Ананы құрметтеген ғалым

Сурет:«Комитет геологии Министерства промышленности и строительства Республики Казахстан» сайтынан алынды.
Қазақ халқы ежелден-ақ ананы ерекше құрметтеп, баланың жағдайын бірінші орынға қойған. Осындай терең тәрбиенің жарқын көрінісін қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Сәтбаев өмірінен де байқауға болады. Қаныш Сәтбаев емізулі баласы бар үйге қонаққа бармау керектігін айтып кеткені айтылады
Халық арасында тараған бір тағылымды оқиғада. Бұл – жай ғана сөз емес, ананың жағдайын терең түсінген парасатты адамның ұстанымы.
Бірде ғалым іссапармен бір ауылға барады. Ауылдың бір ақсақалы оны құрметпен үйіне қонаққа шақырады. Дастарқан басында отырған кезде үй ішінде баланың жылаған дауысы қайта-қайта естіледі. Біраздан кейін үй иесі кішкентай баланы көтеріп әкеліп, ғалымнан бата беруін өтінеді. Қаныш Сәтбаев сәбиге ақ батасын береді.
Ас ішіліп, қонақтар сыртқа шыққан соң, ғалым қасындағы адамдарға реніш білдіреді. Ол: «Неге мені емізулі баласы бар үйге ертіп келдіңдер? Мұндай жағдайды неге алдын ала айтпадыңдар?» – дейді. Жанындағылар таңырқап, себебін сұрағанда, ол өз ойын анық жеткізеді: «Емізулі баласы бар ана қонақ күтумен әуре болмауы керек. Ол ең алдымен баласына қарауы тиіс. Біз келгенімізбен, анаға ауырлық түсірдік», – деп түсіндіреді.
Бұл сөздер – үлкен даналықтың белгісі. Қаныш Сәтбаев үшін қонақжайлықтан да маңыздысы – ана мен баланың амандығы, олардың жағдайы болған. Ол халықтың салт-дәстүрін құрметтей отырып, адамгершілікті бәрінен жоғары қойған.
Осындай ғұламаларымыз емізулі баласы бар үйге қонаққа бармаған, ас ішпеген. Бұл – ананы қадірлеудің, оның еңбегін бағалаудың нақты көрінісі. Қазіргі қоғамда да осы ұстанымның мәні зор. Себебі жас ана үшін әрбір минут қымбат, ал баланың күтімі – ең маңызды міндет.
Қорытындылай келе, Қаныш Сәтбаев айтқан бұл тағылым әрқайсымызға ой салады. Кішкентай баласы бар үйге қонаққа баруды шектеу – бұл әдепсіздік емес, керісінше, үлкен түсіністік пен құрметтің белгісі. Ананы құрметтеу –
ұлттың рухани деңгейінің көрсеткіші.
ТАРАС Асемгул,
Атырау облысы, Индер ауданы,
«Бөдене орта мектебінің» 11-сынып оқушысы
kaz.caravan.kz ресми сайтынан алынған





