«Биле, биле — 2025» аудандық бишілер байқауы

Би өнері — сымбаттылық, әсемдік пен сұлулық сыйлайтын өмір салты. Ол этика мен эстетикалық тәрбие ғана беріп қоймай, жанға да қуат береді. Сондықтан да ауданымыздың жас өнерпаздары өз бақтарын сынасын деп, 2025 жылдың 25 сәуірі күні «Биле, биле — 2025» байқауы өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың бойындағы шығармашылыққа деген талпыныстарын арттырып, олардың дамуына қолдау көрсету, би өнерінің кең ауқымда өрбуіне атсалысу. Ал міндеттеріне келетін болсақ, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып, ізгілік пен адамгершілікке баулу, ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттай отыра, оның өркендеуіне ықпал жасау болып табылады.
Байқауға Теректі-Бұлақ, Қалғұты, Аманат, Құйған, Ақсуат, Сарыөлең, Жолнұсқау, Қайыңды, Үшбұлақ ауылдары мен аудан орталығындағы №3 Күршім гимназиясы, Ю.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебі, Н.Островский атындағы №4 Күршім орта мектебі мен Күршім балалар музыка мектебінің би орындаушылары қатысты.
Би сайысында 1-топ яғни 7-10 жас аралығында 5 номер көрсетілді. Бұл топта Балықшы аудандық округінің Аманат ауылынан Индира Замзинаның жетекшілігімен келген Зере Жасұланқызы «Қара жорға» биімен 1-орын иегері атанды. 2-орынды Қалғұты аудандық округінің Қалғұты ауылынан Рашида Абдрахманованың жетекшілігімен келген Аяла Қазымбек «Өзбек» биімен, 3-орынды Құйған ауылдық округі Құйған ауылынан Айман Тащанованың жетекшілігімен келген Алдияр Ануарбек ұлымыз «Батыр» биімен және Балықшы ауылдық округінің Ақсуат ауылынан Доспанова Нұргүлдің жетекшілігімен келген 10 жасар Айшанур Зейнолла да «Үнді» биімен 3-орын иеленді. Бұл топтағы Бас жүлде Абай ауылдық округі Теректі-Бұлақ ауылынан Гуля Нурахметованың жетекшілігімен келген Еркежан Демеуғалиева «Батырлар» биіне бұйырды.
7-10 жас аралығындағы топ би орындаушыларын ойыссақ, бұл топта 4 номер көрсетілді. 3-орынды №4 орта мектебінің «Талантты қадамдар» тобының «Қуыршақ» биі алды. Жетекшісі — Құрманай Садуалиева. Қалғұты аудандық округінің Қалғұты ауылының Саягүл Сағиеваның жетекшілігіндегі «Кербез» тобы «Аралар биімен» 2-орын, Балықщы ауылдық округінің Аманат ауылынан келген «Еркеназ» тобы қазақтың «Бипыл» биімен 1-орын алды. Жетекшісі — Индира Замзина. Бас жүлдені №4 орта мектебінің «Бал бөбек» тобы «Бесік» биімен иеленді. Жетекшісі — Құрманай Садуалиева.
2 топта көрермендер 5 биді тамашалады. Мұнда Құйған ауылдық округінің Қайыңды ауылынан Айсезім Мұхаметқан «Қазақ биімен» 3-орын, Сарыөлең аудандық округінің Барақ батыр ауылынан келген Нұрсабетқызы Томирис «Нотки Парижа» биімен 2-орын алды. Бір қызығы, 11-14 жас аралығындағы жеке би номинациясы бойынша 2-орынды бірден 2 қызымыз жеңіпті. Сарыөлең ауылдық округінің Сарыөлең ауылынан келген Жадыра Советқан «Ақбаян» биімен 2-орын алды. Балықшы ауылдық округінің Жолнұсқау ауылынан Еркеназ Айтқызы «Тауыс» биімен 1-орын алды. 10-14 жас аралығындағы жеке би бойынша Бас жүлдені Маралды ауылдық округінің Үшбұлақ ауылынан келген Диляра Арманқызы «Қазақ биімен» жеңіп алды.
2-топ арасында топ би орындаушыларында 4 өнер көрсетілді. Балықшы ауылдық округінің Аманат ауылынан келген «Жайна» бишілер тобы «Шығыс сағымдары» биімен 3-орын алды. №4 орта мектебінің «Тұмар бишілер» тобы «Қазағым-ай» биімен 2-орын иеленді. Сарыөлең ауылдық округінің Сарыөлең ауылынан келеген «Малинки» тобы «ДО РЕ МИ» биімен жүлделі орын алды. Бас жүлдені Күршім балалар музыка мектебінің «Тұмар» тобы «Қамажай» биімен алды. Олардан алған сұхбат барысында сайысқа 1 аптадан аз уақыт аралығында дайындалғандарын айтты. Мүмкіндігінше намысты қолдан бермей орын алатындарына да сенімді екенін жеткізді. Жетекшілері — Еркін Меку.
3-топ 15-18 жас аралығындағы жеке би номинациясындағы өнерпаздар тек екеу болды. №3 Күршім гимназиясының 9-сынып оқушысы Сабиолла Жансая мектебінің шашбауын арқалап, «Жетіген» биімен 1-орын жүлдегері атанды. Бас жүлде иегері №4 орта мектебінен Еңлік Тұрсынова «Гармония ветра» биімен жеңіп алды. Жетекшісі Құрманай ханым мен өзінен алған сұхбат барысында бас жүлде алатынына еш күмәні болмағанын айтты. Өнерін көрсету барысында биязы әрі нәзік биледі.
15-18 жас аралығындағы топ биі байқауында да 2 топ өнер көрсетті. Күршім ауылдық округі Алғабас ауылының «Көзайым» бишілер тобы «Үнді» биімен 1- орын иеленді. Жарысқа 2 күн қалғанда дайындықтарын бастап, керемет нәтижеге жете білген. Сахна мәдениеті, қыздардың бірдей билеуі мен ерекше киімдері көрерменнің естерінде ұзаққа сақталатыны сөзсіз. Бас жүлдеге келетін болсақ, №4 орта мектебінен «Элита» тобы «Үнді» биін құдды бір үнді елінің адамдарының өздері сияқты билеп берді. Өнерлерінің артында көптеген дайындық пен еңбектің жатқаны сөзсіз.
«Биле, биле — 2025» сайысы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін толық ашып, би өнерінің әр алуан түрін көрсеткен кең көлемді шара болды. Әділқазы алқаларының әділ бағасы мен көрермендердің қолдауы әр орындаушыға өзін еркін ұстауға әрі танытуға, шабыты мен шеберлігін шыңдауға септігін тигізді. Осындай жарыстар жастарды дене тәрбиесіне тартуға, салауатты өмір салтында рухани ләззат табуға бағыттайды. Алдағы уақытта «Биле, биле» сайысының деңгейі одан әрі өсіп, би өнерінің жаңа ақ таңы болып аталатын жас дарындардың жолын ашатыны сөзсіз. Сондықтан би әлеміндегі бұл жарқын бастаманы қолдап, келесі жылы да белсенді қатысуға шақырамын.
ТӨЛЕУХАНОВ Нұрдана,
ШҚО, Күршім ауданы,
«№3 Күршім гимназиясының» 11 — сынып оқушысы