📸 Сурет авторы: Дәурен Мақсұтханұлы
Ағымдағы жылдың 05.11.2026 жылы сағат 10:00-де журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен II халықаралық күзгі мектептің ашылу конференциясы өтті.
Жиынға «AmalBooks» баспа үйінің директоры қатысып, қазіргі уақытта баспа ісіне келетін болашақ жастардың адамдармен қарым-қатынас орната білуі керектігін, өз ұсынысын жүйелі әрі қысқа уақытта жеткізе білу қажеттігін атап өтті. Баспа өнімдері арқылы жарық көріп, табыс табу үшін адамға кітапты жақсы көру және диплом үшін оқу жеткіліксіз екенін де тыңдармандарға қадап айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Жиында сөз алған «Қазақстан Республикасы Телерадиокорпорациясы» АҚ бас продюсері Болат Мүрсәлім бүгінде ЖИ-дің медиа саласына қарқынды әсер етіп жатқанын айтты. Тіпті ЖИ-дің көмегімен фильмдерге картина жасап, анимациялық жобаларды жарыққа шығарып жатқандарын жеткізді. «Дегенмен, ЖИ кәсіби маманның орнын алмастыра алмайды. Айналып келгенде, жауапкершілік редактордың өзінде. Ол ақпаратты тексеріп, қате-кемшіліктерді түзетуі керек», – дейді.
Сонымен бірге бүгінгі жиынның тағы бір ерекшелігі – Түркия елінен арнайы тікелей байланысқа шыққан қонақ, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демирдің қатысуы. Мендерес мырза Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлемдегі жетекші оқу орындарының бірі екенін айтып, алдағы уақытта серіктестікті нығайтып, бірге жұмыс істейтінімізге сенім білдірді. Сондай-ақ медиа саласында ЖИ-дің кеңінен тамыр жайып отырғанын, Түркияның БАҚ-тары да бұдан тыс қалмай, бұл саланы түбегейлі зерттейтінін айтты.
Ал Назия Жоямергенқызы медиадағы сауаттылық пен авторлық құқыққа тоқталып, бүгінгі халықаралық деңгейде жүзеге асырылып жатқан жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар алдағы бастамалары жайлы студенттерге, магистранттар мен докторанттарға баяндады.
Келесі сөз кезегін тізгіндеген Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов та бүгінде ЖИ дамып жатыр, бірақ қанша мүмкіндігі болғанымен, ол кәсіби маманды алмастыра алмайды деген пікір білдірді. Сондықтан ЖИ-ге тәуелді болмай, әрбір жас маманды өз кәсібінің жауапкершілігін сезінуге шақырды. «ЖИ өндірісті жеңілдетіп, шығынды азайтуға жағдай жасайды, сол себепті біз ЖИ-ді маманның жұмысын жеңілдетіп, толықтыру үшін қолдануымыз керек», – дейді кәсіби басшы.
Бүгінгі ЖИ кеңінен таралып жатқан уақытта оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерттеу,
онымен сапалы жұмыс жүргізудің қаншалықты маңызды екені, ақпараттық сауаттылық пен баспа ісінің мүмкіндіктері жайлы және одан бөлек айтылған сүбелі ойлар мен бөліскен тәжірибелерден болашақ мамандардың түйгені көп, алар пайдалы ақпараты мол болғаны анық.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,
«Журналистика» факультетінің І — студенті.
