? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Әр адамның бала кезінен армандайтын мамандығы болады. Бірі дәрігер болғысы келеді, бірі мұғалім, енді бірі журналист немесе танымал тұлға болуды армандайды. Бала кезде біз болашағымыз туралы көп ойланамыз. «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа еш ойланбастан жауап бере саламыз. Бірақ есейген сайын бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Кеше ғана үлкен сеніммен айтқан арманымызға бүгін күмәнмен қарай бастаймыз. Сонда біздің арманымыз өзгерді ме, әлде біз арманымыздан алыстап кеттік пе?
Қазір мектеп бітіруші оқушылар үшін мамандық таңдау оңай емес. Әсіресе 11-сыныпқа келгенде бұл тақырыптың қаншалықты маңызды екенін түсіне бастайсың. Бір жағынан өзің қалаған мамандық бар, екінші жағынан ата-анаңның сенен күтетін үміті бар. Оның үстіне айналаңдағы адамдардың пікірі де әсер етеді. Біреу «бұл мамандықта жұмыс жоқ» дейді, енді бірі «онымен көп ақша таба алмайсың» деп жатады. Сөйтіп, адам өзінің не қалайтынынан бұрын, өзгелердің көңілінен қалай шығатынын ойлай бастайды. Кейде біз мамандықты қызығушылығымызға қарап емес, болашағымызға қауіпсіз деп көрінгені үшін таңдаймыз. Әрине, тұрақты жұмыс пен жақсы табысты ойлау да маңызды. Бірақ адам өзі ұнатпайтын іспен өмір бойы айналысса, оның ішіндегі армандары қайда қалады? Мүмкін, сол адамның бойында бірнеше қабілет бар шығар. Мүмкін, ол бір уақытта жазушы да, журналист те, өнер адамы да бола алатын шығар. Алайда өмірде бәріне бірдей мүмкіндік беріле бермейді.
Менің ойымша, мамандық таңдау дегеніміз тек болашақта кім болып жұмыс істейтініңді анықтау емес. Бұл өзіңді тану, қабілетіңді түсіну және қандай өмір сүргің келетінін ойлау. Бір мамандықты таңдау басқа армандарыңнан бас тарту деген сөз емес. Адамның қызығушылығы бір саламен шектелмеуі мүмкін. Ең бастысы, өз арманыңды өзгелердің пікірі үшін ұмытып кетпеу керек. Өйткені ертеңгі күні өмірімізге жауап беретін де, сол таңдаудың нәтижесін сезінетін де өзіміз. Бәлкім, бәріміз
бала кездегі арманымызға жете алмаспыз. Бірақ сол арманға апаратын жолды іздеуді тоқтатпауымыз керек. Себебі бір мамандыққа сыймаған мың арманның әрқайсысының артында бір адамның үміті, талпынысы мен болашағы тұр.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы
