Әлеуметтік желідегі жарнамаға сенген шығысқазақстандық алданып қалды

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны интернет кеңістігіндегі алаяқтықтың құрбаны болды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған «несие рәсімдеуге көмектесеміз» деген жарнамаға сенген әйел белгісіз біреуге 100 мың теңге ақша аударып жіберген. Алайда уәде етілген қызмет көрсетілмеген. Алаяқтың арбауына түскенін түсінген жәбірленуші бірден полицияға жүгінді. Аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Полиция өкілдері интернет-алаяқтықтың қазіргі таңда кең таралған қылмыс түріне айналғанын ескертеді. Қаскөйлер азаматтарды алдаудың сан түрлі әдісін қолданады: жалған несие ұсыну, жасанды интернет-дүкендер ашу, жеңіл жолмен табыс табуға шақыру – мұның бәрі алаяқтардың қармағына түсуге итермелейді. Осы орайда полиция тұрғындарға сақ болуға кеңес береді. Бейтаныс адамдарға ешқашан ақша аудармаңыз, ұсынылған ақпараттың рас-өтірігін тексеріңіз. Несие рәсімдеуді тек ресми қаржы ұйымдары арқылы жүргізіңіз. Жеке және банк деректеріңізді бөгде адамдарға жарияламаңыз. Егер сіз де алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз – бұл қылмыстың жолын кесуге көмектеседі.

Polisia.kz