Наурыз мейрамын шетелдегі қандастарымыз ерекше атап өтуде

Қазақстанды әлем бойынша дәріптеудің түрлі жолдары бар соның бірі ұлттық мейрамдарды шет елде тойлап өткізуі болмақ. Биыл 2026 жылы қазақтар ұлттық мейрамды тек елімізде ғана тойлап қоймай,шекарадан асып, шет елдерде яғни Лос-Анджелес, Сеул, Анталья, Нью-Йорк, Қытай, Англия, Венеция сынды елдерде насихаттап жүр. Бұндай оқиға әлеуметтік желіні жарып, халқымыздың рухты екенін дәлелдеп шықты.
2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Осы уақыттан бастап 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып жарияланды. «Наурыз» сөзі парсы тіліндегі «нау» – жаңа және «руз» – күн деген сөздерден шыққан, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мерекенің мәні-көктемгі күн мен түн теңелген уақытта табиғат пен жер бетіндегі барлық тіршілік атаулының жаңарып, қайта тірілгендей күй кешуі.
Наурызды иран және түркі халықтарының барлығы бірге тойлайды. Бұл мереке қарсаңында адамдар үйлерін ретке келтіріп, қажетсіз заттардан арылып, дастарханға арналған түрлі тағамдар әзірлеп, әдемі киімдерін киеді. Ал мереке алдындағы түні жаңа жылда молшылық пен береке болсын деген ниетпен әртүрлі ыдыстарға дән, сүт, айран және бұлақ суын толтырып қояды.
Адамдар бір-біріне «Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамы құтты болсын!» деген құттықтау айтады. Негізінде таңертең бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызса, түсте мол дастархан жайып, қонақ шақырады, дұға оқиды. Күндіз ұлттық ойындар ойналып, түрлі жарыстар мен ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Кешке ақындар айтысы өтіп, мереке соңында от жағылып, ауылды айналу дәстүрі жасалады. Ал, шетелде тұратын қазақтар үшін бұл – туған жерден алыста болса да, өз дәстүрлерін еске алып, құрметтеуге арналған уақыт. Олар қандай елде болсада өз дәстүрін ұмытпай сақтап келуде.
Наурыз мерекесін тойлап жатқан елдер ішінде шулаған Лондондағы және Нью-Йорктағы өткен наурыз ерекше атап өтілді.
Наурыз бұл елдерде қалай атап өтілді?
1.Лондондағы наурыз-биыл тек мереке емес, тұтас бір рухтың жаңғыруы болды. Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтті. Алыста жүрсе де, олар туған елдің рухын сезініп, мейрамды бірге қарсы алды. Мерекеге Түркия, Қытай елінің қазақтары келіп, бірліктің үлгісін көрсетті.
Шара алдымен қонақтарды қарсы алудан басталды. Барлығы бірге тұрып, мемлекеттік әнұранды шырқады. Одан кейін қонақтарға наурыз-көже таратылып, мерекелік дастархан жайылды. Жиналғандар Шымкент палауы мен Қызылорда қазысынан ауыз тиіп, ұлттық тағамдардың ерекше дәміне тәнті болды.
Келесі кезекте домбыраның күмбірлеген үні естіліп, ұлттық әндер орындалды. Әсіресе белгілі мисс Қаусардың «Апатай» әнін журналист Ғалымжан Қараманұлы әкесімен бірге орындауы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар қыз-келіншектер «Қамажай» биін билеп, мерекенің сәнін келтірді.
Мерекеде ұлттық ойындарға да кең орын берілді. Қатысушылар асық ойнап, қол күрес ұйымдастырылды, балалар арасында түрлі ойындар өткізілді. Қазақша күресте Франциядан келген палуан мен қазақ палуаны белдесіп, көрермендерге тартысты сәттер сыйлады.
Сонымен бірге қазақтың дәстүрлері дәріптеліп, қыз ұзату рәсімі сахналанды. Бұл көрініс арқылы қонақтар ұлттық салттың мән-мағынасымен танысты.
Мереке соңында үлкендер ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Осылайша, шетелде өткен Наурыз мейрамы қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін кеңінен насихаттаған, бірлік пен рухты көтерген тағылымды шараға айналды.
2.Нью-Йорк қаласындағы атақты Таймс-сквер алаңында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Шараға қазақстандық дипломаттар, диаспора өкілдері, студенттер мен қала қонақтары қатысты.
Мереке барысында ұлттық киімдер көрсетіліп, қазақтың мәдениеті мен дәстүрлері таныстырылды. Сонымен қатар «Тұсау кесер» рәсімі сахналанып, көктем мен жаңарудың ерекше атмосферасы сезілді. Бағдарламаның ең әсерлі сәттерінің бірі – «Әлқисса» балалар ансамблі мен «Жетіген» тобының өнер көрсетуі болды. Ал Құрманғазы Сағырбайұлы күйлері домбырада орындалып, Таймс-скверде алғаш рет қазақ күйі шырқалды. Бұл өнерге америкалық музыкант Джефф Герш те қатысып, қазақ мәдениетін насихаттауға үлес қосты. Іс-шара аясында Қазақстан – алманың отаны екенін таныту мақсатында арнайы QR-коды бар алмалар таратылды.
Мереке жылы әрі достық атмосферада өтіп, қазақ мәдениетін әлемге танытып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени байланысты нығайтты.
Осылайша, Наурыз мейрамын шетелде тойлау Орталық Азиядан шыққан адамдарға өз мәдени дәстүрлерін сақтауға және оны жергілікті халықпен бөлісуге мүмкіндік береді.
МАРАТОВА Сабина,
Абай Ұлттық мектебінің 11- сынып оқушысы,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым –
сайтының Жас тілшісі.
Жетекшісі: Мерзоянова Меруерт Өмірсерікқызы





