«Айла арқылы жеткен жеңіс»

Геродоттың  «Тарих» еңбегі туралы оқи отыра, мысық туралы жазғандары ой алды. Түйгенімді оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім. Онда Ежелгі Египеттегі мысықтардың қасиетті саналғаны, олар өлгенде халықтың аза тұтқаны туралы мәліметтер осы еңбекте жазылған.

Тарих – тек соғыстар мен патшалардың шежіресі емес. Ол – адам сенімі, қорқынышы мен құрметінің көрінісі. Кейде бір халықтың нанымы бүкіл шайқастың тағдырын шешіп жатады. Соның ең ерекше дәлелдерінің бірі – Ежелгі Египет пен Парсы империясы арасындағы оқиға.

Біз көбіне соғысты қару мен күштің бәсекесі деп ойлаймыз. Бірақ кей жағдайда жеңіс семсермен емес, сана мен сенім арқылы келеді. Сол тұрғыдан келсек:

Мысық жануар емес, қасиет.

Ежелгі Египетте мысық ерекше мәртебеге ие болды. Ол жай ғана үй жануары емес, қасиетті тіршілік иесі саналды. Египеттіктер мысықты Бастет құдайының бейнесі деп білді.

Бастет — аналық мейірімнің, үйдің тыныштығы мен қорғаныштың символы. Сондықтан мысыққа зиян келтіру — тек заң бұзу емес, рухани қылмыс деп есептелді.

Тіпті кей деректерде мысықты өлтірген адам өлім жазасына кесілгені айтылады. Грек тарихшысы Геродот жазбаларында египеттіктердің мысық өлсе, қатты қайғырып, аза тұтатыны баяндалады.

Мысықтар өлгенде оларды мумиялап, арнайы жерлеген. Бұл — олардың қаншалықты құрметтелгенінің айқын дәлелі.

Шайқасты шешкен сенім

Б.з.д. 525 жылы болған Пелусий шайқасы — тарихтағы ең ерекше соғыстардың бірі. Бұл шайқаста Камбис II басқарған парсы әскері Египетке қарсы шықты.

Парсылар қарсыласының әлсіз тұсын жақсы білді – ол олардың сенімі еді.

Аңызға айналған деректер бойынша, парсы әскері қалқандарына мысықтардың бейнесін салған. Кейбір мәліметтерде олар тіпті тірі мысықтарды алға айдап шыққан делінеді.

Бұл – жай ғана айла емес, қарсыластың рухани дүниесіне жасалған соққы еді.

Қорқыныш пен құрмет арасындағы таңдау

Египет әскері ауыр таңдау алдында қалды:

Жауға қарсы тұру;

Әлде қасиетті жануарға зиян келтірмеу;

Олар үшін мысыққа қол көтеру – құдайға қарсы шығумен тең еді. Сондықтан олар толық күшпен соғыса алмады.

Нәтижесінде:

*әскер әлсіреді.
*қорғаныс бұзылды.
*кей сарбаздар шегінді

Осылайша, парсылар үлкен қантөгіссіз жеңіске жетті.

Қантөгіссіз жаулап алу: Бұл жеңіс Египеттің тағдырын өзгертті. Парсылар елді өз бақылауына алды. Бірақ көпшілік ойлағандай, бұл Каир қаласы емес – ол кезде Каир әлі салынбаған еді.

Дегенмен, бұл оқиға тарихта «Айла арқылы жеткен жеңіс» ретінде қалды.

Қорытынды: Бұл оқиға бізге маңызды бір шындықты үйретеді:

Адамның сенімі – оның ең үлкен күші де, ең әлсіз тұсы да болуы мүмкін.

Парсылар қарумен ғана емес, ақылмен жеңді. Ал египеттіктер өз сеніміне адал қалды.

Сондықтан тарих бізге тек өткенді емес, адам табиғатын да түсіндіреді. Кейде ең үлкен шайқас – сыртта емес, адамның өз ішінде өтеді.

ТАРАС Асемгул,

Атырау облысы, Индер ауданы,

«Бөдене орта мектебінің»  11-сынып оқушысы

Пайдаланған дереккөзі:

Геродот. Тарих. 1.Геродот Еңбек: «Тарих», II кітап

Сурет:https://yandex.kz/