Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Адамзат Айдың бетін мұхит түбіне қарағанда жақсырақ зерттеп қойған. Жер шарының 70 пайызы су болғанымен, біз оның тек 5 пайызын ғана білеміз. Қалған 95 пайызы — нағыз «бөтен әлем». Неге ғалымдар ол жаққа толық аяқ баса алмай отыр?
- Судың сұмдық қысымы
Мұхиттың ең терең жері — Мариан шұңғымасы (11 шақырым). Ол жақтағы судың қысымы сондай, үстіне жүз шақты піл тұрып алғандай күш түседі. Кез келген темірді қаңылтыр құты сияқты майыстырып тастайды. Сондықтан ол жаққа түсу үшін ғарыш кемесінен де мықты, өте қымбат құрылғылар қажет.
- Космостан да қымбат
Мұхит түбіне түсетін «батискаф» аппараттарын жасау ғарыш зымырандарын жасаудан да қымбатқа түсуі мүмкін. Сол себепті мемлекеттер мұхитты зерттеуге қарағанда ғарышқа ақша бөлуді тиімдірек деп санайды.
- Мәңгілік қараңғылық пен суық
Су астына 200 метрден ары түскенде күн сәулесі мүлдем жетпейді. Ол жақ — тас қараңғы әрі мұздай суық. Мұндай жағдайда кәдімгі камералармен түсіру немесе зерттеу жүргізу техникалық тұрғыдан өте қиын.
- Тылсым тіршілік иелері
Су астындағы тіршілік иелері ғалымдарды әлі күнге дейін таңғалдырумен келеді. Мұхиттың терең қойнауынан бұрын белгісіз болған, пішіні ерекше мақұлықтар мен тың жануарлар жиі табылады. Олардың көбісі тас қараңғыға бейімделгендіктен жанары көрмейді немесе денесінен ерекше сәуле шашып тұрады. Біз әлі күнге дейін бұл мақұлықтардың мұндай қатал ортада қалай аман қалып, тіршілік ететінін түсіне алмай келеміз.
Мұхит қойнауындағы сұмдық су қысымы мен мәңгілік қараңғылық, зерттеу аппараттарының тым қымбаттығы және тереңдегі белгісіз тылсым мақұлықтар бұл аймақты әлі күнге дейін қол жетпес құпия етіп келеді. Техника дамып, ғалымдар түрлі әрекеттер жасап жатқанымен, мұхит түбі өзінің қатал табиғатымен адамзатқа әлі де бой бермей тұр. Сол себепті Жер бетіндегі бұл сулы тұңғиық біз
үшін алыстағы Марс планетасынан да жұмбақ.
ДОСЫМ Ұлдана,
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы,
Көкарық ауылы, «Жамбыл атындағы орта
Мектептің» 11-сынып оқушысы
