«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Шығармашылық

Кедергілерді жеңу – табандылық белгісі

? Фотосуреттерді жолдаған: Мейірхан Мейрамбекұлы

21 қазан күні Ғ. Мұратбаев атындағы білім мекемесі мен Шұқырбұлақ ауылдық кітапханасы бірлесіп, кітапқұмар, Халықаралық «Жаншуақ» сыйлығының иегері, аудармашы, Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Топанбай Мейірханмен «Кедергілерді жеңу – табандылық белгісі» атты кездесу кешін өткізді.

Кешке Мейірхан Мейрамбекұлының әріптестері Айгүл Бақытжанқызы мен Тамаша Шапкатқызы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Таңатбаев Сауран қатысып, қайсар жан туралы өз ойларын ортаға салды.

Кеш барысында білім мекемесінің директоры Досмұхан Аманов: «Кітаппен жеңген дертін біз Мейірханға ризашылықпен, құрметпен қараймыз. Аяушылық ұғымы санамызда жоқ. Кітап – Мейірхан үшін өмірдің өзі», – деп атап өтті.

Түлкібас ауданының құрметті азаматы Таңатбаев Сауран:

– Біз кітапты сүюге бала жастан үйренуіміз керек. Кітапты қадірлеуге тиіспіз. Кітап оқыған адам көптің адамы болады. Жыр оқуды күнделікті өмірімізге енгізсек, «Манас» жыры сияқты туындылар ойымызды шыңдайды. Ойы шыңдалған адам Мейірхан сияқты азамат болады, – деп рухы мықты жанның кітапқа деген құштарлығын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында Мейірхан Мейрамбекұлы туралы арнайы бейнебаян көрсетілді. Шұқырбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қаламқас Қайыпова кейіпкермен сыр-сұхбат жүргізіп, «Жігерлі жандар – жүрекпен әлемге қараған» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Оқырмандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Білім мекемесінің кітапханашысы «Кітаппен өрілген өмір» тақырыбында арнайы викториналық сұрақтар қойды. Оқырмандар Мейірхан Мейрамбекұлының аудармаларын жатқа оқыды. Еркебай Еркеназ әуелете ән шырқады. Күйшілер С. Тұрысбековтің «Өмір» күйін орындады.

Кеш соңында қонақтарға сый-сияпат жасалып, кездесу оқырмандардың ізгі тілектерімен қорытындыланды.

ҚАЙЫПОВА  Қаламқас,

«Шұқырбұлақ» ауылдық кітапханасының кітапханашысы,

Түлкібас ауданы, Түркістан облысы

Сәйкес жаңалықтар

Жас ақындар жырлары

Төлен ТІЛЕУБАЙ Түлкітаудың аспаны (повесть)

Сахна сырына саяхат