Балаңызды бақылап жүрсіз бе?

                                                                                  Бауыржан МОМЫШҰЛЫ:

«Тәртіпке бас иген адам құл болмайды,

тәртіпсіз ел болмайды».

Жеткіншек тура жолдан жаңылмасын ұрпағының болмыс — бітімін қалыптастыру, дүниетанымын жетілдіру мәселесі отбасынан бастау алады.

Әрбір ұлт өкілінің өз ұрпағын өз ұлтының болмысына сай дамытып, жетілдіруі — бұл талдауға жатпайтын мәселе. Әр адам — адамзаттың жеке-дара өкілі болғанымен, өзіндік ерекшеліктері мен дараланады. Тұлғаның дамуы барысында отбасы мен мәдени ортаға лайықты оның дүниетанымы жетіледі. Адамдардың кейбіреулері дүниедегінің барлығы қарама-қайшылықта болады» деседі, енді біреулері «Әлемде үйлесімділік пен келісім болса, даму жоғары деңгейдегі жетістікке жетеді», — деп тұжырымдайды.

Ордабасы ауданы білім бөлімінің басшысы НҰРАБАЕВА Шұға Тұрмаханбетқызы

Бүгінгі күнгі жасөспірімдер тәрбиесі кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Сабақтан бос кезінде оқушылар үйлерінде отырып білім алу қажет, алайда ата — ананың қадағалауынсыз қалғандықтан  оқушылардың беймезгіл, түн ортасында себепсіз, босқа сандалып көшеде жүруі қылмысқа итермелейтіні анық. Жаз айлары балалар үшін қызықты болғанымен, бұл уақытта ата — ананың бала алдындағы жауапкершілігі еселене түседі. Өйткені қолы бос, күндегідей сабақ жоқ. Осыдан достармен кездесу, ойынханаларды жағалау  басталады.

Алайда, әрбір ата — ана баланың әр қадамын қадағалап отырғаны жөн.  Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елеңдетіп отырғаны рас. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00 — ден кейін компьютерлік клубта отыруға және 23.00 — ден кейін көшеде ата  -анасыз жүруге тыйым салынған.  «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды.

Қылмыстың алдын  алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата — аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады.

Сондықтан елдің ертеңі – балаларымыздың болашағы жарқын болсын десеңіз, тәрбиені отбасынан бастағанымыз абзал. Құрметті ата – ана балаға бақылауды күшейтіңіз!

ӘЛІМҚҰЛОВ Нұртас Құрманұлы,

Ордабасы ауданы білім  бөлімінің

тәрбие ісі жөніндегі әдіскері.

Түркістан облысы