Алматы қаласы білім басқармасының №58 жалпы білім беретін мектебімізде өткен әсерлі кездесулердің бірі – ағайынды Ержан мен Қуаныш Жұмабекұлы ағаларымызбен болған сыр-сұхбат.
Ержан Жұмабекұлы — Ақын, PhD докторы, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі. «Шексіздік шұғыласы» және Түркиядағы «Medeniyetin Burçları» қоғамдық ұйымының қолдауымен шыққан «Sonsuzluk Şulesi» атты кітаптардың авторы.
Қуаныш Жұмабекұлы — 4 тілді еркін меңгерген аудармашы, докторант 2015 жылы Анкарадағы «Bizim Büro» баспасынан ағылшын тілінде «Let’s Learn to Speak English» атты кітабы жарық көрген. 25 елмен тікелей байланысқа шыққан ғалым. Шығыс Қазақстанның Семей топырағынан түлеп ұшқан ағаларымыз өз саласында жетістікке жетіп, асыл сөзді маржандар төгілді.
—Қазіргі жастарға, мектеп оқушыларына қандай кеңес берер едіңіз?
Ержан Жұмабекұлы: —Жастарға айтар ең басты кеңесім – үнемі ізденісте болу. Ізденістің қайнар бұлағы – кітап. Кітап – адамның жан дүниесін байытып қана қоймай, ой-өрісін кеңейтеді, жаңа дүниелерді тануға жол ашады. Әрбір парақтан сіздер жаңа бір әлемді ашасыздар. Қаншалықты көп кітап оқысаңыздар, соншалықты дүниетанымдарыңыз қалыптасып, өз пікірлеріңізді дәлелді жеткізе аласыздар.
—Сіз тіл мәселесін жиі көтеріп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің алдында сөз сөйлеген сәттеріңізде қобалжу болды ма?
Ержан Жұмабекұлы: —Мен үшін көпшілік алдында сөз сөйлеу – жат емес. Бала күнімнен киелі сахнада айтысып, өнер көрсетіп жүргендіктен өсе келе халық алдында төселе бастадым. Тәжірибием мен жауапкершілігімнің арқасында Семей өңірінде өткен кездесуде мемлекет басшысының алдында аса қатты қобалжу болмады. Керісінше, еліміздің болашағы мен ертеңі үшін ойымызды ашық ортаға салдық.
—«Ержан аға ақын, Қуаныш аға ғалым ретінде танылып жүрсіздер. Осы өнер мен ғылымға деген қабілеттеріңіз қайдан, кімнен дарыды деп ойлайсыздар?»
Қуаныш Жұмабекұлы: —Мен де ағам секілді бала кезімнен киелі сахнада өнерімді ортаға салып, түрлі айтыстарға қатыстым. Бұл қаннан келеді деп ойлаймын. Нағашы атамыз айтыскер ақын болған. Өз жұртымыз да беделді болған. Әрине, тектің әсері бар. Дегенменде адамның жетістігі өзіне байланысты. Кез-келген салада жетіскке жету үшін табандылық пен еңбек керек.
—«Өлеңдеріңіз жиі жарық көріп жатыр. Ақын үшін өлеңді қалай жазған дұрыс, оның басты талаптары қандай?»
Ержан Жұмабекұлы — Өлең жүректен шығатын дүние. Қалай жазғыңыз келесе солай жазыңыз. Әр ақынның стилі, қолтаңбасы, көзқарасы әртүрлі. Поэзия әлемінде қатып қалған өлшем жоқ. Дегенмен, бунақ пен ұйқас сынды негізгі талаптарға мән беру қажет. Өлеңнің әуезділігі мен үйлесімділігі соларға тікелей байланысты.
—Тіл маманы ретінде, бүгінгі күні қоғамда жиі қате қолданылып жүрген қандай сөздерді атар едіңіз?»
Қуаныш Жұмабекұлы: — Мысалы, көпшілігіміз қате қолданып жүрген сөздер бар. Мәселен, «жұмыс жасаймын» емес, дұрысы – «жұмыс істеймін». Сондай-ақ «мен ойлаймын» деу де қате, қазақ тілінде оның орнына «менің ойымша» деп айтқан дұрыс. «Көбісі» дегеннің орнына «көбі» деп қолданған жөн. Ал «үлкен рахмет» – орыс тілінен тікелей аударылған тіркес, қазақша дұрысы – «көп рахмет». Ұсақ түйек болып көрінгенмен дәл осындай қателер тілімізге нұқсан келтіреді. Сол үшін де дұрыс жазып, дұрыс айтып үйренейік.
—Сұхбат барысында Ержан Жұмабекұлы мен Қуаныш Жұмабекұлы оқушыларға ақ тілектерін жеткізді.
Ержан аға: «Жастардың жүрегінде үміт оты сөнбесін. Кітап оқудан жалықпаңдар, өйткені білімді ұрпақ қана елдің ертеңін жарқын ете алады»,
–деп ізгі тілегін білдірді.
Қуаныш аға: «Тілді құрметтеу – өзімізді құрметтеу. Ана тілін ардақтаған ұрпақ ешқашан адаспайды. Ізденіңдер, еңбектеніңдер, армандарыңа адал болыңдар», – деді.
Осылайша мектебімізде өткен сырлу кездесу баршамызға ой салып, болашаққа деген сенімімізді нығая түсті.
Шакира НИЯЗБАЕВА,
Алматы қаласы Білім басқармасының «58 ЖББМ» -нің 11 — сынып оқушысы.
Жетекшісі: Сансызбаева Алтынай Косаумасқызы,
Шабарова Нуркуль Тилеукулқызы
