Қысқы демалыстың алғашқы күні. Демалыс басталысымен алыстағы жақындарға бауыр бұрып тұратын балалардың әдетінше, ауылға кіші тәтемнің үлкен қызы қонаққа келді. Барлығымыз мәз-мейрам болып, жиенді қарсы алысып, түскісін анамның құрбыларын қонақ еттік. Осылайша, кешке қарай сыртқа шығып, шана сүйрей шаттана балалық шақ қызығына тоймай жүрген ауыл балаларына бізде қосыла кеттік. Менің ескі сарайда иесіз, шаң басып, маған, менің балалық шағыма өз міндеті мен қызметін атқарып болған естелікке толы шана бар еді. Сол шана балалар жанына жақындағанда есіме түсіп, осыдан тура 4-5 жылды артқа тастағандай шанамды сүйретіп, ойын балаларымен бірге шана сүйрей, балалық шақ қызығына тереңінен бойладым. Жиенім мәз. Мені «тәте» деп балалар да бір-біріне қарасып күліп қояды. Сол бір кезде күллі дүниені ұмытып, балалық дәуренге бір барып қайтқандай болып, кеш қарайып ымырт түскенін де аңғармай, дәл бұрынғыша анамның: «Қайтыңдар, кеш болды, тамақ ішеміз» — деген құлаққа әбден жағымды дауысмен балаларды қимай қоштасып, тарқастық. Үйге келіп, бойым жылыған соң кешкісін ауылда жаңа жылдық арнайы көңілді кеш болатыны есіме түсіп, отбасымызбен баруға шешім қабылдадық. Міне, осылай демалыстың алғашқы күнін кереметтей көңіл-күймен аяқтап, жастыққа бас тиер-тиместен  тәтті ұйқыға аттандық.

Бүгін демалыстың екінші күні. Жаңа бір тарихқа қадам басар жаңа жылға бір күн қалды. Таңертең ұйқымнан анамның : «Тұр, достарың шақырып жатыр» — дегенімен ояндым. -Таң атар-атпастан мені іздеген кім болды екен? — деп сыртқа шықсам, кешегі бірге балалық дәуренге қадам басқан балалар екен. «Бізге ойнайық» — деп айтқалы келіпті. Оразамды да ашпаған мен сәл тоса тұруларын сұрап, киімімді киіп алғанан кейін, ауқаттанып алмақ болып, ас бөлмеге таман аяңдадым. Ас бөлмеге жақындаған сайын балалардың дауысы анық естіле бастады. Бөлмеге кірген бойда жоғарыға жайғасқан, кең дастархан басындағы періштедей, пәк күлкідегі балаларды көрдім. Оларға анам тәттілерден үлестіріп беріп, қуаныш үндеріне құлақ сала сүйсіне қарап отыр екен. Қашанда бала жүрегі аппақ қардай таза, көңілдері пәк қой. Шіркін, адамдардың барлығы дәл сол қалыпта, бала көңілде қалса ғой. Сонымен таңғы асты мерекелік құттықтаумен арқа — жарқа болып, бірге балаша қуанып ойынға жүгірдік. Баламен балаша қуану бір сәттік болса да бақыт қой. Бірақ бүгін  ауыл сыртындағы төмпешікке қарай жол салдық. Бұл төмпешік маған бұрынғысынан тым аласа көрінді. Өзім келіп, ойын қуып жүргенде «Мен» деген асқар таудың өзі таласып теңесе алмас бұл төбе осы жолы бойынан күші мен қуаты кеміп қалғандай маған : «Қайда жүрсіңдер, сендер өсіп, мен өштім ғой!» — деп тек маған ғана үнсіз үн қатқандай болды. Бара сала кезек тосып, енді біріміз төбелесе рет санап, ал үлкеніміз ол кезекті елемей төбеден төмен құлдилаудың қызығын молырақ татып, ләззатына батқымыз–ақ келіп тұратын. Ол жерде ауылдың балаларының жартысынан көбі жүреді. Түсте келсең, кезекті ұзақ тосуыңа тура келеді, бала көп. Таңертең күн салқын демесең, бала бола бермейді.

Осы ретте ойы ұшқыр, көкке қол созған ауыл баласының бірі ойлап тапқан шаңғы жайында айтайын сіздерге. Ауылда  үйдің ірге тасына төсейтін қара қағаз деп аталатын зат біздің іздегенімізге табылу қиын болатын. Шанасы жоқтарда осы қара қағаз болып, біз шанасы барлар: «Қарашы, қандай керемет, сондай жылдам сырғанайды, ә?!» — деп қызыға қарайтынбыз. Сол қара қағаздың құдіреті мен қасиеті одан сайын артып, енді үлкен балалар одан «шаңғы» деп аталатын бір бейтаныс дүние жасап шығарды. Ол шаңғы дәл сол кезде бізге жаңа бір қол жепес өнер табыстай көрінді. Менің оған ақырында да қолым жетпеді. Жаңа туындыны жасаған біздің табыскер тұлғамыз аяқтың өлшеміндей етіп ғана қара қағазды қиып, аяқтан түспеуі үшін аяқ киім тәріздендіріп сыммен бекітті. Жазда  аяқ киетін тәпішкеге ұқсата жасалған туындыға сүйену үшін мықты екі таяқты алып, тура шаңғыны жасап шығарған екен. Кейін оны балалар әкелеріне, не ағаларына айтып жасатып алды. Міне, сол қол жетпес арман болған қара қағаздың бірі осында төмпешік үстінде иесіз жатыр екен. Оны көріп : «Ой, шіркін, сенің де құның өшкені ме?» — деген ой оралды.

Төмпешік иесіз емес, осы азғантай бес бала ғана барып тұрады екен. Оның бірі қонақ бала болып шықты. Қыс басталса басы баладан көз ашпайтын бұл төбе де бүгінде осы бес баласыз бос қалыпты. Ол төбенің сәнін келтірер балалар қайда? Әрине, үйде ғаламтордың әлемінде. Оның үстіне жас аналар мен әжелеріміздің айтуынша, сыртқа шықса баласының бетін жел үріп кетеді екен.

Міне, «Осылай әртүрлі ойлар бір төбеде жиыла күтіп, мені тосқаны екен ғой» — деп жәй жүріспен аяңдай балаларды ерітіп үйге қайттық. Мені қуантқаны бұл балалардың нағыз дала мен ойын баласы болып, балалық шақтың шын ләззатын сезініп жүргендіктері. Бала – бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешуі керек. Егер балалық дәурені шала болса, сол жетіспеген сыбағасын кейін есейгенде аңсай өкініп есіне алады.

                                                             Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы

                                                             Алдашбай ахун ауылы, №111 орта мектеп

                                                             9 – сынып оқушысы Тәжібаева Гүлсәнім 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *