📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Менгельс Арай
Әлем күн сайын өзгеріп, технология мен ақпараттың жаңа кезеңіне қадам басып жатыр. Бұл процесс барлығымыз үшін тиімді әрі қуантарлық жаңалық. Алайда осы қарқынды дамудың арасында адам өміріндегі кейбір қарапайым құндылықтар назардан тыс қалып барады.
Бұрын адамдар үшін үлкендерден бата алу, кішілерге қамқорлық жасап, ақыл-кеңес беру, құрметпен амандасу мен хал-жағдай сұрау ерекше мәнге ие еді. Бүгінде мұндай қарапайым әрекеттердің өзі сиреп бара жатқандай. Біздің күнделікті мәдениетіміздің бір бөлігі көзден ғайып болып бара жатқаны бәрімізге мәлім.
Адамдар бір-бірімен бетпе-бет жүздеспей-ақ, ақыл-кеңес пен қолдауды жасанды интеллекттен сұрайды. Алайда жасанды интеллекттен алған жауапты жақын адамыңның шынайы қолдауымен салыстыруға келмейді. Себебі ықылас пен жылы сөздің орнын ешқандай технология алмастыра алмайды.Интернеттің ар жағындағы біреудің қуанышына ортақтасып, жанымыздағы жандардың өмірінде болып жатқан өзгерістер мен көңіл күйін байқамай қалатын кездеріміз де көп. Біз өзгелердің өміріне қызығушылық танытқанымызбен, өз ортамыздағы адамдарға жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Ал шынайы қарым-қатынастың негізі – уақыт бөлу, тыңдай білу және түсіне алу.
Кейде біреудің жасаған жақсылығына алғыс айтуды да ұмытып жатамыз. Оның әрекетін қалыпты міндет ретінде қабылдап, ризашылығымызды сөзбен жеткізудің орнына сыйлықпен білдіруге тырысамыз. Алайда қарапайым рақметтің өзі адамға ерекше әсер сыйлай алады. Сондықтан айналамыздағы жандарға мейірімділік, адалдық, жанашырлық пен сыйластық секілді ешқашан ескірмейтін қасиеттерді сезіндіре білуіміз керек.
Заман қанша жаңарса да, адамдық қасиеттердің құны өзгермеуі тиіс. Себебі біздің мақсатымыз –
келешекке озық технологияны ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани құндылықтарды да қатар жеткізу.
МЕНГЕЛЬС Арай,
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы,
Гагарин ауылындағы
«Талғат Бигелдинов атындағы ЖББМ» КММ
11 – сынып оқушысы
