«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мұғалім мәртебесі

Мектептегі бір күн: онда қаншама ізденіс пен еңбек бар

Мектеп табалдырығындағы соңғы жылын өткеріп жүрген түлектің көзімен…

📸 Суреттерді жолдаған Сейдилда Еркеназ

Мектеп – бір қарағанда қоңырау үнімен басталып, сабақ кестесімен жалғасып, соңғы қоңыраумен аяқталатын үйреншікті орта. Біз мұнда күн сайын келеміз, сабақ оқимыз, достарымызбен әңгімелесеміз, кейде қоңыраудың тезірек соғылғанын күтеміз. Бірақ осы қарапайым көрінетін күндердің артында қаншама адамның еңбегі, уақыты мен жауапкершілігі жатқанын ойланып көрдік пе?
Биыл мен үшін мектеп өмірінің әр сәті бұрынғыдан да қымбат. Өйткені мен – мектеп табалдырығын аттаған кішкентай оқушы емес, балалық шағымның бір бөлшегін осында қалдырып, үлкен өмірге қадам басуға дайындалып жүрген 11-сынып түлегімін. Мектеппен қоштасуға жақындаған сайын оның әр бұрышына, әр қоңырауына, тіпті күнделікті көзге үйреншікті көрінетін сәттеріне өзгеше қарай бастайды екенсің.
Ал Мұғалімдер күніне орай өткен бір ерекше шара маған мектеп өмірінің біз көре бермейтін қырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Бір мерекенің артындағы мың ой
Мектеп президенті ретінде сол күні менің міндетім тек мерекеге қатысу емес, оның ойдағыдай өтуіне атсалысу болды. Барлық 11-сынып оқушыларын біріктіріп, мектеп әкімшілігімен, оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлармен, мұғалімдермен және сынып жетекшілерімен ақылдаса отырып, ауқымды шара ұйымдастырдық.

Сырт көзге мерекелік күн әдемі безендірілген мектептен, ұстаздардың жүзіндегі қуаныштан, оқушылардың күлкісі мен қызықты көріністерден тұратындай. Алайда сол әдемі көріністің артында қаншама шешім, талқылау мен дайындық жатқанын ұйымдастыру жұмысына араласқанда ғана сезінесің.

Кім қандай идея ұсынады? Қаражатты қалай үйлестіреміз?Мектепті кім безендіреді? Ұстаздарды қалай қарсы аламыз? Қандай ойындар ұйымдастырып, қандай сыйлықтар дайындаймыз? Мұның барлығы өздігінен орындала салмайды. Әр істің артында бір адамның емес, бірнеше адамның уақыты мен еңбегі тұрады.

Мен сол күні өзімді оқушылардың, ұстаздардың және мектеп әкімшілігінің арасындағы көпірдей сезіндім. Себебі әркімнің ойы әртүрлі болғанымен, барлығымызды біріктірген бір мақсат болды: ұстаздарға деген алғысымызды жеткізу.

Әсіресе, «Жүректен жүрекке» бастамасы мерекенің мәнін аша түсті. Оқушылар өздеріне білім беріп жүрген мұғалімдеріне деген жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жеткізді. Мен үшін сол сәттің маңызы ерекше еді. Өйткені ұстазға берілетін ең бағалы сыйлықтың бірі — оның еңбегін түсіну және бағалай білу.
Бір күнге ауысқан рөлдер
Бұл шараның тағы бір ерекшелігі – оқушылардың мұғалімдердің, ал мұғалімдердің оқушылардың рөлін сезінуі болды. Мен де мектеп директорының, оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың, мұғалімдердің міндеттерін атқарып көрдім.

Бұрын мектеп директорының жұмысы туралы ойласам, көз алдыма мектепті басқаратын, маңызды шешімдер қабылдайтын адам елестейтін. Алайда сол рөлге еніп көргенде, басшылықтың сырт көзге байқала бермейтін жауапкершілігін түсіне бастадым.

Мектептегі әрбір оқиғаға назар аудару,  оқушылардың тәртібін қадағалау, мұғалімдердің жұмысын үйлестіру, түрлі  іс-шараларды ұйымдастыру, туындаған мәселелерге шешім табу — мұның бәрі бір күнде атқарылатын жеңіл міндеттер емес. Көп жағдайда басшының шешімі өзгелердің жұмысына, тіпті тұтас оқу процесіне әсер етеді.

Ал оқу ісі мен тәрбие ісіне қатысты міндеттерді орындау мұқияттылықты талап етті. Сабақ кестесін әзірлеу, мұғалімдер мен оқушылардың орналасуын реттеу, сабақтардың дұрыс ұйымдастырылуын   қадағалау — сырттай қарағанда қарапайым жұмыс секілді. Бірақ оның әрбір бөлшегінде үлкен жауапкершілік жатыр.

Бір ғана кестенің дұрыс құрылуы үшін қаншама нәрсені ескеру қажет! Мұғалімнің уақыты, сыныптардың сабақтары,  оқу тәртібі — бәрі бір-бірімен байланысты. Бір тұста кеткен қателік басқа жұмыстарға да әсер етуі мүмкін. Сол кезде мен мектептегі қалыпты тәртіптің өздігінен қалыптаспайтынын түсіндім. Біз күн сайын дайын күйінде көретін жүйенің артында жоспарлау, үйлестіру және үздіксіз еңбек бар.
Мұғалім болу – тек сабақ түсіндіру емес

Мені ерекше ойландырған рөл – мұғалімдік болды.
Мұғалімдерге арналған «Мұғалім бір күн оқушы болса…» тақырыбындағы сабағым әлі есімде. Сол сабақта ұстаздар өздерінің оқушы кезеңіне қайта оралып, мектеп кезіндегі естеліктерімен бөлісті. Өздері үлгі тұтқан мұғалімдерін, сынып жетекшілерін еске алып, сол жылдардан қалған әсерлерін айтты.

Сол сәтте мен мұғалімнің де бір кездері партада отырған оқушы болғанын тереңірек сезіндім. Олардың да армандары, толқыныстары, сүйікті ұстаздары мен ұмытылмас естеліктері бар. Бүгін бізге білім беріп жүрген жандардың да кезінде біреуден білім алып, біреуге еліктеп, болашағына сеніммен қараған шағы болған.

Ал мұғалімнің орнында тұру мен ойлағаннан әлдеқайда күрделі екен.

Сабаққа дайындалу, уақытты тиімді пайдалану, оқушылардың назарын аудару, тақырыпты түсінікті жеткізу, әр оқушының қабылдау ерекшелігін ескеру – мұның барлығы шыдамдылық пен үлкен дайындықты қажет етеді. Мұғалімнің міндеті қоңырау соғылғанда басталып, қоңырау соғылғанда аяқтала салмайды. Оның артында біз көре бермейтін ойлану, іздену және дайындалу процесі бар.

Бір күнге ғана мұғалім бола тұрып, мен осы жауапкершіліктің аз ғана бөлігін сезіндім. Ал күн сайын ондаған оқушымен жұмыс істеп, олардың білім алуына және тұлға болып қалыптасуына үлес қосатын ұстаздардың еңбегі қаншалықты ауқымды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Көзге көрінбейтін кейіпкерлер
Дегенмен мектептегі еңбекті тек директорлармен немесе мұғалімдермен шектеу дұрыс болмас.

Мектептің тазалығын сақтайтын қызметкерлер, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандар, техникалық қызметкерлер мен әкімшілік ұжымы да ортақ өмірдің бір бөлігі. Олардың еңбегі күнделікті тіршіліктің қалыпты жүруіне мүмкіндік береді.

Біз таза сыныпқа кіріп, дайын кабинетте сабақ оқып, өзімізге қолайлы ортада білім аламыз. Бірақ сол жағдайды жасау үшін біреудің ерте келіп, біреудің ұзақ жұмыс істеп, біреудің өз міндетін мұқият орындағанын үнемі ескере бермейміз.

Кейде басшының жұмысы тек кабинетте отырып шешім қабылдау деп ойлаймыз. Кейде белгілі бір қызметті атқаратын адамның жұмысы жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ сырттай қарау мен сол міндетті өзің орындап көрудің арасында үлкен айырмашылық бар.

Әр қызметтің өз қиындығы, әр адамның өз жауапкершілігі бар. Біреудің еңбегі көзге көбірек көрінгенімен, бұл екінші адамның еңбегі маңызды емес дегенді білдірмейді.

Мектеп – әртүрлі міндет атқаратын адамдардың еңбегі бір арнаға тоғысатын орта. Бірі ұйымдастырады, бірі білім береді, бірі тәртіпті қадағалайды, енді бірі күнделікті қажетті жағдайды қамтамасыз етеді. Осылардың бірлігі мектептің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Еңбекке құрмет – адамға құрмет
Осы тәжірибеден кейін өзіме «Мектептегі бір күннің артында қанша еңбек жатыр?» деген сұрақты қайта қойдым.
Жауап бір ғана санмен өлшенбейді екен. Оның артында әр таңын жұмысқа арнайтын адамдар, сабаққа дайындалатын ұстаздар, жауапты шешім қабылдайтын басшылар, ортақ іске үлес қосатын оқушылар және күнделікті міндетін атқаратын қызметкерлер тұр.

Мен 11-сынып түлегі ретінде мектеппен қоштасуға жақындаған сайын мұны бұрынғыдан да тереңірек сезінемін. Бір кездері жай ғана күнделікті міндет деп қабылдаған сабақтар, мектептегі шаралар, ұстаздардың ескертулері мен қамқорлығы енді басқа мағынаға ие болып келеді. Өйткені мектеп бізге тек білім бермейді. Ол адамдардың еңбегін түсінуді, жауапкершілік алуды және өзгенің орнын сезіне білуді де үйретеді.

Меніңше, адамның еңбегін бағалау үшін міндетті түрде оның орнында ұзақ уақыт жұмыс істеу қажет емес. Кейде бір күннің өзі көп нәрсені түсіндіреді. Ең бастысы — дайын нәтижеге ғана емес, сол нәтижеге жеткізген жолға да назар аудару.

Өмірде оңай жұмыс жоқ. Басшы болсын, мұғалім болсын, кіші қызметкер болсын — әрқайсысы өз міндетін атқарып, ортақ нәтижеге үлес қосады. Сондықтан ешбір еңбекті сырттай бағалап, жеңіл деп айтуға асықпағанымыз жөн.

Мектептегі бір күн маған осыны ұқтырды. Ал мектеппен қоштасар шақта өзіммен бірге алып кеткім келетін ең маңызды сабақтардың бірі де осы болмақ.
Өйткені біз кейде мектепте қанша нәрсе үйренгенімізді бағаларымыздан іздейміз. Ал шын мәнінде, өмір бойы ұмытылмайтын сабақтарымыздың бірі – өзгенің еңбегін бағалай білу.

СЕЙДИЛДА Еркеназ Ғалымжанқызы,

«Қайым Мұхамедханов» атындағы

№90 ұлттық-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы.

Астана қаласы

Сәйкес жаңалықтар

Жылдар санатындағы адал еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көріңіз!

farabi shakirti shakirti

Стали известны имена победителей II Республиканской олимпиады по общественно-гуманитарному направлению для учащихся сельских школ

Г. Мендель ашқан белгілердің тұқым қуалау заңдылықтары

farabi shakirti shakirti