Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері

Шаршы алаңда шаршауды білмейтін Бекзат Саттарханов шымшықтың тұмсығындай қысқа ғұмырында барлығы 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жетті. Ал ҚР тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Сидней Олимпиадасындағы жеңісі үшін Бекзат Саттархановқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де тарихта қалды.

Қазақстандық олимпиада чемпионы, белгілі боксшы Бекзат Саттарханов 2000 жылы 31 желтоқсанда көлік апатынан қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол өзінің туған өлкесі Түркістандағы зират аумағында жерленді. Бүгінде даңқты боксшының құрметіне туған қаласы Шымкентте Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебі ашылды. Сондай-ақ, Түркістандағы бір ықшамауданға және Алматыдағы көшелердің біріне Бекзат есімі берілді. Оның есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін «Бекзат» атты кітап, фотоальбом, өлеңдер шығарылып, деректі фильм түсірілді. Stan.kz интернет-порталы талантты боксшының жетістіктері мен өмірін еске алады.

Боксшы – заңгер

Қазақтың даңқты боксшысы Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4-ші сәуірінде киелі Түркістан қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Сейілхан, анасы – Сырлыкүл. Сейілхан әке мен Сырлыгүл ананы тағдыр талай сынаққа алғандай. Екі ұлдан соң дәрігерлер денсаулығың жарамайды, өліп кетуің мүмкін деп, анаға бала көтеруге тыйым салған. Алайда, әке-шеше үшінші ұлға өмір сыйлады. Құрсаққа біткен төртінші ұл Бекзаттың да көрер жарығы бар екен. Анасы дәрігермен тартысып жүріп, ақыры кенжесін де дүниеге әкеледі. Анасы жүктіліктің 6 айында емханаға тіркелуге барған кезде, іштегі баланың жүрек соғысын естіген окушер-генеколог оның ешқандай балаларға ұқсамайтынын айтқан. Жолбарыс па, әлде арыстан ба әйтеуір басқа, өзгеше бала деген екен.

Бекзаттың Бағдат, Болат, Мақсат есімді өзінен үлкен үш ағасы болды. Олар да басқа мектептегі спорттық жарыстарда қарсыластарын тізе бүктіріп, оза шапты. Бірақ, ешқайсысы үйдің сүт кенжесі Бекзат секілді спортты биік мұрат тұтқан жоқ. Ал кішкентай кезінде көп ауырып, өте әлсіз, алжуаз болған Бекзатты атағы жер жаратын даңқты спортшы болып, есімі тарихта қалады деп ешкім ойламаған еді.

Бекзат бала күнінде өте әлсіз болғандықтан, ата-анасы кенже ұлдары үшін қатты алаңдайтын. Содан өзін қорғай білсін деген оймен олар Бекзатты күрес үйірмесіне береді. Бірақ, Бекзаттың арманы күрес емес еді. Бұл спорт түріне ынтасы болмаған соң сондай-ақ, күреспен айналысу бойдың өсуіне кедергі болады дегенді естіген Бекзат күресті тастап, бокспен айналыса бастайды.

Бекзат бокспен ғана шұғылданған жоқ. Сондай-ақ, заңгер мамандығы бойынша білім алған. Ол алғашында Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факакультетін, содан кейін туған жері Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін заң мамандығы бойынша бітіреді.

Серік Қонақбаеты үлгі тұтты

Ұлт мақтанышы бокста 80 жылы Мәскеу Олимпиадасының финалында жұдырықтасқан Серік Қонақбаеты үлгі тұтты. Қонақбаев шаршы алаңда жұдырықтасқанда Бекзат бесіктегі бала еді. Сонда Бекзаттың анасы кенже ұлының да Серік Қонақбаев секілді боксшы болғанын арман етіпті. Бекзат та анасының сол аманын орындағысы келді ме, ержеткен соң көңілі боксқа ауды.

1997 жылы Бекзат басқа да жарыстарға қатысады. Қарағанды мен Германияның Кельн қалаларында болған турнирде топ жарып,  Олимпиадаға даярлау облыстық орталығына қабылданады.

Бекзат Саттархановттың спорттық мансабы жылдам дамыды. 15 жасында ол бокс қолғабын киіп, үш жылдан кейін халықаралық Олимпадағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Сол күні Бекзат үйіне жастар арасындағы әлем чемпионатының «күміс»  медалімен оралды. Болашағы зор спортшыны Қазақстан бокс құрамасының бас жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бірден байқайды.

1998 жыл да Бекзатқа сәттілік сыйлады. Ол жасөспірімдер арасында өткен Аргентидағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сол жылдары Қостанай қаласында өткен жарысқа қатысады. Алайда, 54 келі салмақпен сынға түскен Бекзат Марат Мәзімбаевтан жеңіліп қалады. Дегенмен, бапкерлердің көзіне түсіп, сенімінен шыққан Бекзат еш қиындықсыз ұлттық құрамаға қабылданады.

Бекзат сондай-ақ, Түркістанда өткен Әбдісалан Нұрмахановтың құрметіне орай ұйымдастырылған турнирде жеңіске жетіп қана қоймай, ең үздік боксшыға берілетін сыйлықты иеленді. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы турнирдің де жеңімпазы атанып үлгерді. Ол, Таиландта өткен бүкіл Азия біріншілігіне де қатысып, жүлдегер атанады.

Ал, 1999 жыл оның Сидней олимпиадасына бір табан жақындауына ықпал етті. Сол жылы Венгрия мен Болгарияда халықаралық турнир болып, Бекзат бәсекелестерінен оза шабады. Осыдан кейін, Ташкентте болған бірінші Азия біріншілігіне қатысып, күміс жүлдегер атанады.

 Сидней олимпиадасының алтыны

2000 жылы Сиднейдегі Олимпиадада ол ең жоғары тұғырға көтерілді.

Бекзат барлық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінді. Көптің есінде қалған 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ғана ерекшеленбейді. Себебі, Бекзат мұхиттың ар жағындағы төртжылдық додасына аттанғанға дейін жеңімпаз атанып қойған болатын. Ол Қырғыстанда өткен Азия ойындарында, Испанияда болған халықаралық жарыстарда қазақтың көк жалауын желбіретті. Сонымен қатар, Астанада өткен «Қазақстан-Куба» кездесуінде айқын жеңіске жетіп, Чехияда болған «Гран-Приде» жеңімпаз кубогын иеленіп, төбесіне көтерді. Ал Мәскеу қаласындағы ТМД елдерінің біріншілігінде төрт бірдей жүлдені жеңіп алып, сайыстың үздік боксшысы деген атақ алды.

Дегенмен, солардың ішінде Бекзаттың ғана емес, Қазақстанның да атын бүкіл әлемге танытқан ең сүбелісі әрине, Сидней олимпиадасы

Шындығында, олимпиада алдында елдегі бокс мамандары Бекзатты бала сынып, Сиднейге жібергілері келмепті. Себебі, ол кезде Бекзат 20 жастағы бозбала болатын. Бірақ, бас бапкер Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзіндегі отты көріп, оған зор сенім артады. Мінекей, өзінің жойқын соққыларымен, әбжіл әдістерімен Бекзат Сиднейдегі жеңісті жақындатты. Алдымен, Румыния боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуді, кейін африкалық Джефри Матебулланы, сосын түркиялық Рамазан Палианимен, морокколық Тахар Тамсаманилді ойнап жүріп жеңді. Осылайша, Бекзат нағыз сенсация жасады. Ол туралы бүкіл әлем жарыса жазды, шетелдіктер Қазақстанды картадан іздеп әлек болды. Олар 20 жасар жігіттің жұдырықтасу өнеріне бас иді. Ал финалдағы қарсылас осал адам болмады. Ол әлем чемпионы америкалық Рикарду Хуарес еді. Шаршы алаңда еліктей ойнақтаған Бекзаттың бокстасу шеберлігіне тіпті, шетелдің комментаторлары тәнті болып отырды.

Сөйтіп, енді ғана 20- ға толған Бекзат өркөкірек Американы, Әлем чемпионы Хуарестің өзін жылатты. Сонда шартарап қол соқты. Қарапайым қазақ жігітінің, Бекзаттың жеңісін көргенде шаттанбаған, қуанбаған қазақ қалмады. Сиднейде Қазақстанның әнұраны шырқалып, көк Туымыз көкте желбіреді.

Осылайша, Қазақстанның спортшылары Сиднейден олжалы оралды.

Бірақ, жұртшылық бәрінен де қазақтың бокс тарихындағы алғашқы олимпиада чемпионы Бекзатқа тәнті болды. Бекзаттың жұдырықтасу техникасы өзгеше еді. Жүйрік жігіттің көз ілеспес аяқ қимылы да үздік боксшыларды таңдай қақтырды.

Stan.kz