«САТИРАНЫҢ САРБАЗЫ»

Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай «Екі езу»сатира театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек    Хайруллаұлымен кездесу

Әзілді күлкі мен шаттық сыйлайтын әлем деп танитын көрермен мен қалың оқырманның бүгінгі сатира әлемінен Қалтай атамыздың қағытпа қалжыңдарын, Оспанхан атамыздың ойып түсер өткір сындарын, Шона атамыздың шағып түсер әзілдерін іздейтіні жасырын емес. Әзілдеп айта келе күлдіртетін, күлдіртіп алып сынға алатын, сынай отырып қоғамға үн қататын сатираның саңлақтары кешегі Кеңес дәуірінде күлкінің көлеңкесіндегі бірде қатты, бірде ащы шындықты әзілдерімен әрлейтін еді. Сондай алып тұлғаларымыздың бірегейі Шона Смаханұлының биыл туғанына 100 жыл толып отыр.

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақ әдебиетінің жанашыры, сатира саңлағы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай, «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Хайруллаұлымен «Сатираның сарбазы» атты кездесу кеші өткізілді.

Кездесу кешінің шымылдығы Шона Смаханұлы туралы  тарихи-танымдық өмірдеректерімен ашылды. Шона Смаханұлы Кеңес одағы кезеңінде Алматы қаласындағы мектептерде алғаш қазақ кластарының ашылуына зор еңбегін тигізген, сатира, фельетон жанрында кеңінен шығармаларды мұра етіп қалдырған қазақ ұлтының мақтанышы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ұлт жанашыры. Шоқ тілді Шона атамыздың шығармаларының басым көпшілігі – сатиралық шығармалар. Дәлелді деректі фельетондары, қысқа-нұсқа тапқырлық пен ұтымды тұстар Шона Смаханұлы шығармаларының басты мазмұнын құрайды. Ана тіліне жауапкершілігі мен жанкештігі жоғары болған Шона атамыздың жас ұрпақтың келешегі үшін жасаған ерлікке  бергісіз еңбегі Алматыдан асып, ауылдарға еркін жетті. Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасының басты ерекшелігі – шыншылдығы мен сыншылдығында. Ұлы Отан соғысының ардагері Шона Смаханұлының ел үшін, халық үшін жасаған ерлігі өлшеусіз зор болып қала бермек.

Кеш барысы сатираның сарбазы  Нұрлыбек Хайруллаұлымен кеңінен болған сұхбатпен жалғасты. Нұрлыбек Хайруллаұлы  театр, өнер  саласында талай белестерді бағындырып, ерен еңбегінің лайықты марапатын алып келеді. Өзінің еңбек жолында, «Ауылдағы айтқыштар» жинағын шығарып, 2002 жылы Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері. Бүгінде Н.Хайруллаұлы Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, сондай-ақ, өзі бастап, құрған «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі.

Сұхбат басын Нұрлыбек Хайруллаұлы өнер саласына, театр, сахна әлеміне деген қызығушылығын бала кезіндегі ауылға келген шағын театралдық қойылымнан басталғанын айтып, балалық шағын еске алды: «6-7-ші класс оқып жүрген кезім болуы керек, бір кеште ауыл клубында әртістер келді. Өнер көрсеткендердің арасында фокус (сиқыр) көрсеткен кісі мені қатты қызықтырды. Қойылымнан кейін үйде болсын, аулада болсын, оңаша қалып мен де өз білгенімше сиқыр түрлерін жасап үйрене бастадым. Мұным жәй әуре болмады, …бірте, бірте адам қызығарлықтай сиқыр элементтерін жасап машығып алдым. Мектепте өтетін оқушылар арасындағы мәдени шараларға бұл «өнерімді» арнайы қойылым етіп көрсетіп жүрдім. Ұстаздарым  мұнымды жақсы қабылдап, бірер жылда мектеп «жұлдызына» айналдым десем болады. Әрине, өнер саласына бірден топ етіп келе қойғам жоқ, ата-анамның қалауы бойынша дәрігерлік мамандыққа да талаптанып көрдім, педагог болу да жоспарда бар еді… Бірақ бәрібір тағдыр мені театрмен жолығуды бұйырған шығар, әйтеуір, айналып келе балалық арманым жетелегені рас. Сөйтіп, бір күні Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы институтта жаңадан ашылып жатқан «Театр» факультетінен дәм-тұзым бұйырып, өнерге деген өренім осылай басталып кетті. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда осы саланың сарайында дос-жаран тауып, ел ағаларының қолдауын көріп, халқымның аманатын да, алғысында алқалап келемін».

Өз сұхбатында театр әлеміне келетін болашақ жас жеткіншектеріңізге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз деген сауалға Нұрлыбек Хайруллаұлы былайша жауап берді: «Менің өнер жолында өзіме мақсат еткен үш ұстанымым бар: Біріншісі – еркіндік. Сатира жазу барысында қай тақырыпты алсам да ешкімге, ешнәрсеге жалтақтамай еркін жаза білу. Халықтың көкейінде жүрген мәселені басты назарға ала отырып, әзіл арқылы күлдіре отырып, қоғамға жеткізу. Екінші ұстаным – көрерменіңді, оқырманыңды құрметтеу. Жазған әзілің оқырманыңа ой салсын, сахнадағы әзіліңді көрген көрерменің күле отырып, шынайы көңілденсін. Үшіншісі – өзіңнен кейін өскелең ұрпаққа азық болатындай мұра қалдыру. Жазған шығармаң да, сахналаған қойылымың да қалың бұқараға өнеге болып қалуы керек».

Кездесу кешінде қойылған сауалдарға Нұрлыбек Хайруллаұлы әзіл орамымен жауап беріп, әр сұхбатында көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көңілді кездесу барысында «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды, сонымен қатар сергіту сәті ұйымдастырылып, кеш қонағы Нұрлыбек Хайруллаұлы салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға өз әзілінің нақышын келтіре жауап беріп отырды. «Екі езу» сатиралық театрының әзілкештерімен бірге «қонақ кәдесін» ұсынып, өз өнерлерін көрсетті, авторлық әндерін орындады. Кеш соңында С. Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық Жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлнар Рамазанқызы әсерлі, әрі көңілді кездесу тарту еткен Нұрлыбек Хайруллаұлына кітапхана ұжымы атынан Алғыс хатын табыстады.

Бүгінгі қазақ сатирасында сан  алуан жанрлық түрлердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысы бір әлем. 80-90-шы жылдары ата-аналарымыз теледидардан ғана көруді армандаған «Тамаша» әзіл-сықақ театры өз алдына бір төбе болса, одан кейін «Бауыржан-Шоу», ал бүгіндері әзіл өрнектері әрқилы «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент-Шоу», «Әзіл әлемі», «Өнер қырандары» секілді театр саңлақтарының өз көрермендері бар. Біздің айтарымыз, солармен бірге қоғам өмірінің қазіргі тыныс-тіршілігін, адам табиғаты мен мінез-құлқының көз шала бермейтін қия беткейін ашып, көрерменіне ерекше әзілімен  жеткізіп беруге қауқарлы, «екі езуің» езілгенше күлдіретін Нұрлыбек Хайруллаұлы секілді сатира сарбазы жетекшілік ететін «Екі езуі» сатира театры қазақ өнерінің биік шыңынан көріне беруіне шын жүректен тілекшіміз.

Сандуғаш Егізбаева.

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе

 облыстық жасөспірімдер

кітапханасының қызметкері.

Ақтөбе қаласы.