📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Менгельс Арай
Біз күнделікті өмірде ондаған затты қолданамыз. Таңертең тіс щеткасымен тісімізді тазалаймыз, айнадан өз бейнемізді көреміз, телефон пайдаланамыз, киім киіп, аяқкиіммен жер басамыз. Алайда осындай қарапайым заттардың тарихы ғасырлар бойы өзгеріп, талай қызықты оқиғаларға толы болғанын білеміз бе?
Бір қызығы, қазіргі таңда күнделікті қолданыста жүрген кейбір заттар алғаш пайда болған кезде байлықтың белгісі саналған. Ал кейбірі күтпеген жерден пайда болып, адамзаттың өмір салтын түбегейлі өзгерткен.
- Тіс щеткасы бір кездері жануардың қылынан жасалған
Тіс щеткасының тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Біздің заманымызға дейінгі 3500 жылдары Ежелгі Мысыр мен Вавилонда тіс тазалау үшін ағаш бұтақтары қолданылған. XV ғасырда қытайлықтар шошқа қылынан тіс щеткаларын жасай бастаған. Ал 1780 жылы Уильям Аддис қазіргі үлгісіне ұқсас тіс щеткасын жетілдірді. 1954 жылы алғашқы электрлі тіс щеткасы пайда болды.
- Адамдар алғашында өз келбетін судан көрген. Кейінірек жылтыр тастар мен металдарды пайдаланып, алғашқы айналарды жасаған. XVI ғасырда Венеция сапалы айналарымен танымал болды. Ол кезеңде айна жасау күрделі әрі қымбат болғандықтан, сапалы айналар ауқатты адамдар үшін бағалы бұйым саналған.
- Шарикті қаламның тарихында журналистің де ізі бар
Венгриялық журналист Ласло Биро сиясы тез кебетін әрі жазуға ыңғайлы қалам жасауды мақсат етті. 1938 жылы ол шарикті қаламның маңызды үлгісін әзірледі. Бұл жаңалық жазу үдерісін жеңілдетіп, қаламның күнделікті өмірде кеңінен қолданылуына жол ашты.
- Джинсы матасы беріктігі мен төзімділігіне байланысты алғашында жұмысшылар арасында танымал болды. 1873 жылы Ливай Страусс пен тігінші Джейкоб Дэвис металл тойтармалармен күшейтілген шалбарға патент алды. Бастапқыда жұмысшыларға арналған бұл киім уақыт өте келе әлемдік сән индустриясының ажырамас бөлігіне айналды.
- Смартфонның тарихы: қалтадағы шағын компьютер
1994 жылы IBM компаниясы Simon атты алғашқы смартфондардың бірін сатылымға шығарды. Оның сенсорлық экраны болды. Сонымен қатар қоңырау шалудан бөлек, электрондық хат жіберу, күнтізбе мен калькуляторды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Қазіргі смартфондармен салыстырғанда, ол әлдеқайда үлкен әрі ауыр болатын.Бүгінде қарапайым көрінетін заттардың өзі талай ізденіс пен жаңалықтың нәтижесінде дүниеге келген. Кейде әлемді өзгертетін үлкен жаңалық күн сайын қолымызға ұстайтын кішкентай бұйымнан басталатыны рас.
МЕНГЕЛЬС Арай,
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы,
Гагарин ауылындағы
«Талғат Бигелдинов атындағы ЖББМ» КММ
11 – сынып оқушысы.
Пайдаланған дереккөздері:
HISTORY – How Humans Took Care of Their Teeth Through History
- Айнаның тарихы
Hong Kong Palace Museum – Cultural Encounters
The Metropolitan Museum of Art – History of Mirrors
- Шарикті қаламның тарихы
ASME – Birome Ballpoint Pen Collection
Guinness World Records – First Ballpoint Pen
- Джинсының тарихы
Levi Strauss & Co. – Celebrating the Birth of the Levi’s 501 Jean
Smithsonian Institution – Levi Strauss Jeans
- Смартфонның тарихы
Smithsonian Institution – IBM Simon Personal Communicator
Computer History Museum – IBM/BellSouth Simon
