«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тұлға

«Ақынның соңғы аманаты: аманатқа бүгінгі оқушының жауабы»

📸 Суретті  ұсынған Нұрбек Серікбайұлы

Ұлттық мәдениеттің даму жолында, ұлттық рухтың сақталуы жолында әдебиеттің орны ерекше. Кешегі бойымызға рух беріп, «Мен қазақтың баласымын!» деп мақтануымызға себеп болған – сол ұлы ақын-жазушылардың шығармалары еді. Сондай қайратты, ұлтжанды, тілге жанашыр болып, қаламмен талай жүректің қылын шерткен дара ақындар қазақта көп-ақ. Солардың бірі де бірегейі, ақын үшін бастысы – әділдік деп ұран салған, нағыз махаббаттың не екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп кеткен халық жазушысы Мұхтар Шаханов еді.

Бүгінде көңілге медет болып отырған бір жайт – ақын мұрасын сүйетін, оны әрі қарай дәріптеп, келешек ұрпаққа ақын шығармаларын насихаттайтын жастардың бары. Оған дәлел – күні кеше алғаш рет ұйымдастырылған «Мұхтар Шаханов оқулары» еді.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен осы байқау туралы, оның мақсаты мен мазмұны жайлы  Нұрбек Серікбайұлымен сұхбаттасқан едік. Н.С.Жангабоев — Алматы қаласы Медеу ауданындағы «Жаратылыстану – Математика бағытындағы» Назарбаев Зияткерлік мектебінің дарынды балалармен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі, Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

–Мұхтар Шаханов дүниеден өткеннен кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл оқудың орны ерекше. Шаханов оқуларын өткізу – үлкен жауапкершілік. Ішкі сезіміңіз қандай болды?

—Ассалаумағалейкум, қадірлі оқырман қауым, әдебиет пен өнерді сүйетін барша көпшілік! Мұхтар Шаханов оқулары туралы сөз қозғамас бұрын, бір мәселеге тоқталғым келеді. Бұл – менің ұйымдастырып отырған алғашқы әдеби байқауым емес. Осыған дейін «Төлеген Айбергенов атындағы әдеби байқауды» он жылдан астам уақыт ұйымдастырып, оның мектепішілік деңгейден республикалық дәрежеге дейін көтерілуіне атсалыстым. Кейін «Тұманбай Молдағалиев атындағы байқауды» қолға алып, үш жыл қатарынан өткіздік. Биыл төртінші мәрте жалғасын таппақ.

Алайда осындай ұйымдастырушылық тәжірибеме қарамастан, «Мұхтар Шаханов оқуларының» жауапкершілігі мен үшін айрықша ауыр болды.

Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, бұл – ақынға берген жеке уәдем. Мен Мұхтар ағамыздың көзі тірісінде өз есімімен әдеби байқау ұйымдастыруға уәде берген едім. Сондықтан бұл шараны өткізу мен үшін кезекті ұйымдастырушылық жұмыс емес, ақын алдындағы азаматтық парызымды орындау болды.

Екіншіден, ақынның биігіне лайық болу жауапкершілігі. Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятында өзіндік орны бар аса ірі тұлға. Осындай қайраткердің шығармашылығын өз деңгейінде насихаттай аламыз ба? Ақынның биігіне сай байқау ұйымдастыра аламыз ба? Оның есіміне лайықты құрмет көрсете аламыз ба? Осындай сауалдар мені ұйымдастыру жұмыстарының алғашқы күнінен бастап толғандырды. Шынын айтқанда, бойымда үлкен қобалжу, үміт пен күдік қатар жүрді.

Үшіншіден, қатысушылардың көптігі мен байқауға деген зор қызығушылық. Алғашқы мектепішілік кезеңге 1300-ден астам оқушы қатысты. Екінші, онлайн кезеңде 227 қатысушының жұмысы талаптарға сәйкес келіп, қазылар алқасының қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек, бірқатар жұмыс құжаттарының ресімделуі мен байқау талаптарына сәйкессіздігіне байланысты іріктеуден өтпеді. Мұның өзі байқауға деген қызығушылықтың жоғары екенін және ұйымдастыру жұмысының қаншалықты ауқымды болғанын көрсетеді.

Төртіншіден, серіктестер мен демеушілердің сенімі. Бізге қолдау білдірген әрбір мекеме мен азаматтың сенімін ақтау да үлкен жауапкершілік жүктеді. Өйткені мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру – бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның, жанашыр азаматтардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Осының бәрін саралай келе, «Мұхтар Шаханов оқулары» мен үшін кәсіби тәжірибемдегі ең жауапты әрі ерекше толғаныспен ұйымдастырған байқаулардың бірі болды.

Ал оның қалай өткеніне, қандай деңгейде ұйымдастырылғанына бағаны халық беріп жатыр. Біз үшін ең маңыздысы – ақынға берген уәденің орындалуы және осындай игі бастаманың негізінің қалануы.

Осы орайда байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген «Мұхтар Шаханов атындағы қорға» және FlyArystan әуе компаниясына айрықша алғысымды жеткізгім келеді. Әсіресе FlyArystan компаниясының төрт номинация бойынша Бас жүлде иегерлеріне әуе сапарына сертификаттар ұсынуы жас таланттарға көрсетілген үлкен құрмет болды. Мұндай қолдауды біз тек демеушілік көмек ретінде емес, әдебиетке деген жанашырлықтың, жас ұрпақтың шығармашылық ізденісіне артылған сенімнің көрінісі деп қабылдаймыз. Өнерге жасалған қамқорлық – ертеңгі руханиятқа салынған инвестиция. Сондықтан ақын мұрасын ұлықтау жолында бізбен бірге болған серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қандай істің де алғашқы қадамы оңай болмайтыны белгілі. Сондықтан біз бұл байқаудың алғашқы кезеңдегі қиындықтардан өтіп, алдағы уақытта өзіндік дәстүрі мен орны қалыптасқан рухани жобаға айналғанын қалаймыз.

Ең үлкен тілегім – Мұхтар Шаханов оқуларының ғұмыры ұзақ болып, уақыт сынынан сүрінбей өтуі, республикалық деңгейден халықаралық дәрежеге көтерілуі. Ақынның есімі мен шығармашылығы жас ұрпақтың жүрегінде жасай берсе, біздің еңбегіміздің ақталғаны.

—Бұл байқауды ақынның шығармашылығына тағзым ететін шара ретінде ғана емес, оның азаматтық ұстанымы мен ұлттық рух туралы ойларын жас ұрпаққа жеткізетін рухани миссия ретінде қарастыруға бола ма?

—Әрине. Менің ойымша, бұл байқаудың ең басты мақсаты да, рухани миссиясы да осында.

Мұхтар Шахановтың әрбір шығармасы оқырманды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге, азаматтық жауапкершілікті сезінуге, ар-намыс пен адамдық қасиеттерді биік ұстауға үндейді. Сондықтан біз байқауға қатысушылардың ақын өлеңдерін жай ғана жатқа айтуын емес, сол шығармалардың астарындағы терең ойды түсініп, ондағы құндылықтарды жүрегімен сезінуін мақсат еттік.

Бұл ұстаным байқаудың ережесінде де нақты көрініс тапты. Мәселен, көркемсөз номинациясында қатысушылар патриоттық, елжандылық, тарих, тіл, өнер, білім, достық, сүйіспеншілік пен махаббат тақырыптарын қозғайтын шығармаларды жатқа орындауы тиіс болды.

Ал «Шамын жақсам ғылым менен өнердің» буктрейлер номинациясында оқушылар ақын шығармаларын талдап, олардың идеялық-көркемдік мазмұнына өзіндік баға беріп, көрерменді сол туындыларды оқуға қызықтыруға ұмтылды. Бұл – шығарманы оқып қана қоймай, оны зерделеуге, түсінуге және өзгелерге насихаттауға бағытталған шығармашылық жұмыс.

«Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны» атты жас ақындар мүшайрасында қатысушылар Мұхтар Шахановтың ақындық және азаматтық ұстанымын үлгі ете отырып, оның тұлғалық болмысындағы құндылықтарды дәріптейтін ақынның ізімен жазылған сюжетті төл туындыларын ұсынды.

Осы тұрғыдан қарағанда, біздің мақсатымыз бір ақынның есімін ұлықтап, оның құрметіне жылы сөздер айту немесе шығармаларын жатқа оқумен ғана шектелмейді. Біз Мұхтар Шахановтың ақындық қуатын, азаматтық қайсарлығын, отаншылдық рухын, адамгершілік ұстанымын жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы ретінде қарастырдық.

—Біздің арманымыз – келешекте Отан үшін отқа түсуге даяр, ұлтының тағдырына бейжай қарамайтын, ар-намысты бәрінен биік қоятын Мұхтар Шахановтай азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу.

—Әрине, Мұхтар Шахановтай тұлғаның дүниеге қайта келмейтіні анық. Әрбір адам өзіне ғана тән болмысымен, қайталанбас қабілетімен, дара қасиетімен жаратылған. Алайда оның бойындағы биік адамгершілік қасиеттерді, азаматтық ұстанымды, ұлттық рухты өнеге тұтатын тұлғаларды тәрбиелеуге әбден болады. Меніңше, бұл – тек менің ғана емес, жалпы ұстаздар қауымының көкейіндегі асыл армандардың бірі.

Мұхтар Шаханов оқулары – сол арманды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадамдардың бірі. Біз ақынның өзін қайталай алмасақ та, оның ұстанған құндылықтарын келер ұрпақтың бойынан көргіміз келеді. Байқаудың ең үлкен рухани миссиясы да осында.

—Мұхтар Шаханов поэзиясында тіл, ұлт, ар-намыс және адамдық құндылықтар ерекше орын алады. Бүгінгі қатысушылардың өнерінен ақын аңсаған ұрпақтың қандай болмысын байқадыңыз? Қатысушылардың қайсының өнері сізді және қазылар алқасы мен көрерменді тәнті етті? Атап бере аласыз ба?

—Байқаудың іріктеу кезеңінен бастап қорытынды кезеңіне дейінгі жұмыстарды сараласақ, әрбір қатысушы өзінің шығармашылық әлеуетін барынша көрсетуге ұмтылғанын байқаймыз. Балалардың бойынан өнерге деген шынайы сүйіспеншілікті, ізденімпаздықты, табандылықты және ақын шығармашылығына деген ерекше құрметті көрдік.

Мәселен, «Жыр боп тұндың жүрегімде…» көркемсөз номинациясының ережесінде қатысушылар Мұхтар Шахановтың кемінде бес өлеңін жатқа білуі тиіс деген талап қойылған болатын. Алайда байқау барысында жиырма-отыз өлеңді жатқа білетін, тіпті жүзге жуық өлеңін меңгерген оқушылардың бар екеніне куә болдық. Бұл – жай ғана байқауға дайындық емес, ақын шығармашылығына деген шынайы сүйіспеншілік пен құрметтің көрінісі.

Ал «Әнім ән боп самғайды…» вокал номинациясында оқушылар ақынның «Өмір-өзен», «Жұбайлар жыры», «Махаббат елі» сынды әндерін орындап, оның поэзиясындағы сыршылдық пен сезім тереңдігін музыка арқылы жеткізуге тырысты. Әрине, өнер көрсеткен балалардың бәрі де құрметке лайық. Дегенмен ұйымдастырушы ретінде есімде ерекше сақталған бірнеше қатысушыны атап өткім келеді.

Солардың бірі – Алматы облысы Талғар ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 орта мектептің оқушысы Мұхамадиев Айсұлтан. Ол Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» әнін орындады. Ақынның отбасы мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатар отырып тыңдаған сол сәт ерекше әсерлі болды. Айсұлтанның дауыс тембрі жақсы қалыптасқан, жоғары және төменгі ноталарды таза орындайды, сахна мәдениеті де көңіл қуантады. Оның өнерінен Мұхтар Шаханов әндерін келер ұрпаққа жеткізетін жаңа буынның өсіп келе жатқанын көргендей болдық.

«Шамын жақсам ғылым менен өнердің» буктрейлер номинациясында Мұхитжан Ернияздың жұмысы ерекше назар аудартты. Ол ақынның «Арман» өлеңіне өзіндік талдау жасап, шығарманың идеялық мазмұнын көркемдік тұрғыдан ашуға ұмтылды. Бұл жұмысқа Нью-Йорк киноакадемиясында тағылымдамадан өткен, журналист, әдебиетші Жаңылхан Асылбекова да жоғары баға берді. Мен өзім де номинациялар өтіп жатқан алаңдарды аралап жүріп, осы әсерлі сәтке куә болдым.

Жас ақындар мүшайрасында Алматы қаласындағы №87 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Батырғазы Бағжанның шығармашылық ізденісі ерекше есте қалды. Ол Мұхтар Шахановқа арнаған өлеңінде:

«Сенің мұңың тым ерекше көркем мұң…»

деген жолдарды қолданған екен.

Осы бір ғана тармақтың өзінен жас ақынның сөзге деген талғамын, поэтикалық ойлау ерекшелігін, көркемдік ізденісін байқауға болады. Өлеңіндегі ой тереңдігі мен сөз саптауына қарап, оны жас талапкерден гөрі қалыптасып келе жатқан қарымды ақынға ұқсаттым. Осындай балалардың болашағынан үлкен үміт күтемін.

Көркемсөз номинациясында да есте қалған ерекше қатысушылар болды. Соның бірі – «Төлеген Айбергенов» атындағы №48 орта мектептің оқушысы Құдайбергенов Нұрболат. Ол сахнаға шыққанда өзінің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахналық образына да ерекше мән берген. Төлеген Айбергеновтің бейнесін еске түсіретін ретро үлгідегі киімі мен шаш үлгісі оның өнеріне өзгеше сипат берді. Бұл – баланың сахнаға жай ғана өлең жаттап шықпай, көркем образ жасауға ұмтылғанының белгісі. Оның осы шығармашылық ізденісі де менің есімде қалды.

Әрине, мен атап өткен балалардан бөлек, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленген талантты оқушылар аз болған жоқ. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, шығармашылық қолтаңбасы бар.

Біз осы балалардың бойынан ақын аңсаған ұрпаққа тән қасиеттерді – рухани ізденісті, өнерге адалдықты, ұлттық құндылықтарға құрметті және өзіндік ой-пікір қалыптастыруға деген ұмтылысты байқадық.

Мұндай жас таланттардың болашағынан зор үміт күтемін.

—Осы оқуды алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғастыру жоспарда бар ма? Ең бастысы, Мұхтар Шахановтың есімі мен шығармашылығын келер ұрпақтың жадында сақтау үшін қандай нақты бастамалар қолға алуды ұсынар едіңіз?

—Әрине, мұндай игі бастаманың жалғасын тапқанына мүдделіміз. Қуаныштысы, біздің байқаудың ізі суымай жатып, өзге білім беру ұйымдары да Мұхтар Шахановтың есімін насихаттауға  бағытталған әдеби байқаулар өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізуде. Мәселен, Алматы облысындағы №55 орта мектепте де осындай байқау ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл – ақын мұрасына деген құрметтің бір ғана білім ордасымен шектелмей, кеңінен қанат жая бастағанының белгісі.

Байқаудың ашылу салтанатында мектебіміздің директоры Ерболат Серікұлы Ниятбай құттықтау сөз сөйлеп, осы бастаманы алдағы уақытта республикалық, тіпті одан да жоғары деңгейге көтеруге және Мұхтар Шахановтың мұрасын насихаттауға мүдделі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткізді.

Әрине, болашақтың еншісіндегі дүниеге бүгіннен кесімді баға беру қиын. Дегенмен біздің басты мақсатымыз – осы байқаудың өміршеңдігін қамтамасыз етіп, өзіндік дәстүрі қалыптасқан, ғұмыры ұзақ рухани жобаға айналдыру.

Осы тұста бір мәселені ерекше атап өткім келеді. Біздің мақсатымыз – баланы баламен жарыстырып, бірінің екіншісінен артық немесе кем екенін дәлелдеу емес. Байқау – түпкі мақсат емес, ол жас ұрпақты әдебиетке, өнерге және рухани құндылықтарға жақындатудың бір құралы ғана.

Біздің шынайы мақсатымыз – Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқу, әндерін орындау, шығармаларын талдау мен насихаттауды жас ұрпақ арасында кең таралған рухани үрдіске, тіпті бүгінгі тілмен айтқанда, трендке айналдыру.

Біз Мұхтар Шахановтың есімін естіп, оның ақындық даңқын, азаматтық қайраткерлігін танып, шығармашылық мұрасымен сусындап өскен буынбыз. Ал бізден кейінгі ұрпақ ше? Олар да ақынның кім болғанын, қандай құндылықтарды қорғағанын, ұлт руханиятына қандай үлес қосқанын білуі тиіс.

Біз Мұхтар Шахановтың шығармашылығымен сусындап өстік. Ендігі міндетіміз – сол рухани мұраны өзімізден кейінгі ұрпаққа аманаттау.

Егер бүгінгі жас ұрпақ ақынның бір өлеңін оқып, одан өмірлік сабақ алса, бір әнін тыңдап, жүрегіне ізгілік ұялатса, бір шығармасын талдап, ұлттық құндылықтардың қадірін түсінсе, біздің еңбегіміздің ақталғаны.

Меніңше, Мұхтар Шаханов оқуларының болашақтағы басты мұраты да осы – ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты жалғау, ақын мұрасын уақыт өткен сайын жаңғыртып, келер буынның санасына сіңіру.

—Сұхбатыңызға көп рақмет! Құнды дүниелерді мектеп оқушыларының жадына бойлату жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,

 «Журналистика» факультетінің   І — студенті.

Сәйкес жаңалықтар

Үлгі алам, Мұқағали өлеңінен

farabi shakirti shakirti

Қазақ баспасөзінің шежіресін түзген тұлға

Қазақ химиясының атасы

farabi shakirti shakirti