Қаныш СӘТПАЕВ,

геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы,

профессор, академик.

«Қазақстанның жер қойнауында түсті, қара, асыл, сирек металдардың барлық дерлік түрлерінің әлемдік деңгейдегі қорлары, минералды тыңайтқыштар шикізаты, көмір, тұздар, құрылыс материалдары, сондай-ақ мұнай мен табиғи газдың үлкен қоры бар.

                      (Қаныш Сәтпаевтың  Мәскеуде өткен съезде сөйлеген сөзінен:)

       1921 жылы Зайсан қаласының тумасы Венедикт Хахлов Томск технологиялық институтында сабақ беріп жүргенде тау-кен факультетінің студенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының болашақ президенті Қаныш Сәтпаевтың ерекше дарынын алғашқылардың бірі болып байқаған екен.

Кейін Венедикт Хахлов Қаныш Сәтпаев туралы былай деп жазды:

«Ол тыныш, кішіпейіл студент еді, оқуға деген талпынысымен көзге түсті. Жалпы геология сабақтарында Михаил Усов пен менің дәрістерімді қызығушылықпен тыңдағанын қуанышпен есіме түсіремін. Усов оқыған жалпы геология курсы геологтарды даярлау үшін ерекше маңызға ие болды. Бұл курс ғылымның кеңдігі мен тереңдігін және оның мемлекеттік маңызы бар міндеттерін үйретеді. Мұндай курсты оқыған студенттің жан дүниесінде ұшқын пайда болады, ғылымды жақсы көре бастайды және білімге деген қажымас күш алады. Бірақ жалпы дәрістер жеткіліксіз, студент ғылыми және танымал әдебиетке деген құштарлықты дамыта білуі керек. Қаныш Имантайұлында дәл осындай жағдай болды, ол арнаулы әдебиеттерді оқуға байсалды қызығушылық танытып, барлық кештерді өз біліміне арнады. Бірде мен оған Вальтердің «Шөлдің пайда болу заңдары» кітабын оқуды ұсындым. Бұл кітапты қайтарған кезде кітапты қатты ұнатып, маған көп сұрақ қойды. Бұл кітап оған Қазақстанның кейбір аумақтарының шығу тарихын түсінуге көмектескенін айтты, ол біздің еңбегімізді ақтады. Ол республика Ғылым академиясының президенті болған кезде де менімен ешқашан байланысын үзген емес.

Оның студенттік шақтан өмірінің соңғы күндеріне дейінгі айрықша белгілері – қарапайымдылығы, адамдарға деген мейірімі және барлығына көмек көрсетуге деген ұмтылысы».

1923 жылдың жазында М.Усовтың ұсынысы бойынша Қаныш Имантайұлы Михаил Русаковтың басшылығымен Орталық Қазақстанда тәжірибеден өтті. Қызылтас су алабының геологиялық жағынан қызықты бөлігінде, Нұра -Шерубай, Жамға, Сарысу өзендерінің бастауында жас геолог Қаныш Имантайұлы таңнан кешке дейін жыныстар мен кендердің пайда болуын, ежелгі қазбаларды зерттеді. Орталық Қазақстанның геологиялық құрылысына қатысатын шөгінділер мен жыныстардың күрделі және алуан түрлі кешенімен танысты.

1924 жылы Қаныш Сәтпаев доцент Николай Горностаевтың жетекшілігімен Семей ауданында таулы геологиялық түсірілімге қатысады, ал келесі жылы өзінің сүйікті ұстазы Михаил Усовтың жетекшілігімен Екібастұздың көмір кеніштерін зерттейді. Қ.Сәтпаевтың атқарған жұмыстары туралы кейінірек Венедикт Хахлов ризашылықпен былай деп жазды: «…Қаныш ең күрделі ғылыми құпиялардың мәнін ашып, ғылыми тұжырымдар жасады, таңғажайып жинақтар әзірледі. Оның дәрістерінде бірде — бір артық сөз жоқ, бірде-бір минутыңызды жоғалтпайсыз. Сонымен қатар ол – шешен адам. Оның бүкіл өмір тәртібі де қатаң және өте үнемді түрде жоспарланған».

Қ.Сәтпаев толық ғылыми дүниетанымға, дұрыс жолды таңдау және белгіленген мақсатқа еш ойланбастан жету қабілетіне ие болды. Қазақстанның шексіз даласында дүниеге келіп және жеңіс үшін күресу дағдыларын дамыта отырып, қатал табиғатының ерекшеліктерін бойына сіңірді. Ол өзінің туған жеріне ғашық болды, оны құрған геологиялық процестердің күшіне тәнті болды және жер қойнауының шексіз байлығына сенді.

Томск университеті кафедрасының тамаша дәрістері оны тәжірибе ісімен тығыз байланыстырып, ғылыми мәселелерді шешуге үйретті. Ол Жезқазған мыс кен орнында кеніш геологының үлкен мектебінен өтті және жұмыста әрқашан өндіріс мүддесін қорғады.

Қаныш Сәтпаев әрдайым жеткіліксіз фактілерге негізделген тұжырымдарға үзілді-кесілді қарсы шықты. Ол және оның көмекшілері тек фактілерге, геологиялық түсірілім мен карталарға сүйене отырып, Орталық Қазақстанның металлорганикалық ерекшеліктері туралы маңызды қорытындыға келетін.

Қ.Сәтпаев Венедикт Хахловқа жанашырлықпен қарады, онымен достық қарым — қатынас орнатты. Бұл туралы Венедикт Андреевич былай деп ерекше ықыласпен еске алған:

«Қаныш Имантайұлымен бірнеше рет кездесу болды. Біз оны соңғы рет ол қайтыс болғанға дейін алты ай бұрын көрдік. Ол өзінің студенттік жылдарын, мұғалімдерін еске алып, оларға шын жүректен алғыс айтты. Ол жоғары оқу орны адамға өмірге жолдама беретінін терең түсінді. Оқу ордасы жоғары білікті мамандарды, өндіріс командирлерін, ғылыми мекеме жетекшілерін, жалпы мәдениетті адамдар даярлап шыққанын айтып, далада жұмыс істеген мұғалімдерінің ынта-жігеріне куә болғанын баяндады. Ол М.Усовтың басшылығына тәнті болды, өнеркәсіп қызметкерлерімен үнемі бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыруға тырысты».

1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтпаев «Советская Россия» газетінің жаңажылдық санында: «Жаңа жылда Сібірдегі ең жасы үлкен әрі ең құрметті геологтардың бірі 70 жасқа толғалы отыр. Шын жүректен құттықтаймын!» деп В.Хахловты мерейтойымен құттықтаған екен.

Н. СЕРЕКАНҚЫЗЫ,

облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы

 «Мемлекеттік архив» мекемесінің архивисі.

Didargazeti.kz 

Сурет: Қ.Сәтпеав университеті.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *