатады. Осындай кезде бір сұрақ туындайды: біз неге өзгенің қуанышына қуана алмаймыз?Шынын айтқанда, қызғаныш тек үлкен жетістіктерге байланысты пайда болмайды. Кейде ол күнделікті өмірдің өзінде байқалады. Мысалы, сыныпта бір оқушы жақсы баға алса, оның еңбегін мойындаудың орнына, «мұғалім жақсы көреді» деген сөздер айтылуы мүмкін. Біреу қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысса, оны қолдаудың орнына, «өзін көрсеткісі келеді» деп қабылдайтындар да бар. Ал шын мәнінде, сол адамның артында қаншама еңбек пен талпыныс тұрғанын ешкім ескере бермейді.
Менің байқағаным, кейбір адамдар өзгенің жетістігін көргенде өз мүмкіндіктерін ойлаудың орнына, сол адамнан мін іздей бастайды. Оның неге жеткенін емес, қалайша жеткенін күмәнмен қабылдайды. Тіпті кейде адамның бұрынғы кемшіліктерін еске түсіріп, қазіргі жетістігін мойындағысы келмейді. Бұл жағдай адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына да әсер етеді. Өйткені қолдау күткен адам кейде айналасынан керісінше пікір естиді.
Бірақ біреудің жетістігі екінші адамның мүмкіндігін азайтпайды. Бір оқушының жеңісі қалған оқушылардың жеңілгенін білдірмейді. Бір адамның грантқа түсуі басқа адамның арманына кедергі болмайды. Әркімнің өз уақыты, өз жолы бар. Біреу бүгін жетістікке жетсе, екіншісі оған ертең жетуі мүмкін. Сондықтан адамдарды бір-бірімен салыстыра беру де дұрыс емес.Тағы бір ойланатын мәселе – әлеуметтік желідегі қызғаныш. Қазір адамдар өз өміріндегі қуанышты сәттерін, жетістіктерін әлеуметтік желіге жиі жариялайды. Бірақ сол жазбалардың астында қолдаудан гөрі сын айтатын пікірлер де кездеседі. Кейбіреулер өзгенің өмірін сырттай бақылап, оның жетістігін бағалауға асығады. Алайда біз әлеуметтік желіден адамның бүкіл өмірін көрмейміз. Біз тек оның бөліскісі келген сәттерін ғана көреміз.Әрине, қызғаныш сезімі кез келген адамда болуы мүмкін. Бірақ сол сезімге еріп, басқа адамды төмендету дұрыс емес. Керісінше, біреудің жетістігін көргенде «Мен де осындай нәтижеге жету үшін не істей аламын?» деп өзімізге сұрақ қойған пайдалырақ. Себебі өзгенің жетістігін көре алмау бізді алға жылжытпайды.Менің ойымша, қазіргі қоғамға бір-бірімен бәсекелесіп қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсете алатын адамдар қажет. Біреудің қуанышына ортақтасу үшін міндетті түрде оның жақын досы болу шарт емес. Кейде айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі адамға үлкен мотивация береді. Ал орынсыз сын мен қызғаныш керісінше адамның жігерін түсіруі мүмкін.
Қорытындылай келе, біреудің жетістігіне қызғанышпен емес, қызығушылықпен қарауды үйренуіміз керек деп ойлаймын. Себебі әр адамның жетістігі әртүрлі. Біреу ерте жетеді, біреу кеш жетеді. Ең бастысы – өзгенің жолына кедергі болмай, өз жолыңмен алға ұмтылу. Өйткені өзгенің биігін көріп, оны төмендетуге тырысқаннан гөрі, сол биікке өзіңнің де көтерілуің әлдеқайда маңызды.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
