Айвас Хазиев: Жерге және еңбекке деген сеніммен

Айвас Мамедұлы Хазиев – Жамбыл облысы Қайнар ауылының жас фермері. Ол өз мысалымен жерге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық және дәстүрге адалдық қарапайым шаруашылықты өмірлік іске айналдыруға болатынын дәлелдеп келеді.
Жеті баланың кенжесі Айвас бала күнінен ата-анасына шаруашылықта көмектесіп, мал шаруашылығы мен егіншілік негіздерін меңгерді. 2004 жылы Қырғыз Республикасындағы Бішкек ауыл шаруашылығы аграрлық университетіне оқуға түсіп, тиісті білім алды. 2008 жылы туған ауылына оралып, фермерлікті дамытуға білек сыбана кірісті.
Сол жылы-ақ ол «Ибрагим Хабиб» шаруа қожалығын құрып, 18,9 гектар суармалы және 31 гектар тәлімі жерден бастады. Алғашында жоңышқа мен дәнді дақылдар егіп, мал өсірумен айналысты. Бүгінде шаруашылығы айтарлықтай кеңейіп, 50 гектар суармалы, 300 гектар тәлімі жер мен 250 гектар жайылымды қамтиды.
Фермер төзімділігі мен өнімділігімен танымал еділбай тұқымды қой өсірумен белсенді айналысады. Қожалықта 790 бас қой, 30 сиыр және 8 жылқы бар.
Айвас шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып жүр. 2022 жылы ол «Беларусь 89.2» тракторы мен пресс-техникасын сатып алса, 2024 жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы YTO 13.04 тракторын иеленді.
Айвас – ауылдың беделді тұрғыны, қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларына белсене қатысады.
Айвас Хазиевтің өмір жолы – өзіне деген сенімнің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және адал еңбектің айқын үлгісі. Осындай фермерлер – қазіргі Қазақстан ауылының болашағын қалыптастырып жатқан нағыз еңбек адамдары.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Баспасөз орталығы