ЖЕҢЕМІЗ!

Қайым Мұхаметханов «Жеңеміз» өлеңі соғыстың бірінші күні 1941 жылы 22 маусымда жазған.

Асқар бел,

Шалқар көл,

Кені мол жеріме.

Шат көңіл,

Ұлы өмір,

Ерікті еліме,

Құтырған қанды ауыз,

Емінген жалмауыз,

Салмақ лаң,

Төкпек қан, Кіжінген қас дұшпан:

«Сені ме, сені ме!» Ей, жауыз! Жарғанат:

Жарықтың, халықтың дұшпаны,

Дөп келдің – өлетін жеріңе,

Қазылған көріңе!

*Алмасын асынып,

Қайратын асырып,

Айбатты арыстан,

Жау көрсе ашынып,

Өшбір жау өмірде,

Көрмеген басынып.

*Аспанның тәңрі – Ай,

Суда да, жерде де Жүретін әмірі.

Кез келдің Отанның,

Еңіреген еріне!

*Арам ниет,

Қара бет,

Арман кет!

*Отанға – Анаға,

Кемеңгер, данаға,

Кең ақыл алыпқа,

Ұлы елге, халыққа Ұланы берген серт –

Келмейсің теңіме!

*Ел шетіне жау келсе,

Арыстандай алысқан,

Тұлпар мініп, ту алып,

Қан майданда қарысқан,

Толғай тартқан көн садақ,

Тиетін барып алыстан,

Қынаптан алып қылышын,

Кескілесіп шабысқан,

Ел үшін жаным құрбан деп,

Емен найза салысқан,

Терлігі кеңіп дем алып,

Тұлпары тынбай шабыстан.

Бір күні құр өтпеген,

Айғай-сүрен дабыстан,

Еш қымбатты болмаған

Елі мен ары, намыстан.

*Даланы түнек басқанда,

Шалдығып елі сасқанда,

Көкте бұлт түнеріп,

Күн көрінбей аспанда,

Кеменгер дананың,

Ұлы Отан – Ананың

Ақ сүтін ақтайтын,

Күн туды баланың,

*Бір тілек,

Бір жүрек,

Бір мақсат,

Бір білек.

*Ал, аттан,

Күл талқан,

Болсын жау

Қайтпасын жүректен

Таймасын табаның!

*Желменен жарысқан,

Ауыздықпен алысқан,

Туыңды ал, мін тұлпар,

Үлы елдің ұланы арыстан!

*Таңырқат тарихты,

Сүйсіндір халықты,

Аспанда – ақ сұңқар,

Қи жаудың желкесін, қарысқан!

*Әділет, жаңалық,

Бұл майдандасқаны.

Тұманға айналмақ,

Жауыздың аспаны.

Сенеміз,

Жеңеміз,

Көрінер

Ертең-ақ,

Әділет –

Ақ нұрын әлемге

Шашқаны!

Дина МҰХАМЕДХАН,

профессор, «Қайым Мұхамедханов атындағы

білім және мәдениет орталығының» директоры.

Алматы

https://www.facebook.com/dina.mukhamedkhan