Сурет: AI, жолдаған автор
Адам өз ұлтының тілін, дəстүрін, тарихын білмесе, оның болашағы қандай болмақ? Жаһандану күшейген сайын көптеген халықтар өз болмысын сақтап қалуға тырысып жатыр. Өйткені ұлттық құндылық ұлтты ұлт ететін басты белгі. Ол халықтың мəдениетін, дүниетанымын, өмір салтын жəне рухани негізін қалыптастырады.
Ең алдымен, ұлттық құндылықтар қоғамның тұтастығын сақтайды. Ортақ тіл, салт-дəстүр, тарихи жады адамдарды бір мақсатқа біріктіреді. Мысалы, қазақ халқындағы үлкенге құрмет, қонақжайлылық, жеті ата дəстүрі ұрпақ арасындағы байланысты күшейтеді. Əсіресе «жеті ата» қағидасы тек дəстүр емес, ұлт саулығын сақтаудың жолы ретінде де бағаланады.
Ұлттық мұраны сақтауда нақты тұлғалардың еңбегі ерекше. Мысалы, Өзбекəлі Жəнібеков атамыз ұлттық мəдениетті жаңғырту жолында өлшеусіз еңбек етті. 1935 жылы Тайқазан Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж музейіне əкетіліп, жарты ғасырдан астам уақыт сонда сақталды. Тек 1989 жылы 18 қыркүйекте Түркістанға қайтарылды. Осы істің басында Өзбекəлі Жəнібеков тұрды. Ол 62 жыл бойы ресми түрде тойланбаған Наурыз мейрамы мерекесінің қайта жаңғыруына ықпал етті. Бұл — ұлттық құндылықтарды сақтаудың нақты көрінісі.
Ұлттың жаны — тіл. Тіл əлсіресе, халықтың рухани негізі де əлсірейді. Осы мəселені ерте түсінген Мұхтар Шаханов ана тілінің мəртебесін көтеруге ерекше мəн берді. Ол қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы емес, халықтың тарихы мен дүниетанымын сақтайтын күш ретінде бағалады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды қорғау тек мерекелер мен дəстүрлерді сақтаумен шектелмейді, ол ең алдымен тілге құрметтен басталады.
Алайда ұлттық құндылықтарды тек сөз жүзінде дəріптеу жеткіліксіз. Оны отбасы тəрбиесінде, білім беру жүйесінде, мəдени ортада жəне ақпарат кеңістігінде тұрақты түрде насихаттау қажет. Ең алдымен, əр отбасы баласына ұлттық тəрбие мен ана тілінің маңызын кішкентайынан сіңіруі керек. Өйткені баланың дүниетанымы ең алдымен үйде қалыптасады.
Оған қоса, мектептерде ұлттық тарихты, əдебиетті, салт- дəстүрді тереңірек оқыту маңызды. Сабақ тек теориямен шектелмей, оқушылар музейге барып, тарихи орындарды аралап, ұлттық өнермен жақынырақ танысуы қажет. Бұл олардың өткенге деген қызығушылығын арттырады.
Бұдан бөлек, қазіргі жастар көп уақытын əлеуметтік желіде өткізетіндіктен, қазақ тіліндегі сапалы фильмдер, подкасттар, бейнероликтер мен əдеби контентті көбейту қажет. Себебі жас ұрпаққа ұлттық құндылықты жеткізудің ең тиімді жолы — оны заманға сай форматта ұсыну. Егер ұлттық мұра тек кітап бетінденемесе ресми іс-шараларда ғана айтылатын болса, оның ықпалы əлсірейді.
Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау — тек тарихшылардың, мұғалімдердің немесе мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұл əр адамның күнделікті өмірінен басталатын ортақ жауапкершілік.
Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтар өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың темірқазығы. Тамыры терең ағаш дауылға құламайтыны сияқты, рухани негізін сақтаған халық та уақыттың кез келген сынағынан сүрінбей өтеді.
Кәусар АСАН,
Шымкент қаласы, Тұран ауданы,
«Joo High School мектебінің», 11 «L» сынып оқушысы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Шаханов М. «Тіл және рух» мақалалар жинағы. — Алматы, 2010.
- Жәнібеков Ө. «Тағдыр тағылымы». — Алматы: Ана тілі, 1996.
- Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 10-11 сыныптарына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп баспасы.
- «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша материалдар.
- Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы энциклопедиялық жинақтар.
- Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы.
- Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты ғылыми мақалалар мен интернет дереккөздері.
