Тәуелсіздік – бабалар арманы
Тәуелсіздік деген сөздің астарында тәуелсіз, егемен ел болу, ешкімге бағынышты болмау деген терең мағыналы астар жатыр. Біздің ата–бабаларымыз ежелден ешкімге бағынғысы келмей, өз жерін өзгелерден қызғыштай қорып, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған. Қазақтың пейіліндей кең байтақ даламыз ержүрек, қайсар бабаларымыздың еліне деген сүйіспеншілігімен, көзсіз ерлігімен, табандылығы мен қайсарлығының, бірлігінің арқасында бізге аманат болып қалып отыр.
Ерте замандардан бері қазақтың жеріне көз тігіп, иемденгісі келгендер көп болған. Тарихымызға үңіле қарасақ, 100 жылға созылған қазақ–жоңғар соғысы кезінде ел басына күн туған заман болды. Осы кезеңде халықтың күйзелісінен шыққан «Елім–ай» әні елдің ауыр жағдайын көз алдыңа елестетеді.
Қиын сәтте ел алдындағы маңызды мәселе жоңғарларға қарсы тұру болды. Осы орайда қазақтың үш биі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биүш жүздің басын қосып, күш біріктірді. Қазақ жауынгерлері жеңіске жеткен шайқастар үш жүз бірігіп тізе қосып, жауға қарсы тұра алатындықтарын дәлелдеп берді. Қазақ қолдарының жеңісі елдің рухын көтеріп, жеңіске деген сенімділігін нығайтты. Бірлікпен ынтымақтаса әрекет еткенде алынбайтын қамал жоқ екендігін, қазақтың жерін қазақтан өзге ешкім қорғамайтынын тарихымыз тағы да дәлелдеп берді. Жоңғарлармен болған ірі шайқастардааса көрнекті қолбасшылар –Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсенти Малайсары, Сіргелі Қаратілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Тайлақ батыр, Бөлек, Райымбек батыр және т.б. үлкен ерліктің үлгісін көрсетті. Біз батыр бабаларымыздың, ерлеріміздің ел қамы үшін жасаған көзсіз ерліктерін еш ұмытпаймыз.
Ата–бабаларымыздың арманы шындыққа айналды. 30 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел болдық. Осы уақыт ішінде еліміз небір қиын қыстау кезеңдерді артқа тастап, даму жолына түсті.
Бүгінгі таңда қазақ елін әлем таниды. Жастарымыз шет елдерде де білім алуда. Мен жастардың бойынан ата–бабаларымызда болған асыл қасиеттерді көргім келеді. Қайтпас қайсар, шыдамды, ақылды, елі үшін жанын пида ететін ұрпақ барда еліміздің келешегі жарқын болатынына сенімім мол.
Мұрат Сымбат
№44 жалпы орта білім беретін мектептің
9«В» сынып оқушысы
Жамбыл облысы, Меркі ауданы