Көшбасшылық – туа біткен қасиет пе, әлде қалыптасатын қабілет пе?

Көшбасшылық – адамдарды өзгелерден ерекше ететін, кез келген топта жетекшілік ете білу қасиеті.
Көшбасшылық қасиеті бар адамдар тек жетістікке оңай жетіп қана қоймай, кез келген ортада адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алады. Негізінде, көшбасшылық қасиет әр адамда бар, бірақ ол кейде ашылмай қалуы мүмкін.
Психология тұрғысынан қарасақ, көшбасшылық әрі туа біткен, әрі жүре пайда болатын қабілет. Оның дамуы адамның өзіне байланысты. Ең бастысы – осы қасиетті шыңдай білу.
Көшбасшы – тек топты басқарушы емес, ол өзіне сенім артқан адамдармен бірге жүретін, бірге қиындықты еңсеретін тұлға. Ең маңыздысы – өз құндылықтарынан аттамау. Көшбасшылардың IQ деңгейі жоғары дамыған деп есептеледі. Себебі олар үнемі білімін жетілдіріп, әлем жаңалықтарын саралап, дұрыс шешім қабылдай алады.
Нағыз көшбасшылық көбінесе тәжірибе арқылы қалыптасады. Белгілі бір мақсат қойып, соған жету жолында еңбектену арқылы адам шынайы көшбасшыға айналады.
Көшбасшылық қабілетті дамыту үшін ең алдымен еріктілік іс-шараларға қатысудан бастауға болады. Бірінші кезекте, әр іске деген жауапкершілік болуы шарт. Жауапкершіліксіз атқарылған жұмыс сапасыз нәтижеге әкеледі.
Екіншіден, кез келген ортада ұйымдастырушы болуға тырысу керек. Адамдармен араласып, ортақ мақсатта жұмыс істеу арқылы олардың ойлау жүйесін түсінуге және өз көшбасшылық қабілетіңді дамытуға болады.
Көшбасшылық – адамдармен тіл табыса білу. Әр адамның көзқарасымен санасу маңызды. Сонда ғана шынайы көшбасшылық қасиет қалыптасады.
Сонымен қатар, «көшбасшы боламын» деген адам эмоциялық тұрғыдан тұрақты болуы тиіс. Көп көшбасшылардың жіберетін қателігі – эмоцияға беріліп кету. Жұмыс нәтижесіз болған жағдайда теріс реакция көрсету ұжыммен арақатынасты әлсіретеді.
Нағыз көшбасшыға тән тағы бір қасиет – табандылық. Яғни, бастаған істі соңына дейін жеткізу, қажет кезде дұрыс шешім қабылдау. Бұл – қайсарлықтың белгісі. Көшбасшы өз мақсатына нық жететін, сенімді тұлға болуы керек.
Нағыз көшбасшы тек өзін ғана емес, жанындағы адамдарды да ойлайтын саналы тұлға. Осындай қасиеттердің нәтижесінде қоғам мен көшбасшы арасында түсіністік орнайды.
Қорыта келе, нағыз көшбасшы болғысы келетін адам алда кездесетін сынақтарға дайын болуы керек. Қоғаммен тығыз байланыс орнатып, өз мақсатына сенімді түрде жете білуі тиіс.
Нағыз көшбасшы – тек басқарушы емес, қоғаммен үндесе алатын тұлға.
Асылжан НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Абай облысы, Ақсуат ауданы
«Көктүбек мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ 11-сынып оқушысы
Қолданылған дереккөз:
Қолданылған дереккөзі:
Қолданылған дереккөз:https://laikos.kz





