«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

Ұлттық валюта күні

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Рысбек Жанерке

Оны құрметтеу – өткенімізді және ата-бабаларымыздың еңбегін құрметтеу.

15 қараша — Қазақстанда ерекше құрметпен атап өтілетін күн. Дәл осы күні 1993 жылы еліміздің ұлттық валютасы — теңге айналымға енді. Бұл — Қазақстанның тарихындағы маңызды оқиға, себебі өз ұлттық валютамыздың болуы еліміздің дербес және тәуелсіз мемлекет екенін айқын көрсетеді.

Тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыздың арманы бірте-бірте жүзеге асты. Олар өздері үшін ғана емес, болашақ ұрпақтың бақыты мен елінің болашағы үшін күресті. Сондықтан өз валютамыздың пайда болуы – халқымыздың өз елінің тағдырын өз қолымен шешуге қол жеткізгенінің бір белгісі.

Қазақстанның алғашқы банкноттары Лондондағы Harrison & Sons фабрикасында басылды. 1993 жылғы алғашқы банкноттарда Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абылай хан сияқты тарихи тұлғалар бейнеленді. Бұл – теңгенің тек ақша құралы ғана емес, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін білдіретін нышан екенін көрсетеді.

Кейіннен 15 қараша Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Бұл күн теңгенің туған күнін еске алып, еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен қаржы жүйесінің дамуына қосқан үлесін атап өтуге мүмкіндік береді.

«Теңге» деген атаудың шығу тарихы да өте қызық. Бұл сөз ортағасырлық түркі тіліндегі «денге», «танга» деген күміс монеталарының атауынан шыққан. XIII ғасырда Отырар мен Тараз қалаларында күміс және мыс ақшалар соғылған. Орта ғасырларда бұл атау көршілес халықтардың тілдеріне де таралды.

1993 жылы Қазақстанның ұлттық валютасына осы тарихи атау берілді. «Теңге» атауын ұсынған – мемлекет қайраткері Сауық Тәкежанов. Қызығы, ұлттық валютаға «сом», «ақша», «алтын» деген атаулар да ұсынылған. Алайда терең тарихи тамыры бар «теңге» атауы таңдалды.

Қорытындылай келе, 15 қараша  – барша қазақстандық үшін маңызды күн. 1993 жылы осы күні айналымға енген теңге еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің айқын нышанына айналды. Теңге – тек ақша құралы ғана емес, ұлтымыздың тарихын, мәдениетін және тәуелсіздікке деген ұмтылысын білдіретін ұлттық мақтаныш. Оны құрметтеу – өткенімізді және ата-бабаларымыздың еңбегін құрметтеу.

РЫСБЕК  Жанерке,

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылы

«№44 жалпы орта білім беретін

мектеп гимназиясының» 11 – сынып оқушысы

Республикалық «Farabi shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының Жас тілшісі

Сәйкес жаңалықтар

Қазақ анимациялық мультфильмі арқылы бала өз әлемін тапса дейміз

farabi shakirti shakirti

Ғибратын көңілге тоқиық! 

farabi shakirti shakirti

Сөздің ĸүші қоғамды өзгерте ала ма?