Осы бір эссесінде әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Бұл перзенттің аялап өсірген ата-анасы туралы толғанысы, жүрек сыры іспетті.

Бүгін  1953 жылдың 17 мамыры.  Менің туған күнім. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Алматыда дүниеге келдім.  Ол кезде әкем 30, анам 22 жаста екен.  Олар жас жағынан және өмірдің еншілеріне бөлген талай киындықтарды бастан өткізу арқылы ақыл тоқтатқан кісілер еді.

(Естелік кітаптың алғы сөзінен).

***

… Өкінішке қарай, әкеме тағдырдың сыйлаған ғұмыры ұзақ болған жоқ. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63-те, Пайғамбар жасында дүниеден өтті. біздің отбасымызға зор қайғы алып келген сол жағдайды еске алған сайын көп ойланамын. Өмірдің барлық қиындығын — жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешкен оның маңдайына ұзағырақ өмір сүріп, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздік алуы тәрізді тарихи оқиғаның куәгері болу бақыты неге жазылмады екен? Жаңа дәуірге аяқ баспастан бұрын-ақ осы төңіректе әңгіме бола қалғанда, ол Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз, дербес мемлекетке міндетті түрде айналатынын айтатын. «Еркіндігі жоқ елдің ертеңі де жоқ».

***

Әкемнің туған жері — Алматы (бұрынғы Талдықорған облысы) облысының Қаратал ауданы, Қалпе ауылы. Ол отбасындағы екінші бала. Үлкен ағасы Қасым қазақ дәстүріне сәйкес атасының қолында тәрбиеленіп, сол себепті басқа фамилияға жазылған. Әкемнің қарындасы болған.

***

… Мал-жанынан айырылған қазақтардың көбісі Қытай еліне қоныс аударған. Алайда, әкемнің айтуынша, атам ол жаққа барудан бас тартқан. Жат жерде өмір сүру отбасына әлдеқайда ауыр тиетінін және ең бастысы — Отанмен, туған-туыстармен байланыс үзіліп қаларын білген. Сондықтан отбасы кеңесе келе қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін, кесапатты кезең өткенше Фрунзе қаласына барып, өлмеудің қамын жасап, тірлік етуге тоқтаған. Фрунзеге дейінгі жол ауыр және ұзақ болған. Алайда, олар қалаға аман-есен жетіпті.

***

Қазақ отбасын паналатқан қожайынның есімі Яков екен, қазақ тілінде айту қиын болғандықтан ол бірден «Жақыпқа» айналып кеткен. 70-ші жылдары әкем маған Бішкекке барып, сол үйді көргісі келетінін айтатын. Қым-қуыт тіршіліктің уайымымен жүріп сапарын кейінге қалдырумен болды, ақыры бара алмай кетті…

***

Студент кезімде мен әкемнен оның өмірінің ең қиын кезеңі туралы сұрадым. «Мен үшін ең қиын сәт ағамның қайтыс болғаны туралы хабарды — «қарақағазды» алған сәтім болды», — деді ол. Қасым аға 1942 жылдың ақпанында қаза тапты. Әкем бауырының хаты мен Кеңес армиясының лейтенанты шенінде түскен суретін көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Суреттің артқы жағына өз қолымен қарындашпен «Інім Кемелге естелік үшін» деп жазған. Әкем Қасымның жиі түсіне енетіндігіне, ақыл айтып, кеңес беріп, оны өмірдің қиянаттарынан сақтандырғысы келетін сыңай танытатынын жиі айтатын. Кейде маған әкем туған ағасы аяқ асты тіріліп келеді деп үміттенетіндей көрінетін. Осындай сәттерде ол: «Мүмкін, ол ауыр жарақаттан немесе контузиядан кейін госпитальда жоғалып кеткен шығар, соғыста бәрі болады ғой. Мен ауыр жарақатпен Гомель, Омбы, Алматының әскери госпитальдарында жатқанда аяқсыз, қолсыз қалған көптеген жауынгерлердің отбасына оралудан бас тартып, вокзалдар мен бекеттерде қалып жататынына куә болғаным бар», — дейтін. Алайда, Қасым оралған жоқ. Кейінірек, оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келді. Осыдан кейін ғана әкем мынау жарық дүниеде Тоқаев әулетінен жалғыз өзі қалғанын мойындап тынды.

***

Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты.

***

Бұрын да әке мен бала арасындағы сырласу сәттері аз болмайтын. Жалпы тірлігінде ол кісі маған көп сы­рын ақтарды, айтылмаған, айта алмай кеткен мұң-шері де аз емес-ау деп ойлаймын. Екеуміздің арамызда болған сондай сәттер есіме түскенде әкеме де­ген сағыныш көңіліме мұң қамайды. Өкінетінім – біздің сыр­ласу сәттеріміз аздау бо­лып­ты. Алды-артымды толық танып болмай жатып мен Мәскеуге оқуға кеттім, каникул уақытында ғана Алматыға, ата-анама келіп тұрдым. Оқу бітірген соң менің шет елдердегі көп жылдық “көш­пенді” өмірім басталды да, әкем екеуміздің арамыздағы сырласу, әртүрлі тақырыптағы ашық әңгімеміз бірте-бірте сирей берді.

***

Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін бәрін білу қажет деп санады. Ол кісінің қатысуынсыз өткен ата-ана жиналысы жоқ та шығар, сірә. Төрт баласының барлық мұғалімдерін жақсы білетін. Біздің балалықпен жасаған тентектігіміз, қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайдың бәрі оның назарынан тыс қалған емес. Басқаша айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

20 Наурыз 2019 жыл.

*Көрнекті жазушы, еліміздегі детектив жанрының негізін қалаушы, журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев аудиториясы ашылды.

 сурет:kazgazeta.kz.

Суреттер: Ашық дереккөздерінен алынды.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *