Наурыз — ақ тілектер мен игі ниеттер тоғысы

Мұзафар Әлімбаев

Наурыз мейрамы

Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе аз ғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!                         

Мұқағали Мақатаев

Наурыз

Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.

Фариза Оңғарсынова

Наурыз әні                                                                                   

Көктемім — көркем арманым,
махаббат, мөлдір таңдарым.
Наурызым жақса шамдарын,
жайдары, жарқын жан-жағым.
Қайырмасы:
Наурыз, наурыз — жаңа жылым,
наурыз, наурыз — лала гүлім,
жанымды тербеп барады үнің!
Наурыз, наурыз — жаңа жылым,
наурыз, наурыз — лала гүлім,
жайнаған жастығым, балалығым!
Көк жасыл көйлек қырларда,
көктемгі үміт — сырғаңда.
Алғашқы махаббатымдай
нәзіксің нұрдан, жырдан да!
Қайырмасы.
Мейірім төгіп далама,
Жылу бер жанға, санама!
Наурыз — бағым, ырысым,
жерімді менің арала!
Қайырмасы.

Абдрахман Асылбек

Жаңа жыл – наурыз

Мерекеміз Наурыз –
Халық күткен бақ-ырыс.
Адамдардың аңсары,
Бір-біріне сағыныш.
Кетіп қыстың ызғары,
Жібіп тоң мен мұз-қары,
Жарқырайды күмістей
Таудың асқақ шыңдары.
Күн менен түн теңеліп,
Жердің жүзі көгеріп,
Сылдырайды бұлақтар,
Шаттық үнге кенеліп.
Күлімсірей күн шығып,
Тал-дараққа бүр шығып,
Кіріседі тірлікке,
Жан-жануар құлшынып.
Өткен өмір – өткен жыр,
Оралмасқа кеткен бір.
Әз Наурыз – Жаңа жыл,
Көптен күткен көктем бұл.
Әз Наурыз – көктем бұл,
Сағыныш боп жеткен жыл.
Төгіп мейір көктен нұр,
Жер бетіне еккен гүл.
Кәрі-құртаң қош күліп,
Жас буынға ес кіріп,
Жарып шығып жаңалық,
Ығысады ескілік.
Көңілдегі алты айғы
Өкпе-наздар тарқайды.
Бетке алып Алтайды,
Қыран құстар самғайды.
Атқан таңмен ағарып,
Жеткен Наурыз – жаңалық.
Адамдарға ақыл-ой,
Дарқан мінез, даналық.
Халық күткен бақ-ырыс –
Жаса, жаса Наурыз.
Аласармай тауымыз,
Гүлдей берсін бағымыз.

Айтқали Нәріков‎

Наурыз                                                                                       

Ақыл-ойдың зерегінен жаралып,
Салт-дәстүрдің тереңінен нәр алып,
Наурыз келді! Наурыз келді, жарандар,
Бойға қанмен намыс болып таралып.
Кездер болды ел шаттығын бұқтырған…
Кездер болды жанарларға шық тұнған.
Сондадағы наурызкөже пісіріп,
Әр шаңырақ көңіл-күйін ұқтырған.
Қыс — кәрілік, көктем мына — жастығым,
Деп тұрғандай құшақты кең аш бүгін!
Наурызбенен бірге келіп қуаныш,
Қабағымнан қармен бірге қашты мұң.
Қатар келді жаңару мен жасару,
Төрлет, Наурыз, төңіректі жаса ду.
Қариялар бір серпіліп қалсыншы,
Табыссыншы бозбала мен жас ару.
Сыйлап бізге татулық пен тыныштық,
Наурыз келді! Жүрген жері ырыс-құт!
Бабалардың аманаты болған соң,
Наурыз менің жүрегіме тым ыстық!!!

Ернұр Сейдахмет

Жыл басы

Күлімдеді көкте күн.
Тез өссін деп еккенім.
Арық салдым әкемнің
Қолыма алып кетпенін.

Үйдің ішін жайнатып.
Әкелді анам май, қатық.
Наурыз көже пісірді,
Әжем қазан қайнатып.

Асыр салып ойнадық.
Наурыз тойын тойладық.
«Берекелі жыл болсын!»,
Деді атам ойланып.

Наурыз бақ боп кел елге!
Айтылды ән, өлең де.
Мол дастархан жайылды,
Барлық көрші-көлемге.

Айдынға құс қонсын кеп.
Дала гүлге толсын,- деп.
Бата берді үлкендер,
Наурыз құтты болсын! — деп.

Жанат Жаубасов

Наурызда

Ауылыма көшет тұрғыздым,
Ық болсын деп боранда.
Қасында тұрса жұлдызың
Айда уайым болар ма?

Жаныма келіп немерем,
Бір ағаш екті тағы да.
Қарсы алар ертең жыл құсын,
Айналып алма бағына.

Аңсап күткен жыл құсын,
Қуанышым жетілді.
Бірге туған секілді.

Дереккөзі:Bilimall.kz