«Біртұтас тәрбие: Ата-ана құзіреттілігі — бала болашағы»
Бүгінде қай ата-анамен сөйлессекте, «Уақытым жоқ» дегенді естиміз. Бұл — отбасында балаларға айтарлықтай көңіл бөлінбейді деген сөз. Осы арақашықтықтың арасын жақындастырып, уақыт табудың әдістерімен бөлісуді тәжірибемен көрсетуді ойластырған «Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінде бала мен ата – ананың арасындағы алшақтықты қалай жоя аламыз. Қайткенде, уақыт тауып, баланың ой – арманы, мақсаттарымен бөлісіп, пікірімен санасуға болады деген сұрақтарға жауап іздеп, ата – аналармен жиі бас қосамыз. Өткен оқу жылы басталғаннан бері өткізіп келе жатқан түрлі бағыттағы іс – шараларымыздың нәтижесін де көре бастадық.
Ұстаздарға бағыт – бағдар беретін «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде көптеген шараларды бірлесіп өткізіп келеміз. Мектебімізде жақында «Біртұтас тәрбие: Ата-ана құзіреттілігі — бала болашағы» семинар өтті. Семинарды мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары — Есалы Салтанат Сүйіндікқызы ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты: Ата-аналардың баланың бақытты өмірінің негізі ретінде оның әл ауқатын қамтамасыз етуге дайындығын, оқу процесіне сәтті бейімделуі үшін балалардың когнетивтік дағдыларын дамытуға дайындығын, оң тәрбиенің мәнін, принциптерін және дағдыларын дамыту арқылы ата -аналардың педагогикалық мәдениетін дамыту. Міндеттеріне тоқталсақ, ата — ананы позитивті ата — ана болу құзыреттерін игеруге ынталандыру, позитивті ата — ана болу дағдыларын игеруге педагогикалық және психологиялық тұрғыдан қолдау білдіріп, көмек беру. Ұлттық құндылықтарын айтсақ, Позитивті қарым — қатынас, тәрбие, шығармашылық, ұрпақтар сабақтастығы, денсаулық, достық, сүйіспеншілік. Еңбекқорлық, жауапкершілік, қызығушылық, ашықтық, мейірімділік, өзіне деген талапшылдық, позитивті көңіл — күй. Ұйымдастырушылар – Ордабасы аудандық білім бөлімі, педагогикалық – әдістемелік кабинеті, мектеп әкімшілігі.
Семинарға келген қонақтар QR арқылы тіркелді. «Өзін – өзі басқару» ұйымының мүшелері «Бір бауырсақ – бір мақал» айдары бойынша келген қонақтарды ерекше қарсы алып, көтеріңкі көңіл – күй сыйлады.
Мектебіміздің «Технология» пәнінің мұғалімі және «Алтын оймақ» үйірмесінің жетекшісі Мыңбосын Құттықыз Жақсылықызы мен «Технология» пәнінің мұғалімі Жолдасбек Фатима Асанқызының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар» атты көрме әзірледі. Көрмеге қойылған экспонаттармен келген қонақтар танысып шығып, пікірлерімен бөлісті.
Семинарды мектеп директоры Аташ Ағайбек Ортайұлы ашып, келген қонақтарға біртұтас тәрбиенің мәні мен маңызын тоқтала келе, мектепте атқарылған іс — шаралардың нәтижесі туралы айтты. Ұстаздардың білім беру мен тәрбиедегі жетістіктері, шәкірттердің білім деңгейінің айтарлықтай өсуі – ең алдымен ата – аналардың мектеппен тығыз байланыс орнатқанының жемісі екенін атап өтті. Мектепте өткізілетін әр шараның оқушы үшін маңызды екенін, шәкірттер белсенділігінің артып келе жатқанын, білімдегі жетістіктерін – ата – аналардың мектеппен арадағы қарым – қатынасының жиілегенімен байланыстырып, әр отбасына алғысын білдірді. Ата – анаға да балаларымен бірге мектепте өтетін шараға қатысып, ұл – қызының әр қырынан көруі – қызықты. Баласын үнемі қолдап отырған ата – анада олардың жетістігін бірге көріп келеді.
—Семинарларда бір ғана тақырып аясында шектеліп қалмай, еліміздің тарихы, ауданымыз бен ауылымыздың тарихы, киелі орындары, ауылымыздың кешегі өткен еңбек адамдары, танымал тұлғалары, бүгінгі еңбек адамдары туралы айтылады. «Қайталау – оқу анасы» — дейді халық даналығы. Сол айтқандай, оқушыларымызға тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды қайта – қайта айтып, зердесіне құя берсек, өткеніміз ұмытылмайды, — деп А.О.Аташ осы тұста ата – аналардың көмегі бала үшін аса қажет екеніне тоқталды.
«Киелі мекеннің жәдігерлері» деген тақырыпта Ордабасы Ұлттық тарихи — мәдени қорығының қор сақтаушысы Касимов Бақытбек Батыржанұлы мен кіші ғылыми қызметкері Шартаков Қайырхан Орынбекұлы «Үш бидің басын қосқан — киелі Ордабасы!» туралы көрме ұйымдастырып, аудандағы тарихи жәдігерлер туралы айтып өтті. Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар шапқыншылығына тоқталды.
Бадам өзенінің сол жағалауында қазақтың үш жүзінің өкілдері ұлы құрылтай өткізілді. Біртұтас қазақ әскері құрылып, бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс — айласы, соғыс тәсіліне жетістігімен танылған Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен қазақ жасағына бас қолбасшы болды. Осылайша берекелі ауыздан шыққан берік байламның арқасында қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Ал сол ұлы құрылтай барысы кейіннен қазақ арасында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген асыл сөзге арқау болды. Ордабасы — қазақ халқының тарихыңда маңызы жағынан ерекше орын алатын, жоңғар басқыншыларына қарсы тәуелсіздік үшін ұлт — азаттық қозғалысты бастаудың ошағы, темірқазығы болып табылады. Ордабасындағы ымыраластық жолындағы айтулы жиын мәңгі халық жадында қалады. Жан — жақтан жау анталап, тыныштық кеткен заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымдасқан түрде жауға қарсы батылдық таныту – тарихта қайталана бермейтін ерлік. [1]
Көрмеден кейін ұстаздар тақырып бойынша ата – аналарды қатыстыра отырып, сабақтар өттік. Бастауыш сынып мұғалімі, «Педагог — сарапшы» Сиқымбаева Ұлжалғас Жақсылыққызы 4 — сыныпта «Қызым қызғалдағым, ұлым ізгі арманым!» — ашық тәрбие сабағын өткізді. Тақырып айтып тұрғандай, ұстаз қыз бала мен ұл балалардың тәрбиесі, әкелердің ұлымен, аналардың қызымен қарым – қатынасы, қыз баланың қоғамдағы орны туралы әңгіме өткізді. Әке мен ұлды, ана мен қызды жақындастыратын, ашық сырластыратын орта – бір – бірімен бірлесіп қандай да бір үй шаруасын атқаруы, балалармен жиі серуендеп, туған ауыл тазалығын сақтау, табиғатты қорғау, жасыл экологияны сақтау жөнінде көп айтудың нәтижесі қандай болатынын оқушылардың өздері айтып берді.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есалы Салтанат Сүйіндікқызы мен мектеп психологы Ерғара Жұлдызай Әбдірханқызы «Бақытыңызды балаңыздан іздеңіз!» — танымдық сабақ өтті. Бала – адамның өмірі. Бала бақыты – ата – ананың амандығы. Ойлаған армандарының орындалуы. Сабақты үздік оқуға талпынуы және қалаған нәрсесіне қол жеткізуі. Бүгінде баланың қалауы көп. Және оған қол жеткізуге мүмкіндіктер де көп. Ұл – қызының қалаған дүниесіне қол жеткізуі үшін ата – ананың қолдауы қажет. Технологиялардың дамыған заманында күнделікті тұтынатын тауарлар да жаңа нұсқада шығарылуда. Баланың арманы – қымбат телефон, құлаққаптар, күнделікті қолына беретін қаражат, үлкен қалаларға барып саябақтарда қыдыру. Одан кейін барып, оқуын бітіріп, қалаған жоғары оқу орнына түсу. Көп ретте ата – аналар бар тапқан – таянғанын балаға жұмсап отырмыз деп материалдық қамтуды ойлайды да, ұл – қызының рухани жандүниесімен санаса бермейтіні де сөз болды. Осындай сәттерде баламен қалай сөйлесу қажеттігі, түсіндіру, дәлелдеу, иландыру тәсілдері айтылды.
«Қазақ отбасындағы бала тәрбиесінің өзекті мәселелері» — бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі. Тақырып бойынша бастауыш сынып мұғалімі, 23 жыл педагогтік өтілі бар «Педагог — сарапшы» Мамай Эльвира Жолдасбекқызы шебер сыныпты жоғары деңгейде өткізді. Шебер сынып сағатына «Даналық» мектебі әжелер клубының мүшесі дәрігерлер қатысты.
Математика пәнінің мұғалімі, «Педагог-модератор», «Қызғалдақ» қыздар ұйымының жетекшісі,
8-сынып жетекшісі Мырзахан Жанерке Нұрмаханқызы «Қыздар сұлу көрінер-қылығымен!» — атты тақырыпта 9 — 10 сынып оқушыларымен дөңгелек үстел өткізді. Даналық мектебі әжелер клубының мүшелері мен дәрігерлер оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Бастауыш сынып мұғалімі, «Педагог-сарапшы» Өтемұрат Қалида Әшірбайқызының «Жақсыдан қашпа, жаманға баспа…» атты тәрбие сағатында балаларға адамдардың жақсы да, келеңсіз де істері туралы айтылды. «Әкелер» кеңесінің төрағасы қатысып, білгендерімен бөлісті. Өмірден алынған мысалдармен дәлелдер келтірді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 6 — сынып жетекшісі, «Педагог-модератор» Дарибаева Ажар Мирхалыковна «Отбасы құндылығы-сарқылмас қазына» — тәрбие сағатын учаскелік полиция қызметкерімен бірге өткізді. 6 – сынып оқушыларына құнды дүниелер, еліміздің заңдылықтарын сақтау, отбасы құндылықтарын құрметтеу, зорлық – зомбылық туралы қызықты сұрақтар төңірегінде пікір алмасты. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Доктырбай Нұржас Айдарұлының «Толағай» отбасылық сайысы өте қызықты өтті. Сайысқа қатысқан «Ағалар» кеңесінің мүшелері — әкелер мен ұлдары арасындағы сайыста ұлдардың әкелерімен мықты екендіктері көрсетілді. Сайыс жеңімпаздары марапатталды.
Сыныптарда өткен тәрбие сағатынан кейін барша көпшілік мектептің акт залына жиналып, өткізілген шараларды қорытындылап пікірлерін айтты. Семинарға Ордабасы аудандық білім бөлімі педагогикалық – әдістемелік кабинетінің әдіскерлері Досқара Гүлраушан Мақұлқызы мен Мұратбек Ұлтусын Құлбекқызы арнайы қатысты. Олар «Біртұтас тәрбие: Ата-ана құзіреттілігі — бала болашағы» — семинарының өту барысы, ұстаздардың шеберлігі мен шәкірттердің қабілеті туралы айтты. Мектепте өтетін іс – шараларға ата – ананың, үлкендердің қатысып, ұл – қыздарымен бірге тәрбие сағаттарына қатысуы – бала үшін үлкен мәртебе екенін, алдағы уақытта осы үрдістің тиімділігі болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, кейбір кемшін тұстары да айтып, ақыл – кеңесін берді.
Мектеп директоры Ағайбек Ортайұлы келген ата – аналарға алғыс айтып, үнемі ұл – қыздарын қолдап жүрсе, мектептегі білім деңгейінің жоғары болатынын қорытынды нәтижелерге сүйеніп, мысал келтірді.
Отбасы тәрбиесі – мектепте ғана емес, қоғамның бет – бейнесі. Мектепте өтетін шаралардың куәсі болу ата – аналар ғана емес, ауыл үлкендерінің де көңілінен шықты.
БАТЫРБЕКОВА Динара Орынхановна,
«Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінің
кітапханашысы
КЫДИРБАЕВ Жанадулла Жаканшаевич,
«Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінің
әлеуметтік педагогы
БЕГАСИЛОВА Айгул Маратбековна
«Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінің
педагог – ұйымдастырушысы.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы
[1] «Қазақстан тарихы» порталы