Балалық шағым, бал әнім!
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы
«Үшқоңыр жайлауында туып-өстім»
Қадірлі оқырман!
Көне дәуір кемеңгерлерінен бері қарай келе жатқан ғұламаларымыз, батыр бабаларымыз, данагөй апаларымыздың өзінен кейін бүгінгі бізге өлмейтұғын мұра қалдырғанын дәріптегенімізде, ең әуелі олардың балалық шақтары жайлы дерек іздейміз.
Даналарымыздың жүрегіне рух беріп, жолын нұрландырған ерекшелік – сонау бала кезден қалыптасқанына куә боламыз. Таңданамыз! Таңырқаймыз! Әр дана мен батырдың өмір жолынан өнеге алуға тырысамыз. Ұқсағымыз келеді. Олардың айтқан даналығын ұран етіп айтып, өсиетін ұрпақтарға дарытуға тырысамыз.
Біз айтқан ұлы даланың ұлы тұлғаларына тағзым ете отырып, Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалап, 30 жылдың ішінде елімізді әлемге таныта білген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы НАЗАРБАЕВ Нұрсұлтан Әбішұлы.
Нұрсұлтан аталарыңның да балалық шағы соғыстан кейіні жылдары өткенімен, қызыққа, әсерлі шаққа толы болған. Журналист, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралының «Президенттің балалық шағы» атты «Ердәулет» баспасынан 1995 жылы шыққан кітабындағы деректерден үзінділер ұсынамыз.
«Жер жаннаты Жетісудың жұмақ төскейі»
Сонау алыста зеңгір көкпен таласып, Еренқабырға асқақтайды. Көз ұшында біз де ару Алатаудың бір сілеміміз дегендей. Үшқоңырдың биіктері, Сәт жайлауына асырып тастайтын балапан төбелер кеуде керіп мен мұндалайды. Іргедегі Қаскелең тауынан бастау алып, қар суымен толысып, сан салаға бөліне еркелей ағатын Шамалған өзені, міне алдымызда жібек жіптей тартылып, айнадай жарқырап жатыр. Осы табиғаты тамылжыған өлкеде, жер жаннаты Жетісудің жұмақ төскейінде, Алматы – Ташкент тас жолы бойымен әрлі – берлі қатынаған жолаушылардың көңіл көзін еріксіз өзіне аударып бас – аяғы жинақы тұйықталған Шамалған ауылы оқшау тірлік кешуде.
Ата – балалар қаны – жанымен қорғалған қай қазақ жерінің тоқымдай бөлігінің болсын, соның ішінде осы бір кішкентай ауылдың да өзіндік елең еткізерлік үлкен тарихы бар. Шамалған ауылы ғасырға жуық өз тарихнамасында елді – мекендік құрылымның бірталай қиқыметтерін, жаңа заман тілімен термелегенде – үлгі – нұсқаларын бастан кешірген.
Иә, қазақ қазақ болғанда, жиырма бірінші ғасырға тұяқ іліктерген тұста, дербес мемлекеттік құқығын еншілегенде, тұңғыш Елбасын сайлап алып жатса, ал сол Елбасы туған, өскен, есейген орта қазақ халқы тарихындағы еңең бір зобалаң, ауыртпалықты кезеңді мөрлеп – таңбалап берсе, оның несі таңданыс, оның несі ақылға сыйымсыз?! Айтса айтқандай,«Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі Қаскелең тауларынан бастау алып, Қасқажол төбесі тұсында Қаскелең өзеніне келіп құятын Шамалған өзені бойында талай – талай шайқастар өткен. Соның бір жарқын куәсі ме дерсің, тап осы Шамалған ауылы тұрған жерде, 1729 жылы ұлы Абылай ханның үш ту ұстаушы батырларының бірі, әрі ең жасы – Шапырашты Наурызбай батыр Жетісу өңіріне 1723-1729 жылдары басқыншылықпен әмір – билігін жүргізген Жоңғар ханы Шамалды найзасымен шаншып өлтірген.
«Ауылдан асыға шығатынмын»
…Мені құлқын сәріден оятар еді, мен арбаға есек жегіп, жұмысшы қалашығындағы (қазір онда Қарғалы мәуіті – шұға комбинаты болған) ертеңгі сағат алтыда ашылатын дүкенге уақтылы жетіп үлгеру үшін ауылдан асыға шығатынмын. Шұбатылған ұзақ кезекке тұрамын. Егер алды – артымда тұрғандар тыныш болып, мені кезектен итеріп шығарып жібермесе, ұлы сәскеде нанға ілігемін. Қап – қара нан, салмақты, қолды сәл батырсаң, қабығында саусақтардың ізі қалатын. Үйге бірден он бөлке әкелу үшін кезеке екі, кейде үш қайтара тұратын едім. Мұндай нанды ұзақ сақтауға болмайды. Бөлкелерді турап – турап, кептіру үшін күн көзіне қоятынбыз. Бұл бәріміз үшін зор қуаныш болатын. Алайда анда – санда сиыр бұзаулағанда нағыз мейрамға кенелетінбіз.
Менің ата – бабаларым Алатау баурайында, қазір Алматы облысының Қаскелең (бүгін Қарасай ауданы деп аталады) ауданынының құрамына енетін Шамалған ауылында өмір сүрген. Бағзы заманнан бері қарай басқа да көптеген халықтар секілді қазақтар да балаларына фамилия етіп әкесінің ныспысын беретін болған. Біздің қай жерлер және жалпы Шығыста бүгінде осылай етіп жүр. Егер біздің әдет – ғұрпымыз қазіргі паспорт жүйесіне кереғер келмегенде мен Назарбаев емес, Әбішев болып жүрер едім.
Атам да, жалпы оның әулеті де, іс жүзінде далалық емес, таулықтар еді. Бұның өзі Қазақстан үшін мүлде тың құбылыс болатын. Олар таудағы жайлаудан етекке сирек түсетін. Тау шатқалдарын қыстап қалатын кездері де болатын. Бірақ Назарбай кенет дүние салғандаүйелмені ойға түсіп, отырықшылық өмірді бастауына тура келді. Ол менің әкемнің небары үшке толған кезі екен.
Кеудекере тыныстау дегеннің қандай бақыт екенін балалық шақтан бері білемін. Әкем колхозға кірсе де (басқа таңдайтын ештеме болған жоқ), тауда қалып, колхоз малын бақты. Қазақтар қой, қара мал барында жұтамайтынын ежелден –ақ білетін. Сол таудағы жайлауда мен дүниеге келіппін. Бұл 1940 жылы еді.
Сол жылы бізді бір қырсық шалыпты – қыстауда өрт шығыпты. Әкем өртті өшірем деп қатты күйіп қалыпты. Әсіресе қолы. Тәуіптердің әрекетінен қайран болмады, қолы икемге келмей, қатып — семе бастады. Бір жылдан кейін соғыс басталғанда оны сол себепті әскерге алмапты, әкеме «ақ билет» беріпті. Бірақ соғыстың ауыр сыны біздің шаңырағымызды да айналып өткен жоқ.
«Жұрт жеңісті тойлап жатты»
…Соғыстан кейінгі жылдары есімде жақсы сақталыпты. Ата – анаммен бірге етектегі Шамалғанға алғаш рет түскенбіз. Жұрт жеңісті тойлап жатты. Мұндай қара құрым халықты бұрын көрген емеспін. Көп жай анама да тосындау еді. Ол да балқарларды, шешендерді, немістерді, месхеттік түріктерді (ол кезде олар өздерін әзербайжандармыз дейтін еді) тұңғыш рет көріпті. Соғыстың сұрапыл жылдары біздің бір кездері тып – тыныш жатқан ауылымызға кімдерді жинамады десеңізші!
…Соғыстан кейінгі кезең қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың бас кезі. Анам колхоздан күтіп – баптауға бір гектар қызылша алады. Көктемнен бастап, алғашқы қар жауғанға дейін бір толастамайтын алып еңбек. Тұқым сепкеннен кейін ми қайнатқан ыстық аптап астында бел жазбай жүріп, осынау гектердағы егісті сиретіп, қолмен жұлуды көзге елестетіп көріңізші. Бұл ғұмыр бойы есте қалады. Ал ақырында қызылша тамырлап, піскен кезде оны үлкен пышақпен тазалап, тиеп өткізіп, содан соң Боралдай қант заводына апарып, бір жарым қапшық қант алу үшін колхоздан берілетін анықтамаға қол қойғызу керек. Еңбек күніңе алатының сол ғана, ал ақшалай соқыр тиын да төленбейтін.
Әкеметаудың қия бетіне бірнеше гектар бидай егіп, астығын колхозға өткізу тапсырылғаны есімде қалыпты. Бидай піскенде әжем екеуіміз оны қолмен орғанбыз. Түнделетіп айдың жарығымен ордық. Масақ бірыңғай, біркелкі жатуы үшін шалғыға тырма қосақталынатын. Бұндай ауыр жұмыста екі — үш сағат осылай жұмыс істегеннен кейін тұла бойың сіресіп, белің жан шыдатпастай сыздайтын еді. Біз орып, шешем баулап, қызылдау үшін колхоз орталығындағы қырманға апаратынбыз.
Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Егер оны ертеден түнге дейін еңбек етті десем, бәрібір бұл да жетімсіз соғып жатыр еді. Мен оның қай кезде ұйықтайтынын, немесе ештеңе істемей, құр тынығып отырған сәтін көрген емеспін. Бірде отын жарса, бірде томар қопаратын, енді бірде бірдеңе сату үшін базарға кетіп бара жататын. Ол дәулетті орыстардың қолында өскендіктен егін салуды жақсы білетін. Пәлендей білімі болмаса да, миуа ағаштарын будандастырудың кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын
Әкем өсірген ондай жемісті кейін еш жерден де көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын еді. Наурыз бен сәуірде оны базарға апарып, қымбаттырақ сатуға болатын. Бірақ басқа қиындықтар қоздап жататын: Шамалғаннан Алматыға дейін 45 шақырым, алма ат арбамен тасылатын, оны біреулердің жолай тонап кетуі де мүмкін еді.
«Ауыртпалықты аз да болса жеңілдетсем дейтінмін»
Ол кезде менің бір ғана нәрсеге ықыласым қатты ауды: тезірек еңбекке араласып, үй — ішіне түскен ауыртпалықты аз да болса жеңілдетсем дейтінмін. Өйткені, балалардың үлкені мен едім. Менен өзге үш бала болатын, оның үстіне әкемнің де, шешемнің де жиен қыздары бізбен тұратын. Әжеміз де бар еді, үйіміздің іргесінде әжемнің мылқау бауыры тұратын. Ол өзі бір ғажайып жан еді – денесі алпамсадай, орасан зор күш иесі болса да, адамдарға, айнала төңірегіндегілердің бәріне бірдей соншалықты нәзік сезіммен қарайтын мейірбан жан еді…
Оқып, білім алуға құштарлығым қаншалықты зор болғанмен де, бәрібір үй ішіне қолғабыс етсем деген сезім жеңе берді. Оның үстіне біздің ауылға келіп – кетіп жүрген студенттердің қайыршыдай күй кешіп, қатты қиналғанын көретінбіз. Ол кезде жарытымды стипендия деген болмайтын.
Әрине, кітап оқуымда ешқандай да белгілі бір жүйе жоқ еді. Мектеп кітапханасынан қолға түскендердің бәрін ала беретінмін. Менің бақытыма қарай, оның кітап қоры онша жұпыны болмай шықты. Пушкиннің, Лермонтовтың, Лев Толстойдың, Горькийдің, өзіміздің қазақ классиктері – Мүсреповттің, Мустафиннің, Әуезовтың, Мұқановтың көптеген туындыларын оқып шығуымның сәті түсті.
Әкем үлкен кісіні көрсең, танысаң да, танымасаң да ең алдымен сәлем бер деп өсиет айтудан жалықпайтын. «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бергенле үлкен кісілердің жүздері жадырап сала беретіні есімде. Бұған жауап беретін де, міндетті түрде: «Шырағым, кімнің баласысың?»- деп сұрар еді. Мынадай да әдет – ғұрып болатын. Егер ұзақ уақыт алыс сапарда болып, ауылға қайта оралсаң, өз үйіңе кірерден бұрын сол ауылдың ең үлкен тұрғынына сәлем беріп,батасын алу міндетті еді. Бәлкім, қазір мұның бәрі де біреулерге ұсақ – түйек, елеусіз нәрсе болып көрінер. Бірақ, ата-бабаларымыздан қалған мұндай әдет – ғұрыпқа жұрттың бәрі қашанда таң тұратын. Балалары ата дәстүрін сақтаса, оларды әрбір әке мақтан тұтатын…