«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Тұлғасы таудай, жаны нәзік досым

Сурет: мақала кейіпкерінің келісімімен жолданды.

Дос адам өмірінде ерекше орын алады. Кез келген адамды дос деп бауырыңа тарта бермейсің анық. Дос саған қолдаушы болуы, жақсы іс-әрекетімен үлгі болуы керек. Менің өмірімдегі ең үлкен жеңістердің бірі – адал дос табуым еді. Сол достардың бірі де бірегейі, әрқашан алдыңғы қатарда үздік бола білген, көптеген жарыстарда жеңімпаз атанып, топ жарған Абдибай Алуа Бейбітқызы.

Әке атын жоғарыдан көрсетіп, ата-тегіне кір келтірмей, талпыныс пен ізденістің соңынан келе жатыр. Достық жолымызға екі жарым жылдай уақыт өтіпті. Әрі екеуміз бір мектепте оқыдық. Сол уақытта мен оны дос деп қана емес, адамгершілігі биік, әділ, шыншыл, жүрегі таза тұлға деп таныдым.

Бір кезде мен ұйымдастырған бір дебатта ол төреші болды. Дәлелді, жүйелі кері байланыс беріп, әділ баға бере білді. Сөз саптауы мен дауыс дикциясы өте ерекше еді. Содан бері дебат өткізсем, бірден Алуаны төреші етіп шақыратын едім. Сол дебаттан кейін ол менімен өз тәжірибесін бөлісіп, өзі қатысқан дебаттар мен қызықты тақырыптарды сөз етті.

Оның маған үлгі болған бір сөзі бар: «Адам мейірімді, жүрегі кең болғанынан ұялмауы керек, керісінше мақтануы керек. Бірақ сол кең жүрегіңді арам пиғылды адамның пайдалануына жол бермеу керек», – деді.

Мектеп өмірінің қай саласына болмасын: сахналық қойылым, дебат, парламент мүшелігі, әскери жарыстар, әдеби оқулар – бәрінде ізденімпаз  Алуа жүретін. Оның сол қайсарлығы, ізденімпаздығы өзінен кейінгілерге үлгі болды.

Кейін өзі үш жыл армандаған оқуына, педагогиканың қара шаңырағы – Абай атындағы  Қазақ Ұлттық университетке грантқа оқуға түсіп, әскери педагогиканы таңдады. Бүгінде мектепте оның есімі үлгілі шәкірттер қатарында аталып келеді.

Әрқашан достықта адал болып, өз артынан еріп келген іні-сіңлілеріне қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін аяған емес. Оған дәлел – өзі сияқты әскери жарыстарға қызыққан, талабы мен талпынысы бар серіктестеріне жол көрсетіп, жөн сілтеп, көп нәрсені үйретіп, олардың да жарыстардан жүлделі орын алуына себепкер болғаны еді.

Бүгінде өзі ұстаз болған ардақты буын достары өзі сияқты әскери педагогиканы таңдап отыр. «Жақсының аты өшпес, ғалымның хаты өшпес» деген осы болса керек. Өмірінің алғашқы тармағында-ақ көп нәрсені игеріп, көп нәрсені үйрете білді.

Үлкендерді сыйлап, ұстаздарына қолқанат бола білуі, өзгенің жетістігіне шынайы қуана білуі – оның көрген тәрбиесінің арқасы екені анық.

Дос әр ісімен үлгі, әр әрекетімен өнеге бола білсе, саған жақсылықты сіңіре білсе, ол – нағыз дос. Ондай достық адам жанын аздырмайды, керісінше алға қарай оздырады. Жақсы адаммен адал достық құруға әрқашан тырысыңыздар. Әрқашан тұлғасы таудай досты бағалай білу керек.

Ізденімпаз, адал адамның болашағы жарық, жолы нұрлы екені сөзсіз.

 СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы

«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының  Жас  тілшісі

Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

11 жасар оқушы IQ жағынан Эйнштейн мен Хокингті басып озды

Өз қабілеттеріңді қалай ашуға болады?

Журналистиканың қазіргі жаңа қызметтері