«Ұлық болсаң, кішік бол!»

Менің өмірлік ұстанымым
 ЖОЛДАСБЕКОВА Тамара Әділқызы,

      Алтын алқалы «Батыр Ана», Алматы облысы, Жамбыл ауданының  құрметті азаматы. «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі».  

     Еңбек өтілінде қырық бес жылға жуық ұстаздық жолы   сайрап жатыр.  «Беріктас» орта мектебінде 33 жыл бала оқытса, соның соңғы 6 жылын директордың тәрбие ісі  жөніндегіорынбасары қызметіне арнады.

   1996 жылы «Сұңқар» тоғызжылдық мектебіне директор лауазымына тағайындалды. Мектеп 1998 жылы орта мектеп мәртебесіне ие болды. Кейін қайта бекітіліп, Тамара Әділқызы мектепті 2007 жылға дейін басқарды.

                      «Елімнің ардақтысы — ардагерлерім»

   Батыр ананың ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп, бүгінгі жас педагогтарға ұсынайық деген мақсатпен Сұңқар ауылындағы үйіне кіргенімізде, мектеп директоры  Тиктенбаев Мамед Әділханұлы, оқу ісі жөніндегі орынбасары Оспанбаева Гүлнар Бекбатырқызы, ардақты ананы Тәуелсіздік мерекесімен арнайы құттықтап  келіпті.

Бүгінгі  ғұмырымның қырық жылдан астам уақытын ұстаздық етіп мектепте бала оқытуға,оқушыға арнадым. Мен ұстаздық еткен кезеңде қаншама тәжірибелі ұстаздардан тәлім алдым, өз заманының  шебер ұстаздарынан алған өнегемді жастарға үйреттім. Жасым сексенге жақындағанына қарамастан, мені іздеп келіп, тәжірибе алмасатын ауданның мұғалімдері баршылық. Соның ішінде жиі қоятын сұрағы: «Апай, отбасыңыздағы көп баламен қоса мектепте шәкірттерді қалай тәрбиеледіңіз? Басшылық қызметте жүріп, балаларыңызға уақыт бөле алмай қалмадыңыз ба?» — дейді.

                        «Шәкірт әр отбасынан құралған оқушы»

   Біз де ұстаздың сөзін осы тұстан іліп әкетіп сұрақ қойдық.

—Тамара Әділқызы, өзіңіз айтқандай үйдегі бала тәрбиесі мен мектептегі шәкірт тәрбиесін қалай ұштастырдыңыз?

—Мен Алматы қаласында туып, бүкіл ғұмырымды ауылда өткізіп келе жатқан қариялардың бірегейімін десем, артық айтқандық емес. 1963 жылы Беріктас ауылындағы мектептке қазіргітілмен айтқанда тәлімгер болып орналастым. Есік педучилищесі — колледжді бастауыш сынып мұғалімі санаты бойынша бітірдім. Өзімнің қалауым ұстаз болғандықтан, жұмысымды қызығушылықпен бастап кеттім. Отбасылы болдым. Қазақта баланың санын айтпайды дейді. Ұл — қыздарыма жоғары білім алуы үшін қолымнан келгенше көмектестім. Бүгінде ұрпақтарымнан тараған немере – шөберенің ортасындамын. Отбасы мен мектептің арасында жүргеніме қарамастан Абай атындағы Педагогикалық институты – университетін тәмамдап, жоғары білімді орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі дипломын алдым.

   Отбасындағы тәрбие мен мектептегі тәрбиенің айырмашылығы жоқ. Ұл – қызыңа ежелденбабалардан бері ұмытылмай келе жатқан ұлағатты айтасың, шәкіртіңді де сол бағытта тәрбиелейсің. Айырмашылығы – өз балаң бір отбасының адамдары, ал шәкірт әр отбасынан құралған оқушы. Оқушыңды әрқайсысының мінезіне, бейіміне қарай тәрбиелеп оқытасың. Көбінше, үлкендер «бала ғой, кейбір сөзіңді елемейді», —  деп қатты сөйлеп қояды. Ұрсады. Баланың пікірімен санаспайды. Менің қағидамда, керісінше, баланың әр ісін бағалап, көтермелеп, жылы сөз айту. Қазір байқамаймын, біз ұстаздық еткенде  шәкірттеріміз, әсіресе қыз балалар біздің келе жатқанымызды көрсе алдымыздан жүгіріп шығып қаумалай анасын көргендей құшақтап алатын. Ұлдар да қолымыз толған дәптерді құшақтап келе жатсақ, соны алып әңгімелесіп үйге жеткізіп салатын. Осының өзі ұстаздың мерейін тасытады. Баланы тәрбиелеу үшін оған өзің бірге жүріп жол көрсетуің керек. Баланың қойған сұрақтарына жауап беруден жалтармаған дұрыс.

   Өз балаңа қалай қамқор болсаң, мектепте оқушыңа ата-анасымен бірге қамқор болу – педагогтың парызы.

                  «Баланың сағын сындырады»

—Тамара Әділқызы, ата – аналарда ескірмейтін  «Бәленшенің баласын қарашы? Содан сенің нең кем?», — деп айтылатын сөз бар. Өз баласынбәленшенің баласымен салыстыру бала үшін маңызды ма? Осындай жат баласын өз баласынан жоғары қою бала жанына психологиялық жара салмай ма?

—Мұндай салыстыру ежелден қалыптасқан пікір. Сондықтан болар, ата — ана баласы сабағын дұрыс оқымаса, байқауларға, олимпиадаларға қатысып орын алмаса, «бәленшенің баласын қарашы, сенен озып кетті» — деп жиі айтылады. Өйткені, ата – ананың көпшілігі өз баласын неге өзге баласындай болмайды, одан менің баламның несі кем, неге үнемі басқа балалар мақталады деген сұрақтар төңірегінен шыға алмайды. Өздеріне: «Менің ұл – қызым мақтаулы балалардың қатарынан көрінуі тиіс. Оған қандай көмек жасауым керек?» — ұстаздармен ақылдасып, өз бетінше ізденіп, баласын жетелемейді. Алға ұтылатындай қолдау білдірмейді. Қазіргі уақытта балалар шығармашылығын дамытатын қаншама үйірмелер бар. Онлайн сабақтар өз алдына.

   Жоғарыда айтқан теңеулер арқылы өзгенің баласының жетістіктеріне тамсанып, өз баласын неге сондай болмайсың деп сөгу баланың сағын сындырады. Мектеп жасындағы қай баланы алсақта, бір – біріне ұқсамайтын дарын иесі. Ата – анасының, ата – әжесінен қалған бір қасиет болады. Тек соны ұстаз бақылап, бейімін аша білгені жөн. Халқымызда: «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан», — деген мақалды бала тәрбиесінде ұмытпағанымыз абзал. Шәкіртке білім берумен айналысып келе жатқан ұстаз ізденуден жалықпау керек. Бүгінгі техниканың дамыған заманында ізденетін адамға еш қиындық жоқ, уақыт та тапшы емес. Ынта, ықылас болмаған жерде дайын ас та жұтылмай қалады.

               Игілікті істерге бейім болғанымыз орынды

—Тәте, онлайн сабақтар туралы айтып қалдыңыз. Мектеп жасындағы балалардың онлайн оқуын сіз де көрдіңіз, пайдасы бар ма?

—Біздің тәжірибемізде болмаған нәрсе қашанда жат болып көрінеді. Әлем бойынша пандемиякезінде онлайн оқуда қиыншылықтар болғаны рас. Аз уақыттың ішінде заманауи оқу үлгісін біртіндеп меңгеріп алдық. Адам өміріндегі кез келген нәрсенің жақсы жақтарын игеріп алуға тырысып, үйреніп алса, алынбайтын асу жоқ. Мен де немерем Мираспен бірге оқыдым, бірге сабаққа дайындалдым. Сұрақтардың жауабын бірге таптым.

  Онлайн оқудың пайдасы бала үйде, ата – ананың көз алдында жүргендіктен көп алаңдамайды. Ауылдық жерлерде мектеп орталықта болғандықтан, бір көшемен барып, келеді. Қалалық жерлерде баланы мектепке, балабақшаға апаратын бір адам керек. Қоғамдық көлікте жүреді. Жаңадан шығып жатқан оқулықтардың салмағы ауыр, бастауыш сыныптың оқушысы күніне аз дегенде төрт кітап тасиды. Дене шынықтыру пәніне формасын бөлек тасиды. Орта буын оқушыларының да сөмкелері сүйретіліп жүреді, оқулық ауыр. Жасына, шамасына қарай жас жеткіншектерге ауырлық әкелетіні көрініп тұр. Жас ерекшелігіне қарай шамадан тыс ауыр көтеру ұл – қыздардың денсаулығына, дене бітімінің өсуіне әсер етеді.

   Жас ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан ата – ана да, ұстаз да қоғамдағы игілікті істерді қолдап, тәжірибесіне пайдаланса, еш кемшілігі жоқ. Бейімделе білгеніміз орынды. Десекте, дәстүрлі оқуға ешнәрсе жетпейді!


«Уақытымыз жетпейді дегенді білмейтін едік
»

Сіз ұстаздық еткен жылдары да қағаз көп болды. Және оның барлығы қолмен жазылатын. Ауылдық жерде тұрғандықтан отбасы үшін мал ұстайсыздар. Күн ұзақ мектептен шықпай бала оқытып, тәрбиеледіңіздер. Соған қарамастан, өз балаларыңызды тәрбиелеп, киімін сатып әперіп, малды жайғап та үлгердіңіздер, ұйықтап демалатын уақыт болды ма?

Адам баласы қиыншылықтан ширайды, еңсеруге тырысады. Жаңа игіліктерге ұмтылады. Өзіме келсем, ұстаздық еткен жылдары мектепте өткізілетін шаралар өте көп еді. Әр шараның сценарийін жазамын, бір – біріне ұқсатпау үшін идея іздеймін. Сынып жетекшілерге тапсырған соң, өзім барып әр баланың дайындығын тексеремін. Сабағымды да түрлендіріп өткізу үшін тынбай ізденемін. Одан үйге келіп, мал жайғаймын. Балаларымның тамағын дайындап берген соң, мектептің шаруаларымен отырамын. Балаларымның алды есейген соң, маған қолғабыс болды. 1988 жылы балаларымның әкесі Жолдасбеков Дүйсенбай Алмабекұлы қайтыс болды. «Беріктас» шаруашылығында еңбек жолын машина – трактор мекемесінен бастап, кейінгі жылдары бөлімше меңгерушісі қызметін атқарды.Сонда мойымай еңбек етіп, осы күнге жеттік.Уақытымыз жетпейді дегенді білмейтін едік.

  «Беріктас» мектебін сол жылдары Көкеев Кеңес аға басқарды. Ауыл, мектеп десе ішкен асын жерге қоятын басшыдан көп үлгі алдық, өнегесін үйрендік. 1996 жылы Сұңқар ауылындағы тоғыз жылдық мектепке директор болып тағайындалдым. «Дегерес» жылқы зауытының бөлімшесі болғандықтан, бала санына қарай тоғыз жылдық мектеп еді. 1997 жылы Жангелді ауылындағы орта мектептің филиалы болып бекітілді. 2003 жылы мектепке 11 жылдық білім беретін мектеп мәртебесі берілді.

Бүгінде, бір мектеп ұстаздарының арасында таусылмас жанжал орын алғанын, ұстаздардың оқушы арасындағы кикілжіңдері жиі болмаса әлеуметтік желілерде төбе көрсетіп қалады. Мұның себебі, директордың педагогтармен тіл табыса алмауы ма, алалауынан пайда болған жайт па? Әлде, кейбір жандардың әлеуметтік желі арқылы өзіне адам жинау үшін хайп қуу ма?

Мұның себептерін тиісті орындар анықтап, бағасын береді. Басшы қызметтегі адам – тұлға кекшіл болмауы керек. Кез келген мәселені анықтап, әділ бағасын беруі қажет. Тәжірибе жетіспегендіктен болар, таным – пайымының таяздығы болар, кейбір директорлар келеңсіз жағдайларға жол беріп алады. Жанжал туған ортада тек басшы ғана емес, екінші адам да кінәлі болуы мүмкін. Меніңше, әр адам өз кемшілігін біліп, ұжымды жерге қараптпағаны абзал.

   Біздің кезімізде де түсінбеушіліктер болды. Менің қағидам, ұстаздармен жиі сөйлесіп, әрқайсысының отбасындағы жағдайын, абысындар арасын біліп отыратынмын. Педагогтар жиналысында ұстаздардың жақсылығын, жетістіктерін, өткізген ашық сабақ, тәрбие сағаттарының жақсы тұстарына тоқталып, мақтаймын. Бұл – бір ұстаздың кемшілігін айтып, оны барлық мұғалімнің алдына жығып беруден сақтану. Ұстаз да пенде, ертең оның жиналысқа түскенін бүкіл ауыл, оқушылар білсе, құрметі кетеді. Кейін өзін жеке шақырып алып, кемшіліктерін көрсетіп түзетудіңжолдарымен бөлісемін. Басшы мен қызметкер арасындағы әңгіме кабинетте қалады да, ұстаз дәрісін жалғастыра береді.

    Мектеп директоры баланы ғана емес, өз ұжымын да тәрбиелей білсе, сөз қумаса, ұстаздарды материалдық игілігіне қарай бөлмесе, ең бастысы еліміздің қолданыстағы Заңдарын дұрыс білсе, педұжымдағы жанжал сыртқа шықпайды.

    Зейнет жасында болсамда, жаңалықтардан қол үзбеймін. Кейінгі кезде жалған атақ қуып, өздерін жарнамалағанды ұнататындар қатарында мектептің жүрегі аталған ұстаздардың жүргені дұрыс емес. Қазіргідей техника мен технологиялардың дамыған заманында әр мектепте бейнекамералар бар. Қандай қиын сабақ, қиын оқушы болмасын, сабырлық сақтап, сабақ барысын бұрмалауға, жүйкесіне тиетін әрекетке бармауы керек деп айтар едім.

             «Өткен жылдар естеліктері  жаңа заманның қосындысы»

Тамара Әділқызы, мектептерде бала санының шамадан тыс көбейгенінің әсері ме, әлде жасөспірімдер телефон арқылы сырттан алатын жағымсыз ақпараттың әлегі ме, оқушылар арасында бір – біріне әлімжеттік жасау, өзіне өзі қол жұмсау әдеті орын алуда.

Сіз қойған сұрақтың екеуі де бар болуы мүмкін. Тәрбие беруде өз балаңды тоқтатқаныңмен, көптің баласын тоқтата алмайсың. Балалар буллингке ұшырап жатыр, суицид жасады деген ақпараттарды естігенде, алаңдаймын. Тәрбиелеу деп айтқанмен, шынайы, жанашырлық тәрбие жетіспегендіктен болар. Ұстаздық еткен жылдары көп оқушының алдында бір оқушыны талқылаған емеспін. Жеке сөйлесіп, арасында қалжыңдап рухын көтеруге тырысатынмын. Бүгінгі күні байқаймын, кейбір оқушыларды ата — ана жиналысына салып жатады. Әңгімені бастағанда, баланың сағын сындырады дедім. Қандай жағдай болмасын, баланың жеке басына тіл тигізуге, балағаттауға, кемсітугеболмайды. Баланың қандай әрекеті жария болса да, себеп — салдарын зерттеп барып шешім шығару менің кезектегі әдісім. Оған да уақыт, шыдамдылық, сабыр қажет.

   Екіншіден, сырттан келетін ақпараттың әсері орасан. Телефон – үлкендердің жұмыс құралы, оқушының сенімді серігі. Соған қарамастан, телефонды, компьютерді, ноутбукты пайдалану уақытын әр адам, бала шектей білмесе, оған айтқан ақылың, көрсеткен өнегең далада қалады. Сондықтан, ең алдымен әр ата — ана баласының болашағын ойлап, керексіз нәрселерден шектеп, телефонға жұмсаған уақытын пайдалы іске жұмсата білуі қажет.

Ұстаздық еткен шақтардағы естеліктеріңізді айтып берсеңіз.

Біздің әулетте өзімнен басқа балаларым, немеремлеріммен алты адам педагог мамандығын таңдады. Бүгінде, олар ана жолымен бала оқытуда.Бала оқытып, білім берген ұстаздық жылдардағы, одан кейінгі ардагер ретіндегі жұмыстарымды айтсам, том – том жинақ болатыны рас.(Күліп). Керемет шаралар дегенде, «Сұңқар» мектебінің алдына киіз үй тігіп, ауыл — ауылға бөлініп  ұлттық мерекеміз «Наурызды» тойладық. «Қыз сынын» ұйымдастырдық. Мектептің ауласында, ауылдағы ат ұстайтын жігіттердің арғымақтарын алдырып, қыздарды отырғызып алып шықтық. Халқымыздың қыз баласын сыйлағанын, Қамбар ата тұқымы жылқыға сүйіспеншілікті арттыру мақсатында атқарылған есте қалар шараның бірі еді.

   Мектепте баланың бос уақыты болмайтын еді. Үйірмелер, факультатив сабақтары, семинарлар, олимпиадалар бірінен кейін бірі тізбектеліп өтетін. 10 – 11 сынып оқушылары арасында Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін, Жамбыл, Мұқағали өлеңдерін жаттатып, оқулар өткізуден жалықпайтын едім. Осылайша, тәжірибемен бөліссем, бұрынғы заманда ма дейді. Өткен шақ деудің қажеті жоқ. Өткен жылдар естеліктері  жаңа заманның қосындысы. «Ұлық болсаң, кішік бол!» — деген халық даналығына сүйеніп келе жатқан аналардың, ұстаздың бірімін. Өмірлік қағидамнан адаспадым, одан көштен қалмадым. Ізімнен ілесіп келе жатқан жастарға да осынау ғибратты өсиет етіп айтамын.

—Тамара Әділқызы, әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Ж.КУЧУКОВА,

ҚР Мәдениет қайраткері