Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Домбыра – қазақ халқының жүрегінен шыққан қасиетті аспап. Оның қос ішегінен төгілген күйді тыңдаған кезде бойыңды ерекше сезім билейді. Бірде ол қуантса, бірде мұңайтады, ал кейде өткен тарихымызды көз алдымызға елестетеді. Менің ойымша, домбыраға деген махаббат бір күнде пайда болмайды. Ол бала кезден жүрекке ұялап, жылдар өткен сайын тереңдей түседі.
Менің домбыраға деген қызығушылығым да бала кезімнен басталды. Кішкентай кезімнен домбыраның үнін естісем, ерекше көңіл бөлетінмін. Оның әдемі әуені мені өзіне тартып тұратын. Әсіресе, үйде домбыра тартылып, ән айтылған сәттер маған қатты ұнайтын. Сол кездің өзінде домбыраның жай ғана музыкалық аспап емес, біздің ұлттық болмысымыздың бір бөлігі екенін сезінбесем де, оған деген ерекше ықыласым болды.
Менің өнерге жақындығым бесінші сыныптан бастап айқындала түсті. Сол кезден бастап домбыраға деген қызығушылығым артып, өнерге жақын екенімді түсіне бастадым. Домбыра тарту мен ән айту менің сүйікті ісіме, яғни хоббиіме айналды. Бос уақытымда домбырамен ән айтып, түрлі әуендерді орындағанды жақсы көремін. Сахнаға шығып, өнер көрсету де маған ерекше әсер береді. Өйткені өнер арқылы адам өз сезімін, ойын және жүрегіндегі сырын жеткізе алады.
Мен кейде «Неліктен мен домбыраға соншалықты жақынмын?» деп өзімнен сұраймын. Меніңше, оның бір себебі – бұл қызығушылықтың маған қанмен келгенінде. Менің кіші әкелерім де домбыра тартады, өнерге жақын жандар. Олардың домбыра ұстап, күй тартқанын көріп өскендіктен, бәлкім, осы өнерге деген махаббат менің бойыма да дарыған шығар. Үлкендердің өнерге деген ықыласын көріп, өзім де домбыраға жақындай түстім. Сондықтан мен үшін домбыраға деген қызығушылық жай ғана әуестік емес, отбасымнан жалғасқан өнердің бір жалғасы сияқты.
Домбыраның әрбір үні мен үшін ерекше. Оның қос ішегінен шыққан әуенді тыңдағанда қазақтың кең даласы, тарихы, салт-дәстүрі елестейді. Бір ғана домбыраның бойында қаншама тарих пен сыр жатқанын ойласам, осы аспапты одан сайын қадірлей түсемін. Домбыра – біздің өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұрған алтын көпір секілді.
Мен үшін домбыра тарту – тек өнер көрсету емес. Ол – көңіл-күйімді көтеретін, ойымды тыныштандыратын, жүрегіме жақын хоббиім. Кейде сөзбен жеткізе алмайтын сезімімді домбыраның үнімен жеткізгім келеді. Ән айту арқылы да өзімді еркін сезінемін. Сондықтан домбыра мен ән айту менің өмірімнің кішкентай болса да маңызды бөлігіне айналды.
Домбыраға қызығушылығым уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Мен оны жай ғана үйреніп қоймай, өмір бойы аялап, қадірін түсірмей ұстағым келеді. Себебі домбыра – мен үшін қарапайым аспап емес, халқымның аманаты. Оны аялап сақтау – өз мәдениетіңді, тарихыңды және ұлттық рухыңды құрметтеу деп ойлаймын.
Қазір көптеген жастар заманауи музыкаға қызығады. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ соның арасында ұлттық өнерімізді ұмытпауымыз керек. Домбыраның үнін заманауи әлемде де жоғалтпай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің қолымызда. Егер әрбір жас домбыраны бір рет болса да қолына алып, оның үнін сезінсе, ұлттық өнерге деген қызығушылығы оянуы мүмкін.
Мен домбырамен бірге өсіп, оның қадірін жыл өткен сайын тереңірек түсінгім келеді. Бесінші сыныптан басталған қызығушылығымның болашақта үлкен өнерге ұласқанын қалаймын. Мүмкін, бүгін мен үшін жай ғана хобби болып жүрген домбыра ертең өмірімнің маңызды бір бөлігіне айналар.
Сондықтан «Домбыраға махаббат қайдан басталады?» деген сұраққа менің жауабым – ол жүректен басталады. Кейде ол отбасынан, ата-анадан, аға-әпкеден немесе жақын адамдардан беріледі. Кейде адам оны өзі іздеп тауып, қызығушылық арқылы жүрегіне жақындатады. Ал мен үшін домбыраға деген махаббат бала кезімнен басталып, бесінші сыныпта өнерге деген қызығушылығыммен одан әрі жалғасты. Мүмкін, оның бастауы қанмен келген шығар, бірақ оны жүректе сақтап қалу – өз қолымда.
Мен домбырамды өмір бойы аялап, оның қасиетті үнін өшірмей, мүмкіндігінше кейінгі ұрпаққа жеткізгім келеді. Өйткені домбыраның үні бар жерде қазақтың рухы бар. Ал қазақтың рухы ешқашан жоғалмауы керек.
АБИЛАХАТҚЫЗЫ Нұрай,
Алматы облысы, Райымбек ауданы,
«Қақпақ» ауылындағы
Жаменке орта мектебінің 10 — сынып оқушысы
Жетекшісі:Мұқанбекова Майра Әміржанқызы
