Білім белесін бағындырды

Сурет @juz40 парақшасынан алынды.
Жақында бір жаңалықты көріп, шынымен таңғалдым. Атыраулық оқушы Жазира Кенесова ҰБТ-дан 140 балл жинапты. Ал ең қызығы – ол менің жерлесім. Сол сәтте бір түрлі жақын сезілді. «Осындай нәтижеге біздің жақтың қызы жетсе, мен неге жетпеймін?» деген ой келді.
Жазира қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған. Бірде-бір қате жібермей, барлық сұраққа дұрыс жауап беру – оңай нәрсе емес. Бұл – соңғы бір-екі айдың емес, жылдар бойы дайындалған еңбектің нәтижесі. Оның «нәтижені көргенде өзім де сенбедім» деген сөзін оқығанда, шын қуаныш пен еңбек жатқанын сезесің.
Ол — болашақта филолог болғысы келеді екен. Бұрын «филолог» деген сөзді жай ғана мамандық ретінде қабылдайтынмын. Бірақ ойланып қарасам, филолог – тілді терең түсінетін адам. Ал тіл – біздің ойымыз, біздің болмысымыз.
Мен өзім журналистиканы таңдап отырмын. Кейде «дұрыс таңдау ма екен?» деп ойланып қаламын. Бірақ Жазираның жетістігін көргенде, бір нәрсені түсіндім: қай саланы таңдасаң да, егер сен оны шын жүректен қаласаң, биік нәтижеге жетесің!
Филолог пен журналистика бір-бірінен алыс емес екен. Филолог тілді зерттейді, ал журналист сол тілді қолданады. Яғни, журналист болу үшін де сөзді дұрыс қолдана білу, ойды нақты жеткізу маңызды. Бұл жағынан олар бір-біріне өте жақын.
Маған Жазираның жетістігі қатты әсер етті. Өйткені ол «өте ерекше адам» емес, қарапайым оқушы. Бірақ ол тырысты, сенді, еңбектенді. Соның арқасында осындай нәтижеге жетті.
Сол үшін мен бір нәрсені өзіме түйдім:140 балл алу – тек ақылдың емес, еңбектің нәтижесі. Ал еңбек етсең, сен де бір күні өз нәтижеңе жетесің.
Нұрайна ТАҢАТАР,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,
«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым — сайтының Жас тілшісі.
Жетекшісі: Айдана Әділханқызы,
Қазақ тілі мен әдебеиеті пәндерінің мұғалімі.





