Байрағың басын имесін, ауғанда болған ардагер!

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толық шығарылған күні. Дәл осыдан 36 жыл бұрын Ауған жерінен соңғы Кеңес әскері шығарылды. Содан бері 15 ақпан – ардагерлер үшін аса маңызды, жүрекке жақын күн болып келеді.

 

Осы атаулы күнге орай біз сыныбымызбен «Жамбыл облысы Ауған соғысы ардагерлері» штаб-музейіне бардық. Мұнда бізді штаб бастығы Абдықұлов Құлымбет Садуақасұлы қарсы алды. Ол бізбен сұрапыл соғыстағы жылы естеліктерімен де, көңілге қаяу түсіретін мұңды сәттерімен де бөлісті.

– Сізді соғысқа баруға не итермеледі?

– Осыдан 47 жыл бұрын мен небәрі 18 жаста едім. Өздеріңдей жас, бойымда күш-қайрат тасып тұрған жігіт болатынмын. Менің әскерге шақырылатын жылым дәл осы соғыспен тұспа-тұс келді. Үйімді, туған жердің топырағын қимасам да, соғысқа барамын деп шештім. Бұл шешімімнің себебі бар еді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, бізге Ұлы Отан соғысының ардагерлері келіп, өз ерліктерімен бөлісетін. Сол кезде «Отан үшін керек болса, жанымды да аямаймын» деп өз-өзіме серт берген едім. Сол антым мені әскер қатарына алып келді. Осылайша 20 мыңнан астам сарбаздың бірі болдым.

Қазіргі заманда мұндай шешім қабылдау оңай емес шығар. Бірақ ол кезде біз үшін Отан алдындағы борыш қасиетті ұғым еді.

– Соғыстағы ең жылы естелігіңіз қандай?

– Соғыс деген атымен суық сөз ғой. Бірақ сондай қиын кезеңнің өзінде жүректі жылытар сәттер болды. Ай жарығында жау оғынан тыныштық орнаған мезеттерде бәріміз бір жерге жиналатынбыз. Біреу гитара алып, ән шырқайтын. Сол сәтте өзімізді бейбіт елде жүргендей сезінетінбіз. Бір сәтке болса да соғысты ұмытып, туған үйімізді, ата-анамызды, достарымызды еске алатынбыз. Қанша ауыр кезең болса да, дәл сол сәттер бізге рух берді. Сол себепті ол естеліктерді қазір күле отырып еске аламыз.

– Соғыстан елге оралғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Туған жердің топырағы қандай қымбат екенін сол кезде шын түсіндім. Он жылға созылған соғыс маған өмірдің ең басты құндылығын үйретті. Біз кейде бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызды байқамаймыз. Ал ол – үлкен бақыт.

1989 жылы майданнан қаншама бауырларымыз елге оралмады. Бірі — жау оғынан қаза тапты, бірі хабарсыз кетті. Ал кейбірі елге аман келгенімен, қол-аяғынан айырылды. 18-20 жастағы талай жастың тағдырына балта шабылды.

Бірге нан бөлісіп жеген, бірге күліп, бірге күрескен достарыңның сондай хәлге түскенін көру – соғыстың ең ауыр шындығы.

– Қазіргі өскелең ұрпаққа не айтар едіңіз?

– Сол жылдар маған бір үлкен шындықты үйретті: соғыста шынайы жеңімпаз болмайды, тек адам тағдырлары өзгереді. Сондықтан бейбіт өмірдің әр күні – үлкен сый. Таңертең мектепке еркін бару, достарыңмен алаңсыз күлу, ата-анаңның амандығын көру – бәрі де баға жетпес бақыт.

Бейбітшіліктің қадірін көбіне оны жоғалту қаупі төнгенде ғана түсінесің.

Мен сендерге айтарым – білім алыңдар. Білім сендерді биікке жетелейді. Қару емес, ақыл мен парасат қана елді дамытады. Жақсы маман болып, адал еңбек етсеңдер, бұл да – елге қызмет етудің бір жолы. Бірлік пен достықты сақтаңдар. Соғыс жылдары бізге ең үлкен күш берген – жанымыздағы жолдастарымыздың сенімі мен қолдауы болды. Адамды ұлтына, тіліне, дініне қарап бөлмей, ең алдымен адам ретінде сыйлауды үйреніңдер.

Ата-анаңды құрметтеңдер. Қиын сәтте ең қатты сағынатының – отбасың. Олардың ақылы мен батасы – сендердің тіректерің.

Тарихты ұмытпаңдар. Өткенді білу – болашақты дұрыс құруға көмектеседі. Біздің ерлігіміз соғысты мадақтау емес, бейбіт өмірдің құнын түсіндіру.

Нағыз батыр болу – қолыңа қару алу емес. Нағыз батыр болу – еліңе адал болу, жақындарыңа қамқор болу, арманың үшін табандылықпен еңбек ету. Сендер – болашақсыңдар. Біз көрген ауыр күндерді сендер көрмеңдер. Ашық аспан астында еркін өмір сүріп, армандарыңды жүзеге асырыңдар.

Бейбітшілік – ең үлкен жеңіс.

Сұхбат соңында біз ардагерге алғысымызды білдірдік. Бұл кездесуден кейін біз бейбіт өмірдің қадірін тереңірек түсіндік. Осындай батырлардың ерлігі тарих беттерінде ғана емес, біздің жүрегімізде де мәңгі сақталуы тиіс.

Сұхбатты жазып алған: РЫСПЕК Айзере,

Тараз қаласы, №49 мектеп-гимназиясы

Сурет: ашық дереккөзінен алынды.