Кино – қоғам айнасы

Кино – адамның өмірін, сезімін және қоғамды экран тілі арқылы бейнелейтін өнер. Кино тарихы сонау 19 ғасырдың өз тамырын кеңге жайған. Халық үні мен заманауи бағытты бірге өрбіткен кино өмірі қызыққа толы. Ал, неліктен ол қоғам айнасы? Сұраққа бірге жауап берейік.
Мысалы, “Qaitadan” фильмі апат жанрындағы тұңғыш отандық фильм. Фильмде 2010 жылдың 11-нен 12 наурызға қараған түні орын алған Қызылағаш апаты суреттеледі. Сол түні су қоймасының бөгеті жарылып, Қызылағаш ауылының біраз бөлігі толқын астында қалған еді. Бұл – бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қасірет.
Фильм осы оқиғаның негізінде түсіріліп, тек табиғи апатты ғана емес, адамның рухын, төзімін және өмірге деген үмітін бейнелейді.
Туындыда ауыл тұрғындарының басына түскен қиындық, үрей мен үміт аралас сезімдері шынайы жеткізілген. Әсіресе ананың баласын іздеген сәттері, адамдардың бір-біріне қол ұшын созуы – көрерменнің жүрегіне әсер етпей қоймайды. Біздің сынып жетекшіміздің туыстары дәл осы Қызылағаш ауылында тұрған екен. Сол себепті фильмді көргенде біз үшін бұл жай ғана кино емес, шын өмірдің естелігі сияқты болды. Әр кадрда шындық бар. Әрбір көзқарастан сол бір түннің ауыр тынысы сезіледі.
«Қайтадан» – тек қираған ауылдың емес, қайта тірілген үміттің символы. Адамдар өз үйлерін, өмірлерін қайта қалпына келтіріп, рухани тұрғыда да жаңара алды. Бұл фильм арқылы біз қиындықты жеңудің, бірліктің, сенімнің не екенін түсінеміз. Сондықтан да кино ол қоғам айнасы. Ол тек оқиғаны айтып бермейді, ол адамның жанын көрсетеді.
Кино – заман сайын өзгеріп отыратын қоғамның көрінісі. Әр дәуірдің өз үні, өз бейнесі бар. Егер өткен ғасырдың кинолары ұлт тарихын сақтаса, бүгінгі фильмдер қазіргі қоғамның толғанысын, жастықтың үні мен заманауи өмірдің бейнесін жеткізеді. Кино – адамға ой салып, өмірге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Менің ойымша, кино – тек көңіл көтеру емес, тәрбиелік, рухани мәні зор өнер. Ол халықтың мәдениетін, мінезін, арманын көрсетеді. Сол себепті, киноны түсіну – өз қоғамыңды, өз еліңді түсіну.
МАРАТОВА Сабина,
Абай Ұлттық мектебінің 11- сынып оқушысы.
Алматы





