Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық

1 қыркүйек күні  Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жасады. Жолдауды Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымыы бірлескен түрде тамашалап, талқылады.  Бір жарым сағатқа созылған жолдауда Президент ауыл шаруашылығы, су және электр тапшылығы, шағын бизнес, тұрғын үй , мемлекеттік тіл және тағы да басқа маңызды тақырыптарды қозғады. Жолдауда мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны қайта қарау керектігін айтты. Оның тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42500-ден 60 мың теңгеге дейін ұлғаюы тиіс.  Сондай — ақ  2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет музей қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.Сондай –ақ жолдау барысында Қазақстан халқына мемлекеттік тіл туралы айтты. Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір адам қазақ тілін үйренуі керектігін атап өтті.

ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың жолдауынан үзінді: «Қазақстан әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», — деді.                        

Айтуынша, мұндай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. «Әрине, біздің елдің мүмкіндігі зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек», — деді президент.Ол заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс екенін атап өтті. Қазір әзірленіп жатқан әлеуметтік кодексте осындай дүниелерге барынша назар аударылады.

Сөз соңында  президент «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз.Біз – халқымыздың тәуелсіздік жо­лындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз.Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақ­сатымызға жетеміз.Бұл біздің қолымыздан келеді.Мен бұған кәміл сенемін.Еліміз әрқашан аман болсын!» — деді.

 

 

Шырайлым Оралбайқызы

С.Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының қызметкері,

Ақтөбе қаласы