Ерлік! Аясында мыңдаған ердің есімі бар
Тұрсынхан Уалханов пен Төлеусары Мұқатайқызы
Оқу жылының төртінші тоқсаны әлемдегі миллиондаған адамдар мен балалардың, соның ішінде оқушылардың есінде ерекше есте қалатыны рас. Олардың қатарында Қазақстанның барлық мектептерінің оқушылары да бар. Сабақты қашықтан оқып, шәкірттерімізбен дәл солай сөйлестік. Сабақты түсіндірдік, үй тапсырмасын сұрап, олардың білімін бағаладық. Тәрбие сағаттарын да online түрінде өткіздік.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Бабаларға мың тағзым!» атты online тақырыпта сыныбыма әр оқушыға өзінің атасы жайлы эссе жазуды тапсырдым. Өйткені, бүгін мен дәріс беріп келе жатқан бастауыш сынып оқушыларының кез келгенінің үлкен аталары майдан даласында ерлікпен шайқасып, туған ауылының дәм – тұзы бұйырып, аман оралған ардагерлер.
Майданнан оралмаған жауынгерлер қаншама?
Тапсырмаға байланысты шәкірттерім (әрине ата-аналарының көмегімен) шығарма, өлең, бейнежазбалар дайындаған.
Соның бірі – Торғынның атасы Тұрсынхан Уалханов туралы мәліметпен таныс болдық.
— Мен батырдың ұрпағымын. Менің атам 1922 жылы 20 мамырда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Жарма ауданы, Қапан – бұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы желтоқсан айында 17 жасында өз еркімен майданға аттанады. Соғыста екі рет жараланып, госпитальда емделіп шығып, қайта жаумен арпаласады. Мәскеуді, Германияны азат етуге күн – түн демей соғысып, жеңіске жетеді. Жеңісті орнатқан жауынгер атам елге оралған соң, ұзақ жылдар жемісті еңбек етеді.
Майданнан ерлікпен оралған соң, Жарма ауданының құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасады. Жеңіс қаһарманы атанған үлкен бабамды көрмесем де, атамның айтуынша, ХХ ғасырдың соғыстан кейінгі жылдары ауданның көптеген елді мекендеріне салынған құрылыс ғимараттарында атамның қолтаңбасы бар. Атамның ата — анасы жеті ұрпақ тәрбиеледі. Жетеуі де менің ең жақсы көретін жақын адамдарым – көкелерім, апаларым. Олардың немерелері бәріміз татумыз. Бауырмыз. Бір – бірімізді сағынып тұрамыз. Қонаққа келгенде, бірге ойнаймыз. Серуендейміз.
Торғынның ата-әжесі Озат Тұрсынханұлы мен Мадина Ерғазықызы
Менің әжем үнемі атамды, анасы – үлкен әжемді есіне алып отырады. Олардың әруағына бата бағыштайды. Атамның есімі «Үш — биік ауылындлағы соғыс ардагері — батырларға арналған аллеяда мәрмәр тасқа жазылған. Тұрсынхан атамды мақтан тұтамын. Мен үлкен атамды көрмесем де әжемнің айтқанынан, оның суретінен атамды білемін. Әжем, бізге бейбіт өмір сыйлаған атаңның рухы алдында бас иеміз дейді. Ертең өскенде, атам туралы көп оқып, білемін. Атамдай батырлардың есімі мәңгі сақталады. Біз оларды ұмытпаймыз!» — деп жазыпты Торғын Каримжан.
Торғын шығармасында батыр атасының шөбересі екенін айтады. Торғынның ата-анасы жас отбасы. Ажарлы есімді сіңлісі бар. Әкесі – Шиналиев Нұриддин Арыс қаласының тумасы. Әулетіндегі үш баланың кенжесі. «Қазақстан темір жолы» АҚ Оңтүстік филиалы жолаушылар тасымалы саласында еңбек етеді. Анасы – Уалханова Балжан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара Академиясының қызметкері.
М.Мақатаев атындағы №13 мектебінде біліммен қатар тәлімді тәрбие алып келе жатқан шәкірттерімізді ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеуге арналған шаралар жиі өткізіледі. Балалардың жас ерекшелігіне орай өткізілетін шараларға сыныптағы оқушылардың бәрі қатыстырылады. Шәкірттерім бастауыштан бастап, эссе жазуға дағдыланып келеді.
Биылғы оқу жылы сәтті аяқталып, еліміздің мектеп жасындағы барлық баласы жазғы демалысқа шықты. Олар жазда ата-анасының, ата-әжесінәң жанында жақсы демалып, алдағы Жаңа оқу жылында аман –есен мектебі, ұстаздарымен қауышсын деп тілеймін.
Гүлнар АКЧУЛАКОВА,
Өтеген батыр кенті, Іле ауданы,
Алматы облысы