Наурыз мерекесінің он күндігі:Еліміз бойынша қандай шаралар өтеді?

Сурет: Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі ресми сайтынан алынды.

Наурыз – қазақ халқының ең көне әрі мағыналы мерекелерінің бірі. Соңғы жылдары Қазақстанда Наурыз мейрамын мазмұнды өткізу мақсатында 14–23 наурыз аралығы Наурызнама онкүндігі ретінде аталып өтуде. Бұл бастама мерекені тек бір күн емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін он күндік мәдени іс-шаралар ретінде ұйымдастыруға бағытталған.

14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі).

Батыс өңірлерде ежелден сақталған бұл дәстүрде адамдар бір-бірімен қол алысып, «Бір жасыңмен!» деп амандасады. Үлкендерге сәлем беріп, туыстар мен көршілердің үйіне барып көрісу – адамдар арасындағы татулықты нығайтатын салт. Еліміздің барлық өңірлерінің адамдары бір-бірімен көрісіп, отбасы мүшелері ата-анасына, бір-біріне сый-сияпат жасайды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні.

Мейірімділік пен қамқорлықты насихаттауға арналады. Мұқтаж жандарға көмек көрсету, жалғызбасты қарттарға қолдау білдіру сияқты игі істер қоғамдағы өзара жанашырлықты арттырады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.

Ұлттық өнер мен дәстүрлерді танытуға басымдық беріледі. Мектептер мен мәдени орталықтарда салт-дәстүрге арналған көрмелер, ұлттық музыка мен қолөнер шаралары өткізіледі.

17 наурыз – Шаңырақ күні.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған күн. Қазақ қоғамында шаңырақ – бірліктің, берекенің белгісі. Сондықтан бұл күні отбасы мүшелері бірге жиналып, үлкендердің батасын алу дәстүрі кеңінен насихатталады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні.

Бұл күн ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған. Қазақтың камзол, шапан, сәукеле, тақия сияқты киім үлгілері халықтың мәдени мұрасын көрсетеді.

19 наурыз – Жаңару күні.

Табиғатты қорғау, ағаш отырғызу, тазалық жұмыстарын жүргізу ұсынылады. Жаңару ұғымы көктем мезгілімен қатар қоғам мен адамның жаңаруын білдіреді.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні.

Қазақтың дәстүрлі спорт түрлері – асық ату, арқан тарту, қазақ күресі, тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылады. Бұл ойындар жастарды ептілікке, намысқа тәрбиелейді.

21 наурыз – Ынтымақ күні.

Халықтық мерекелік іс-шаралар, концерттер, жәрмеңкелер мен ұлттық тағам фестивальдері өткізіледі. Негізгі мақсат – қоғамдағы бірлік пен татулықты көрсету.

22 наурыз – Жыл басы.

Наурыз мейрамының негізгі күні. Орталық алаңдарда мәдени-көпшілік шаралар, спорттық жарыстар өткізіліп, халық бір-біріне ізгі тілектер айтады.

23 наурыз – Тазару күні.

Онкүндіктің қорытынды күні жалпыұлттық экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Аула тазалау, табиғатты қорғау жұмыстары жаңа жылды таза ниетпен бастау идеясын білдіреді.

Наурызнама онкүндігі – ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, қоғамдағы бірлік пен мәдени құндылықтарды нығайтатын маңызды бастама. Әр күннің мазмұнды өткізілуі Наурыз мерекесінің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Нұрайна ТАҢАТАР,

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,

«Абай атындағы жалпы орта мектептің» 10-сынып оқушысы