Кейбір сәттер адамға жай ғана тәжірибе емес, өмір бойы есте қалатын эмоция сыйлайды. Бүгін мен үшін дәл сондай күн болды. Мен Тұран университетінің «Grant Project» олимпиадасының шешуші кезеңіне қатыстым.
Жалпы бұл олимпиадаға 280 оқушы іріктеліп, әрқайсысы өз мақсаты мен арманы үшін келген мықты қатысушылар болды. Олимпиада 3 кезеңнен тұрды: эссе жазу, тест және сұхбаттасу. Әр кезең өз алдына ерекше жауапкершілік пен атмосфера сыйлады. Бір сәтте өзіңді тек біліммен емес, ойыңмен, сенімділігіңмен, тіпті ішкі дайындығыңмен де сынайсың.
Әсіресе 2-кезең мен үшін ең толқулы сәттердің бірі болды. Себебі шешуші кезеңге өту үшін 30 балдың кемінде 28 балын жинау қажет еді. Ал мен дәл 28 балл жинадым. Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын… Бір ғана балдың адамның мүмкіндігіне, сеніміне және келесі қадамына қаншалықты әсер ететінін сонда анық сезіндім. Бұл жай ғана сан емес, үлкен жауапкершіліктің шекарасы сияқты болды.
Шешуші кезеңге өткен кезде бойымда қуанышпен бірге ерекше толқу пайда болды. Сұхбаттасу барысында тек білім емес, өз ойыңды нақты жеткізу, өзіңді сенімді көрсету және ішкі дайындығыңды басқару маңызды екенін түсіндім. Бұл кезең маған өзімді жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Бұл олимпиада маған тек тәжірибе емес, үлкен мотивация сыйлады. Осындай ортаға түскен сайын адамның арманына деген сенімі артып, өз мүмкіндігіңді басқаша бағалай бастайсың екен.
Осы кезеңге дейін жеткен әрбір қатысушыға шын жүректен сәттілік тілеймін. Әрқайсысы өз еңбегінің жемісін көріп, грант бұйырсын деп тілеймін. Бұйырса, болашақта Тұран университетінде грант негізінде білім алып, өз армандарымызға бірге қадам басамыз деген үміттемін.
Осындай мүмкіндік ұйымдастырып, жастарға жол ашып жатқан Тұран университетіне алғысымды
білдіремін. Бұл мен үшін жай олимпиада емес –өзімді жаңа қырынан таныған, ойымды өзгерткен және алға ұмтылдырған ерекше кезең болды.
ҚАНАТҚЫЗЫ Нұрайым,
«№58 Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақты
жалпы білім беретін мектептің» 11 – сынып оқушысы,
Түркістан облысы, Келес ауданы, Бозай ауылы
