? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Кейде адамның өмірі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның ішінде не болып жатқанын ешкім біле бермейді. Күліп сөйлесіп, бәрімен жақсы араласып жүрген адамның да ешкімге айта алмайтын мұңы болуы мүмкін. Кейбір адамдар өз сезімдерін ашық айта алады, ал кейбіреулер бәрін ішіне сақтап үйренеді. Меніңше, адамның ең қиыны да осы. Ішіңде қаншама ой болса да, оны біреуге жеткізе алмай жүру.Кейде өзіме қарап, кішкентай кезімнен көп нәрсені ерте түсінген сияқтымын деп ойлаймын. Басқа балалар еркелеп, ештеңені ойламай жүргенде, кейбір нәрселерді өзімше түсінуге тырыстым. Өмірде кейбір адамдардың орны бөлек болады ғой. Олар жаныңда болмаған кезде, сол орынның қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Кейде біреуге айтқың келетін әңгімең болады, бір нәрсеге қиналғанда соған барғың келеді. Бірақ ондай сәттерде ойыңдағының бәрін ішіңде сақтауға тура келеді.
Кейде мен де анам жанымда болғанда қандай болар еді деп ойлаймын. Басқа біреулер анасына еркелеп, күнделікті болған нәрселерін айтып жатқанда, мен де сондай қарапайым сәттердің қадірін ойлаймын. Кейбір сағынышты сөзбен түсіндіру қиын екен. Адамның жанында жақындары болғанымен, кейде өзін жалғыз сезінетін кездері болады. Мен де кейде ішімдегіні ашық айта алмаймын. Бір нәрсеге ренжісем де, оны бірден жеткізудің орнына үндемей қаламын. Біздің үйде де кейде реніштер болып жатады. Біреу біреуге ауыр сөз айтып қояды, бірақ кейін ештеңе болмағандай жүре береді. Ал сол сөзді көңіліне алған адам оны бірден ұмыта алмайды ғой. Кейде бір ауыз сөзді қайта-қайта ойлап, өзіңе ауыр қабылдайсың. Бірақ оны айтқан адам сенің қаншалықты ренжігеніңді байқамауы да мүмкін. Мүмкін, кейде үлкендер де өз сөздерінің басқаларға қалай әсер ететінін ойлай бермейтін шығар.
Мен өзім де тез көңіліме аламын. Кейде жылағым келсе де, оны ешкімге көрсеткім келмейді. Сыртқа білдірмей, бәрі жақсы сияқты жүре беремін. Өйткені кейбір сезімді қалай түсіндіру керегін білмеймін. Біреуге айтсам, мені түсіне ме, әлде жай ғана артық ойлап жүрсің дей ме деп те ойлайсың. Сөйтіп, айтылмаған сөздер ішіңде қала береді. Кейде ешкімге ренжімегендей көрінгенмен, жалғыз қалғанда сол жағдайлар есіңе түседі. Сондай кезде біреудің жай ғана жағдайыңды сұрап, сені түсінуге тырысқанының өзі қандай маңызды екенін сезесің.Кейде мен де басқалар сияқты еркелеп, ештеңені ойламай, көңілімдегіні ашық айтқым келеді. Бір нәрсеге ренжісем, оны жасырып жүрмей, біреуге еркін жеткізгім келеді. Бірақ кішкентай кезден қалыптасқан әдет пе, әлде өзімнің мінезім бе, көп нәрсені ішімде сақтап қаламын. Адам кейде өзі де байқамай ерте есейеді екен. Бірақ ерте есейгенімен, оның да еркелегісі келеді, оның да біреуге арқа сүйегісі келеді. Үнемі мықты болып көрінетін адамның да кейде шаршайтынын бәріміз түсіне бермейміз.
Менің ойымша, отбасында бір-бірін түсіну өте маңызды. Өйткені үй дегеніміз тек бірге тұратын орын емес, адамның өзін еркін сезінетін жері болуы керек. Әрине, әр отбасында реніш те, түсініспеушілік те болады. Бірақ бір-біріміздің көңілімізге көбірек мән беріп, кейде өзіміздің қателескенімізді мойындап, кешірім сұрай білсек екен. Кейде адамға ұзақ әңгіме де қажет емес. Жай ғана жылы сөз бен түсіністік жеткілікті.Кейде менің де айтқым келетін, бірақ айта алмайтын сөздерім бар. Кейбірін уақыт өте ұмытып кететіндей боламын, ал кейбірі жүректе қалып қояды. Сонда да адамдар бір-біріне мейірімдірек болса екен деп ойлаймын. Себебі біз біреудің қандай жағдайдан өтіп жүргенін, қандай сағынышы немесе қандай мұңы бар екенін біле бермейміз. Біреудің үнсіздігін бәрі жақсы деп қабылдамау керек шығар. Өйткені кейде ең көп үндемейтін адамның ішінде ең көп айтылмаған сөз жатады.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы.
