Ару қалам, Алматым, таң – жанары,
ұрпақтардың арманын жалғар əлі.
Ана қыран апай төс
Алатаудың
кеудесінен тұр көкке самғағалы!

Бұл өлең шумағы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова апамыздың «Алматы» өлеңінен алынды.

Мен де ақын туған Атырау топырағынан мектеп бітірген соң алып-ұышып Оңтүстік Астанаға арман қуып келдім. Арманым – журналист болу. Мектепте оқып жүріп, ізденіп жазған дүниелерімді құшақтап, «Тұран» Университетіне құжаттарымды тапсырдым. Жолым болып, міне студент атандым. Алматы – әр баланың арманы. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүріп келе жатқан балалардың ата-анасы, бір туысы Алматыға жас шағында келіп, білім алып, жүрек қалауындағы мамандық иегері болып, туған жерге Туын тікен азаматтар. Сондықтан, қай-қайсысы болсын, мектеп бітіріп, әсем қаланың бір Жоғары оқу орнына, колледжіне түсуді алдына мақсат етіп қояды.

Арманы орындалған жастың бірімін. Қызыққа толы студенттік шақтың бір айын артқа тастап, алға қарай адымдап келемін. Қызық! Кеше ғана ҰБТ-ға дайындалып, өміріміздің жаңа баспалдағын қалай аттаймыз? Біз –  баспалдықтың алғашқы сатысына нық сеніммен қадам баса алармыз ба деп не боларын  білмей алаңдаған біз, қазір болашаққа нық сеніммен қараймыз. Былайша айтқанда, осыған дейінгі түлектердің күліп отырып есіне алатын жастық шағындамыз.

Алматыға келгеніме тек  бір айдан асса да, қазірде студенттік өмірдің нағыз дәмін сезініп жүрмін деп айта аламын. Алғаш жатақханаға орналасып, оқу орнымызға қабылданған кез сондай ыстық. Ал ең қызығы, бұл әрине бір топқа жиналған жан-жақтан келген жастар. Әрі мамандығымызды сүйіп таңдаған группаластар атану сондай керемет. Тобымыздың жетекшісі тағайындалған, достық, бауырмалдық қасиеттерді жандүниемізге берік орнықсын деген мақсатта көкке демалуға шықтық.  Бәріміз жиналып, әңгіме дүкен құрдық. Бір-бірімізбен жақын танысу үшін туған ауылымыз, оқыған мектебіміз туралы сыр шерттік. Топ ішіндегі әр студенттің өзіндік қызығушылығы, өзімен таныс болған кез сондай ерекше болған еді. Жарыса сабақ айтып, өзімізді жаңа қырымыздан аша білдік те.

Әрине,студенттік өмір, сабақ деп үйдегілерімді, жақындарымды ұмытпадым. Күнделікті үйдегілермен сөйлесіп, кейде қатты сағынып, жатақхана ішіндегі қыздар болып, көзімізге жас алып алған кездерде  жиі болды. Алайда бұл армандаған қаламызға не себепті келгенімізді,  мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігін бір еске түсіріп аламыз. Алда әлі талай қызықты сәттер, ұмытылмас естеліктер болары сөзсіз.

Әзірге,  менің студенттік өмірімнің қызықты күндері осылай басталды. Ақын жырлағандай, болашақта көкке самғаған қыран құстай биіктерді бетке алатын, елімізді жаңа ғасырда көркейтер ұрпақтан боламыз деп мақтанышпен айтамын.

 

 

 

 БИСЕМБАЕВА Гульнасип  Мадиевна,

«Тұран» Университетінің 1-курс студенті.

«Farabishakirti.kz» сайтының штаттан тыс тілшісі.

Алматы қаласы

Суреттер: автордан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *