«AbaiLAB» платформасы: ұлттық құндылық пен жасанды интеллекті (ЖИ)

Абай ЖИ арқылы үш тілде сөйлеп, балалық, жастық және кемел шағы туралы тақтадағы жазылған сұрақтар пернесін басып, оқушы жауабын тапқанда, дұрысын қоштап күліп, қате жауапқа қабақ түйеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді мемлекеттік қызметтерден бастап экономика, денсаулық сақтау және білім беру салаларына дейін кеңінен енгізу.
Мемлекет басшысы Жарлығымен елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғаны – барлық салада, соның ішінде мектеп мұғалімдерінің де Жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеріп, сабақ өткізуге пайдалану қажет екені талап етілуде.
Таңдаған мамандығына өмірін арнауды мақсат етіп, еліміз бойынша әр салада жаңашылдықты дамытып, заман үрдісіне үн қосқан жастарды кездестіргенде, ойымызға Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың «…Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Жастарымыз да мейлінше қазаққа қызмет ету үшін кәсіби біліктілігін арттырып, еңбек етіп келе жатқан саласына тер төгуде.
Жасындай жалындаған жастар туралы айтқанымызда Абай ұлттық мектебін айналып өте алмаймыз. Мектептің барлық мұғалімдері білек сыбана шәкірттеріне сапалы білім беру мен тәрбиелеуге арнауда. Мектептің жас ұстаздары деп жаңашылдығын тілге тиек еткенде, шебер-педагог, Философия докторы (PhD), ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «2022 жылдың Үздік педагогі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Майра Маликқызының білім берудегі жетістігі туралы сүйсіне айтамыз. Ұстаз Абай ілімін білім беру мекемесінде
дамытып, Абайдың шығармаларын басқа пәндермен байланысын зерттеп, шәкірттерін баулып келеді.
Абай ұлттық мектебінде отандық педагогика тарихындағы айтулы оқиға орын алды. Жасанды интеллект (AI) негізінде әзірленген, баламасы жоқ «AbaiLAB» білім беру платформасының ресми тұсаукесері өтті. Бұл – жай ғана технологиялық өнім емес, бұл – Абайдың «Толық адам» концепциясының цифрлық ренессансы! Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» — деп, адамзатқа ортақ гуманистік ой қалдырды. Абай — тек қазақтың ақыны емес, Абай — ұлттық ойлау мәдениетінің реформаторы.
Ол: «Толық адам болу – адам өмірінің мұраты» деп, ұлттың рухани бағдарын айқындап берді. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты да – сол толық адам тәрбиелеу идеясына қызмет ету.
Ал бүгінгі ұрпақ сол ұлы мұраны жаңа технология тілімен сөйлетіп, жаңа білім кеңістігіне жол ашып отыр.
«AbaiLAB» – гуманитарлық білім мен жоғары технологиялардың синтезі. Жобаның ғылыми концепциясы Хакім Абайдың философиялық мұрасын қазіргі заманғы нейрожелілер алгоритмі мен ойын технологиясын интеграциялауға негізделген. Платформаның әдістемелік ерекшелігі – оқушының танымдық қабілетін үш тілдік ортада (қазақ, орыс, ағылшын) когнитивті дамыту. Абайдың қарасөздері мен поэзиясы ЖИ арқылы талданып, оқушыға дербес траекториялық білім бере отырып, «Толық адам» ілімін цифрлық интерфейс арқылы ұрпақ
санасына сіңіру, мұғалімдер үшін оқытудың жаңа әдістемелік құралдарын ұсынатын, білім сапасын ЖИ арқылы мониторингтейтін бірегей жүйе.
Мектеп ұстаздары мен оқушылар, арнайы шақырылған қонақтарға «AbaiLAB» платформасымен жұмыс істеу реті көрсетілді. Жіне сабақта оқушы мен ұстаздың бірігіп, тапсырма орындау барысы таныстырылды. Дайын платформа қазақ, орыс және ағылшын тілінде дайындалған. Онда сауалнамалар, сұрақтар арқылы оқушының алғырлығы, логика жүйріктігі, Абайтану білімін оқудағы тереңдігі байқалады.
Ғалым-ұстаздың көпжылдық зерттеулері мен әдістемелік ізденістері бүгін ЖИ көмегімен жасалған кешенді білім алаңына айналғанын айтқанымызбен, «AbaiLAB» платформасын құруға шеберлік, бағдарлама түзетудегі біліктілігі жоғары AI мамандарының біріге орындаған жұмысының нәтижелі шыққанын айту керек.
Салтанатты шара «Ертұран» күйінің рухты үнімен ашылып, белгілі журналист Ришат Асқарбекұлы, «Алматы Дарыны» орталығының маманы Қарашаш Қайсақызы, директордың бейін істер жөніндегі орынбасары Қизат Тілеуберді электронды лента қию рәсімін жасады.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан…» – Ұлы Абайдың бұл өсиеті бүгін «AbaiLAB» арқылы цифрлық
әлемнің іргетасы болып қаланын айтқан платформаның тұсауксесер рәсіміне қатысқан ұстаздар мен қонақтар алдағы уақытта белең алып, еліміз мектептеріне кеңінен тарауына тілектестік білдірді. Абай ұлттық мектебінің директоры Қайрат Манатбекұлы «AbaiLAB» платформасы туралы ойымен бөлісті.
Бүгінгі AbaiLAB платформасы — сол рухани кірпіштің жаңа цифрлық іргетасы. Ал бүгінгі ұрпақ сол терең танымды жаңа технология арқылы жалғастырып отыр. AbaiLAB — ұлттық рух пен цифрлық білімді біріктірген жаңа дәуір жобасы.

Ж.Кучукова,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының бас редакторы
Суретттер: YоuTube каналында жарияланған видеодан алынды.





