? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор АБДИРАЗАКОВА Кәусар
Қазір 11-сынып оқушылары үшін ең көп ойландыратын нәрсенің бірі – ҰБТ. Мектеп бітіретін уақыт жақындаған сайын уайым да көбейеді. Біріміз грантқа түсуді ойласақ, біріміз таңдаған мамандығымызға жете алмай қаламыз ба деп қорқамыз. Бірақ кейде ойланып қарасам, бізді ҰБТ-ның өзінен гөрі, оның нәтижесінен кейінгі адамдардың пікірі көбірек қорқытатын сияқты.
«Қанша балл жинайсың?», «Грантқа түсе аласың ба?», «Сенен жоғары нәтиже күтіп жүрміз» деген сөздер бізге таныс. Мұндай сұрақтарды қоятын адамдар жамандық ойламайтынын түсінемін. Бірақ кейде осы сөздердің өзі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе өзінен көп нәрсе күтетін оқушы үшін бұл оңай емес. Кейде шаршасаң да демалуға ұяласың, бір тақырыпты түсінбей қалсаң өзіңді кінәлайсың. Өйткені айналаңдағы адамдардың сенен күткен нәтижесі бар. Сөйтіп жүріп өз арманыңнан бұрын өзгелердің үмітін ойлай бастайсың.
Менің ойымша, ҰБТ маңызды болғанымен, адамның бүкіл болашағын бір ғана баллмен өлшеуге болмайды. Әр оқушының қабілеті әртүрлі. Біреу тестті жақсы орындаса, екіншісі өз ойын жеткізуде, шығармашылықта немесе басқа салада мықты болуы мүмкін. Ең өкініштісі, кейде біз өзіміздің не қалайтынымызды ұмытып, тек жоғары балл жинауға тырысамыз. Ал төмен нәтиже көрсеткен адам өзін өзгелерден кем сезінбеуі керек. Себебі бір емтихан адамның барлық мүмкіндігін көрсете алмайды.Бәлкім, біз оқушылардан үнемі нәтиже күтпей, олардың еңбегін де бағалауды үйренуіміз керек шығар. Кейде адамға ақыл айтудан бұрын түсіністік қажет. «Қанша балл жинайсың?» деген сұрақтың орнына «Қалай дайындалып жүрсің?», «Қиын болып жатқан жоқ па?» деп сұраудың өзі үлкен қолдау.
Біз де өзімізді басқалармен салыстыруды азайтып, өз жолымызға сенуді үйренуіміз керек. Өйткені ҰБТ аяқталғаннан кейін де өмір жалғасады. Ал мен үшін ең маңыздысы — өзгелердің көңілінен шығу ғана емес, өзім қалаған болашаққа қадам жасау.
Сондықтан кейде өзіме де, қатарластарымa да бір сұрақ қойғым келеді: біз шынымен ҰБТ-дан қорқамыз ба, әлде елдің біз туралы не ойлайтынынан қорқамыз ба? Мүмкін, осыны түсінген кезде
ғана өзімізге түсетін қысымды азайтып, болашағымызға сенімдірек қарай бастайтын шығармыз.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы.
