ӨНДІРІС ҮШІН ҒЫЛЫМ: Жаңа технологиялар Қазақстандағы болат сапасын қалай жақсартады

Қазіргі заманғы өнеркәсіп конструкциялық материалдардың сапасына барған сайын жоғары талаптар қоюда. Тау-кен металлургия кешенінде, машина жасау және энергетика салаларында қолданылатын жабдықтар қарқынды жүктемелер, жоғары тозу және температуралық әсерлер жағдайында жұмыс істейді. Мұндай жағдайларда бөлшектердің ұзақ мерзімділігі мен материалдардың сенімділігі кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен олардың экономикалық тиімділігінің негізгі факторларына айналады.
Жауапты бөлшектерді өндіруге арналған негізгі материалдардың бірі күрделі легірленген болаттар болып қала береді. Олардың беріктігі мен тозуға төзімділігі жоғары, алайда оларды дайындау кезінде құрылымның біртекті болмауына, ішкі ақауларға және қасиеттердің тұрақсыздығына байланысты мәселелер жиі туындайды. Бұл факторлар бұйымдардың мерзімінен бұрын тозуына, жабдыққа қызмет көрсету шығындарының артуына және өндірістік сенімділіктің төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Болат сапасын арттырудың дәстүрлі әдістері — легірлеу дәрежесін
арттыру және термиялық өңдеу режимдерін күрделілендіру — қазіргі уақытта өз шегіне жетті. Қосымша легірлеу өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай жоғарылатады, ал технологиялық процестерді күрделілендіру соңғы нәтиже тұрғысынан әрдайым өзін-өзі ақтамайды. Осыған байланысты құрамды өзгертуге емес, металл құрылымын басқаруға бағытталған технологиялар ерекше өзектілікке ие болуда.
Дәл осындай тәсіл «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеаҚ жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулерде іске асырылуда. Мәселен, университет ғалымдары BR24993020 «Балқымаға әсер ету синергиясы есебінен біртекті құрылымы бар күрделі легірленген болаттарды дайындау технологиясын әзірлеу және енгізу» бағдарламасын (ғылыми жетекшісі – проф. А.З. Исағұлов) орындау шеңберінде балқыманы алу және кристалдану процесінде оған кешенді әсер етуге негізделген технологиялық шешімдерді әзірлеуде. Модификациялаушы және инокуляциялаушы қоспаларды сыртқы физикалық факторлармен ұштастыру болаттың құрылымын мақсатты түрде қалыптастыруға және оның пайдалану қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Мұндай технологиялық әдістерді қолдану құрылымдық біртектіліктің төмендеуіне, ақаулардың пайда болу бейімділігін
азайтуға және дайын бұйымдар сапасының тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Эксперименттік және тәжірибелік-өндірістік зерттеулердің нәтижелері бойынша бөлшектердің жұмыс ресурсының жақсарғаны, тозуға төзімділіктің артуы және бұйымдардың қимасы бойынша қасиеттердің біркелкі бөлінуі атап өтілді. Бұл ауыр пайдалану жағдайларында қолданылатын жауапты мақсаттағы бөлшектер үшін өте маңызды.
Бекіту арматурасының бөлшектері
Әзірленіп жатқан шешімдердің практикалық бағыты ерекше назар аударуға тұрарлық. Ұсынылып отырған технология қолданыстағы өндірістік қуаттарды пайдалануға бағытталған және жабдықтарды күрделі жаңғыртуды талап етпейді. Бұл кәсіпорындарға ғылыми әзірлемелерді нақты өндірістік процестерге аз шығынмен және технологиялық тәуекелдермен енгізуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе орта және ірі машина жасау саласы үшін өзекті. Thermo-Calc бағдарламалық кешенінде есептеулер жүргізу
Мұндай технологияларды дамыту мен енгізу Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Отандық болаттардың сапасын арттыру импорттық материалдарға тәуелділікті төмендетуге, қосымша құны жоғары өнімдер түрін кеңейтуге және қазақстандық өндірушілердің ішкі және сыртқы
нарықтардағы позицияларын нығайтуға ықпал етеді.
КУЛИКОВ Виталий Юрьевич,
т.ғ.к., профессор, 2020 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника
саласындағы мемлекеттік сыйақы лауреаты,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ,
«Металлургия және жаңа материалдар» кафедрасының профессоры,
ДОСТАЕВА Ардак Мухамедиевна,
PhD доктор, профессор,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды
техникалық университеті» КеАҚ,
«Металлургия және жаңа материалдар» кафедрасының профессоры





