Арманым мақсатқа ұласты

https://egemen.kz/article/376721-tsifrlyq-media-trendteri

Мен болашақ мамандығым ретінде журналистиканы таңдадым, өйткені бұл сала менің қызығушылықтарыма толық сәйкес келеді. Мен үшін журналистика – жай ғана ақпарат жеткізу емес, қоғамның тынысын сезіну, халықтың үнін есту және оны дұрыс жеткізу жолы.

Журналист – ол көпшілік ойлайтындай тек мәтін жазып, микрофон алдында әдемі сөйлейтін адам ғана емес, халықтың мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын, төтенше жағдайлар мен маңызды ақпараттарды сабырлы түрде жеткізетін кәсіби маман. Халық арасында қандай да бір жағдай орын алғанда, ең алдымен полиция қызметкерлеріне, одан кейін жедел жәрдемге, ал соңында журналистерге жүгінеді.

Журналист халықтың мәселесін, наразылығын ашық айтып, әділдік пен шындық үшін күресіп, қоғамның шынайы бейнесін көрсетеді. Кей жағдайда әділдікке жете алмаған халық журналистерге сенім артады. Мысалы, Руслан Өтепбай мен Бейсен Құранбек сияқты әділдік үшін күрескен мықты журналистер бар. Қазіргі қоғамда журналист мамандығының рөлі ерекше, әрі қарқынды дамып келеді. Сондықтан мен осы бағытта жоғары білім білім алғым келеді.

Журналистика – қоғамдағы ең маңызды салалардың бірі. Ақпарат тарату арқылы ол халық пен билік, қоғам мен жеке адам арасындағы байланысты нығайтады. Қазіргі заманда ақпарат ағыны өте жылдам, сондықтан шынайы әрі тексерілген дерек жеткізетін мамандарға сұраныс артып отыр. Осы себепті журналист болу үлкен жауапкершілік пен сенімді талап етеді.

Бүгінгі ақпараттық кеңістікте журналист тек жаңалық таратушы ғана емес, сонымен қатар қоғамның айнасы. Ол оқиғаларды зерттеп, шынайы деректі жеткізу арқылы әділ ақпарат қалыптастырады. Қоғамдағы мәселелерді көтеру арқылы өзгерістерге себепші болады. Сонымен қатар бұл сала шығармашылық пен ізденісті қажет етеді, себебі әр материал нақты, түсінікті әрі әсерлі болуы тиіс.

Менің арманым – кәсіби журналист болу. Сол жолда білім алып, тәжірибе жинап, қоғамға пайда әкелгім келеді. Мен халыққа шындықты жеткізетін, әділдік пен адалдықты ұстанатын маман болғым келеді. Цифрлық медиа дамыған заманда жаңа форматтарды меңгеріп, заманауи журналистиканың талаптарына сай болу да менің мақсатымның бірі.

Журналист болу – мен үшін жауапкершілігі жоғары мамандық. Бұл сала қоғамды түсінуге және шынайы ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді. Мен әділдік пен шындықты басты қағида ететін журналист болғым келеді.

АМАНТАЙ  Айман,

Абай облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылы,

Бауыржан Момышұлы атындағы КММ ОМ

11 «Б»  сынып оқушысы