Ұстаз ұлағаты
«Маған жақсы мұғалім, бәрінен де қымбат,
өйткені мұғалім − мектептің жүрегі».
Ы.Алтынсарин
Ыбырай атамыздың осы сөзі дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстазға берілген жоғары баға. Өйткені барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін мейірімді абзал жандар – мұғалімдер. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ұрпақтардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына өнегелі ұстаздардың қосатын үлесі өлшеусіз. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Мен бүгін ана ретінде қоғамның баласы үшін өз уақытын, білгенін аямайтын ұстаз жайында сөз қозғамақпын. Ол Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат мұғалімі – Малик Майра Маликқызы.
Майра Маликқызы Философия докторы (PhD), аға оқытушы бола тұра, орта мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатып, ғылымға жетелейді, бағыт-бағдар беріп, таным көкжиектерін кеңейтуге бар ықыласымен атсалысады. Бұл дегеніңіз – өз мамандығын сүйгендік, оны мектеп қабырғасындағы жас ұрпақ бойына сіңіре білгендік. Менің қызым Қырғызбай Аяжан осы мектеп табалдырығын аттаған сәттен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Маликқызын екінші анасындай сыйлап, құрметтейтін болды. Себебі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және білімділігімен кез келген шәкірт жүрегін жаулай білетін Майра апайы қызымның жүрегінен орын таба алды. Қызыма білім беріп қана қоймай, ғылым жолына бағыттап, білімін тереңдетіп, таным көкжиегін кеңейте түсті. Оның дәлелі 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық V «Абайтану» олимпиадасына қатысып, бас жүлдені; Өскемен қаласында өткен Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен оқушылардың республикалық олимпиадасында 1-орын алуы; Тараз қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 (12) сынып оқушыларына арналған ғылыми жобалар конкурсының «Тіл білімі (қазақ тілі) секциясы бойынша бас жүлдені иеленуі; Халықаралық лингвистика олимпиадасының 3-орын, XI Республикалық «Ақберен» өнер байқауында 3-орын иегері атануы. Қызым Аяжанның осындай үлкен жетістіктерге жетуі дарынды ұстаз, үздік ұстаз Майра Маликқызының тынымсыз еңбегінің арқасы.
Майра Маликқызы − үнемі ізденістегі, білімін дамытудағы жаңашыл ұстаз. Ол шәкірттерге сапалы білім бере жүріп, біршама белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жете білді. Мысалы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Алғыс хат», «Құрмет грамотасы», «Ы. Алтынсарин», «Дарынды ұстаз», «Үздік ұстаз — 2022» төсбелгілері, «Алматы тұлғалары» байқауының жеңімпазы. Бұл – қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Жақсының жақсылығын айтып, құрметін арттырып, нұрын тасытқанға не жетсін?! Біз үшін тұғыры биік ұстазды сыйлап, оларға ізгілік көрсету – ықылым заманнан қазірге дейін келе жатқан тәлім-тәрбие. Ұстаз – баланың шым-шытырлы рухани жан дүниесіне үңіліп, бала жүрегіне жол таба отырып, дарыны мен талантын ашып, баптап, қанаттандырып, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге бағыттайтын жан.
СУЮНДИКОВА Сымбат,
Абай атындағы РММШ
11-сынып оқушысы
Қырғызбай Аяжанның анасы
Алматы қаласы